Өзбекстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Вадим Абрамов "Астана" клубымен арадағы сәтсіз келіссөздері мен миллион долларлық келісімшарттан не себепті бас тартқаны туралы ашық айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Тәжірибелі маман Вадим Абрамов "Финт Тураева” Youtube арнасына берген сұхбатында елордалық "Астана” клубындағы қысқа мерзімді жұмысы мен елді елең еткізген келісімшарттың жай-жапсарын баяндап берді.
Бапкердің айтуынша, елордалық клуб оған жылына миллион доллар көлемінде жалақы ұсынған. Алайда, қаржылай тиімді ұсынысқа қарамастан, Абрамовты команданың ішкі жағдайы шошытқан.
"Мен ол жерде бір апта болып, жағдайды бағамдадым. Маған өте жақсы келісімшарт ұсынды — сомасы миллион доллар еді. Бірақ менің алғашқы сұрағым: "Командада футболшы бар ма?” болды. Сөйтсем, клубта өз ойыншыларымыз жоқ екен, бәрі жалға алынғандар. Ал бізге қойылған талап — бірінші орын алу. Есі дұрыс адам мұндай жағдайда келісімшартқа қол қоя ма?" – дейді маман.
Абрамовтың жұмыстан бас тартуына тек құрамның әлсіздігі емес, клуб басшылығының біліксіздігі де себеп болған. Бапкер сол тұстағы директордың футболдан алыс адам болғанын айтады.
"Клуб директоры болып тағайындалған адам футболға мүлдем қатысы жоқ кісі екен. Кейін ол мұны өзі де сезіп, бір аптадан соң басқа қызметке ауысып кетті. Мені шақырған адам кетіп жатса, менің қалуымның мәні қалмады. Әрине, тек ақша үшін қол қойып, қалып қоюға болар еді, бірақ мен болашақты көрмедім.” — деп ағынан жарылды Абрамов.
Кәсіби себептерден бөлек, бапкердің шешіміне елорданың қатал ауа райы да әсер еткен көрінеді.
"Шынымды айтсам, ол кезде Астанада күн өте суық болды. Содан ба, Ташкентті қатты сағынып, үйге қайтқым келді.” – деп күлді ол.
Вадим Абрамов кейіннен бұл келісімшартқа қол қоймағанына өкінген сәттері болғанын жасырмады. Дегенмен, сол сәтте кәсіби ұстанымы мен ішкі түйсігі ақшадан жоғары тұрғанын жеткізді.