Осы айда ҚПЛ өкілдерінің барлығы дерлік өздерінің оқу-жаттығу жиындарының аясындағы жолдастық кездесулерін өткізбек.
Бақылау бәсекелерінің географиясы сан-алуан екен. Қарсыластар арасында біраз чемпионаттардың командалары жүр. Соның ішіндегі назар аудартатын бір ерекшесі - мәскеудің «ЦСКА-сы». Ресейлік топ-клубпен жолығып, шеберлік байқасатын біздің 2023-жылғы чемпион «Ордабасы». Неге «әскерилерді» әлдеқандай қылып отырмыз ба? Мәселе мынада, мәкеулік ұжымның сапында Аббос Файзуллаев дейтін ерекше ойыншы бар. Көпшілік Әбдіқадыр Хусановтың артынан «әскерилер» клубының жүрегіне айналған осы жартылай қорғаушыны да еуропа асыруда. Файзуллаевқа үміткерлер қатарында «Монако» сияқты мықтылар да бар деседі. Нақтылық жоқ, бірақ алған бетінен таймаса, жақын арада чемпионат ауыстыратыны анық.
Өткен маусымда Ресей премьер-лигасының жаңалығы аталымын жеңген жас плеймейкердің шынымен-ақ болашағы зор. Жиырмадан енді асқан өреннің құрама деңгейіндегі нәтижелері де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, футболшы 2023-жылы ала шапанды ағайындылардың командасымен 20 жасқа дейінгі құрамалар арасындағы Азия Кубогін ұтты. Жасындай жарқылдаған жас жігіт сол турнирдің үздік ойыншысы атанып, жеке жетістіктері деген графадағы тізімін толықтыра түскен. «Пахтакор» түлегінің бұл тұрғыдағы табыстары толайым – дәл сол 2023-жылы сары құрлықтағы ең үздік жас аяқдопшы атағын қанжығасына бөктеріп әкетті. Өзбекстанның 2023-2024 жылдардағы үздік футболшысы.
Елдор Шомуродовтың Италия біріншілігінде доп теуіп жүргені биыл бірінші жыл емес, АПЛ-дің алпауытына ауысқан Хусанов мынау, бүгін-ертең дәл солай шуылдатайын деп тұрған Файзуллаевымыз мынау. Қысқасы, дәл осы қазір ала шапанды ағайындар жеке жетістіктері жөнінен Орта Азия былай тұрсын, орыс пен украинның өзін артқа тастап отыр. Енді осындай жарық жұлдыздары бар құраманың біртұтас команда ретінде толағай табыстарға жетіп, өздерін дәлелдеулері тиіс. Сонда, жаппай еуропаның, еуропаның болғанда да жай ортаңқол емес, топ-клубтарының жейдесін кимекші. Бұл жағынан жақсы мүмкіндік келесі жылы болатын Әлем біріншілігі. Өзбек құрамасы 2026-жылғы мундиальдан кәдімгідей дәмелі.
Ал оған дейін реті келсе 23-қаңтарда Әбу-Дабиде болатын «Ордабасы» мен «ЦСКА-ның» арасындағы бақылау кездесуін тамашалаңыздар. Аббостың ол ойында доп тебуі факт емес, десе де. Кім білсін, өзбекстандық таланттың бар ойы қақаған Мәскеуде емес шуақты Монакода шығар.
Біздің серіктес: FONBET