23 қыркүйектен бастап, UEFA ұйымы Израиль клубтары мен ойыншыларын барлық турнирден шеттетуі мүмкін.
2024 жылдың ақпанында таяу шығыстың біршама елдері Израильдің Палестинаға жасаған шабуылын айыптап, FIFA-дан шығару жайлы хат жолдаған еді. Енді еуропалық футбол ұйымы қатаң шешім қабылдауға өте жақын.
1948 жылдың мамырында ресми негізде құрылған Израиль мемлекеті 1954 жылы Азия қауымдыстығына мүше болған еді. Алайда 1967 жылы Израильдің араб елдерімен болған соғысы кері әсерін тигізіп, 1974 жылы 17:14 дауыс беру шешімі бойынша Азия қауымдастығынан шығарылды. Орналасқан жері Еуропаға жатпаса да, олар 1994 жылы UEFA-ға мүше болып кірді. Енді 30 жылдан астам уақыттан кейін саясаттың салқыны қайта тығырыққа тіреуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында да 2 Израиль футболшысы доп тебеді. Нақтырақ айтсақ, «Қайрат» клубында Офри Арад пен Дэн Глейзер шешуші ойыншылардың бірі саналады. Егер санкция қабылданса, алматылықтар Чемпиондар лигасындағы жарысын қалай жалғастырар екен?! Әзірше тек күтеміз...