Өткелде ат ауыстырып не таптық?

14.06.2017, 19:27
Өткелде ат ауыстырып не таптық?

Қазақстан ұлттық құрамасы тағы да жеңілді. Өткелде ат ауыстырмайтын қазақ едік. Жарыстың қақ ортасында бапкер ауыстырып не болдық? Жоқ, бапкерді ауыстыратындай не басымызға күн туды? Шынайы көзқараспен қарайтын болсақ, топтан шығатын ешқандай мүмкіндік онсыз да жоқ еді ғой. Иә, біздің футбол мақсатсыз футбол...Ал кешегі ойынды неге жеңілдік?

1-тайм

Қазақ жазушылары секілді өз романдарын табиғатты 3 бет суреттеп бастайтындай-ақ, біздің құрама да әдеттегідей матчты жақсы бастады. Допты көп ұстап, майда пастар тастап, стандарттарға иек артты. Құрама командамыздағы алғашқы ойынын өткізген Георгий Жуков ортадан соққылар бағыттады. Екі соққысы да қақпаға дәл ұшпады. Бірақ, ол қақпаға соққы бағыттаудан еш ұялмады. Қорғаныс жақта Юрий Логвиненконың кейбір қателіктері адам шошытарлық еді. Елдос Ахметов екеуі үйлесімді жұп деуге келмейді екен. Байқап отырғанымыз сол еді, Иоргенсен 27-минутта гол соғып, күмәнімізді көз алдымызда ойнатты.

Енді осы ортада «Қайрат» сапында толық матч өткізіп көрмеген Георгий Жуков неге бірінші минуттан алаңға шықты деген ой келеді. Сосын әрқашан допты оң аяғынан сол аяғына ыңғайлап, қиналып жүрген Ғафуржан Сүйімбаевты оң қапталға шығарып, мазақ қылудың не керегі бар еді?! Бородюк бапкердің осы шешімдері анық қателік деп есептейміз. Сүйімбаев сүйікті сол қапталында ойнайын десе Шомко бар. Демек, екеуінің бірін қосалқы құрамда ұстау қажет. 43-минутта Бауыржан Исламханның қызыл қағазы байқаусызда болған, оқыс оқиға деп жылы жапқан күннің өзінде – түбі мұндай жағдайлар құрама ойыншыларына үлкен сабақ болуы керек. Әрине, біз үшін басқа-басқа емес Исламханның қуылғаны жанымызға қатты батты. Ортада ойқастап-ақ жүр еді...

2-тайм

50-минутта Логвиненконың айып алаңындағы іс-қимылы шарасыздықтың белгісі. Бұл матч Юраның әзірге біз көрген ең сүреңсіз ойыны. Қайта орталық қорғаушы болып енді ойысып жүрген Елдос Ахметов оның қасында нық, әрі сенімді жүрді. Тіпті, бізді таңқалдырғаны бұл екі ойыншы бұрыштама кезінде бір-біріне кедергі келтіргені. Алдын-ала ақылдасу, ымыраласу болмағаны ма? Мұндай оқиға екінші таймда Абзал Бейсебеков алаңға шыққанда тағы қайталанды-ау. Бородюктің Бейсебековті ортаға қойғаны дұрыс шешім дер едік. Стойлов та «Астанада» Абзалды кейде осылай ойнатады. Бойы бар, бірінші допты алуы, ортада иық қағыстыра алатыны бапкерлерге ұнайды. Оның алаңға шығуы ойын тәртібін жиі бұзса да, шабуыл тоқтатқыш Қуатқа көмек болды. Соның арқасы болар оның арқасы кеңіп, кей сәттерде шабуылға шықты. Және голды да салды. Алайда, Александр Гейнрихұлы қиналып біткен Ғафуржанды сол қапталға қою керек екеніне көзі жеткен кезде ойынның 67-минуты болып еді. Сүйімбаев солға келгенін қайтейік, Шомконыңн орнына Ян Вороговский енді. Бұғанағы қатпаған жас жігітті мұндай маңызды ойында алаңға енгізуі қисынға келіңкіремеді. Оның сол ойнаған 20-минутының ішінде жіберген қателерінің өзі айғақ. 81-минутта жас талант Каспер Дольберг гол соққан кезде Янның айдалада қалып кеткенін байқадық. Қарапайым позициялық қателік. Себебі, матч барысында жас футболшыға жылдам шешім қабылдау өте қиын.

Матчтан кейін...

Бәрін айт та бірін айт, Таңат Нөсербаев алаңнан алмасып шыққан кезде Бородюктің қолын алмай кеткені бір ойдан қылаң берді. Командадағы тәжірибиелі, сөз сөйлей алатын беделді футболшының бірі бапкерге риза емес. Демек, ұжым ішінде, футболшылар қатарында Бородюкпен ауызбіршілік жоқ деген сөз. Кей футболшылар байқауымызша әлі де Байсуфиновты сағынып жүргендей көрінді. Себебі, Талғат Маруанұлы бар кезде стандарттар өзгеше ойнатылып, пастар тура жетіп, командалық рух асқақтайтын. Армениямен ойында Малый алаңнан қуылды, бұл жолы Исламхан. Нөсербаев бапкердің қолын қыспады, қарапайым қателік жасамайтын Логвиненко сыр берді. Мұның барлығының астары бар. Бапкер ауыстыру керек кезде футболшылардың осылай қиқар көрсететін әдеті. Себебі, келесі іріктеуді аяқдопшыларымыз Бородюкпен бірге бастағылары келмейтіндей. Олармен ешкім санаспады. Байсуфиновты алып, орнына Бородюкті қоя салды. Ең бастысы Қазақстан футбол федерациясының басшылығы осы қателіктерін дер кезінде түсінсе екен.

P.S

«Орталық» стадиондағы ойын аяқталған сәтте Қайрат Нұртастың «Алматының түндері-ай, ұйқымды ұрлап сен алатындай» деген әні құлаққа шалынды...Қазақ жанкүйері ұзақ уақыт ұйқысыз жатады. 

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×