Рамазан Оразов тағы да шетел біріншілігін бағындырып көретін болды. Осы жолы Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы алыстағы Данияны таңдапты. Былтыр өз елінің кубогін еншілеген командамен биыл Еуропа лигасында өнер көрсетпек.
Оразовтың трансферінің мән-жайы толық ашылмай тұр. Әзірге футболшы мен «Силькеборгтің» үш жылға келісімшартқа отырғаны туралы ғана ақпарат бар. Қалған дүниенің барлығын алдағы уақытта біле жатармыз. Ол қатты маңызды да емес. Шын мәнінде маңызға ие дүние - Рамазан Дания чемпионатын бағындыра ала ма? Иә, топ-5 біріншііктің қатары емес, әрине. Біраз тәжірибе жиып қалған жартылай қорғаушының жаңа біріншілікте биіктен көрінетін барлық мүмкіндігі бар деп те сенеміз. Дегенмен, скандинавия елдерінің өзіндік ерекшеліктерге ие екені тағы бар. Ол жақтағы ауа райы факторі, жасанды төсеніш дегендей. Енді газон тұрғысында Рамазан үшін үлкен бір айырмашылық бола қоймас. ҚПЛ-дегі клубтардың басым бөлігі Даниядағыдай жасанды төсеніште ойнайды.
Скауттар бір жылдан бері зерттеп келген
Жаңа клубы қазақстандықты жақсы қарсы алғандай. Жанкүйерлердің әлем желідегі жазбалары да көңілден шығады. Команда басшылығы да жылы қабақ танытуда. «Ақтөбеде» доп тепкен футболшының ойынын бір жылдан бері бақылап жүрген көрінеді. Рамазан «Силькеборг» селекционерлерінің назарын сол Данияға қарсы эпикалық матчтан кейін аударса керек. Содан бері әбден зерттей келе осы жақында ресми ұсыныстарын да жасапты. Рамазан оны, әрине қабыл алған. Жалпы, бұл футболшының тәуекелге бел буатын бір жақсы қасиеті бар. Рамазан жаңа қадам жасаудан қорықпайды. Оны «Қайратта», кейін «Ақтөбеде» жүрген жерінен басқа біріншіліктерге жетелеген де осы қыры еді. «Зона комфорта» дейміз ғой. Содан шығуға жүрексінбейтін жігіт екен Рамазан. Енді соның жемісін жесе дейсің.
Рамазан Еуропа лигасында бақ сынайды
Отандасымыздың жаңа клубы жайлы не айтуға болады? «Силькеборг» Дания біріншілігінің ортаңқол ұжымы екен. Былтырғы бәсекеде жүлдеге іліне алмаған - тек алтыншы орын. Бірақ ел кубогі жолындағы жарыста топ жарған. Енді соның арқасында биыл еурожарысқа жолдама алып отыр. Рамазан Оразов ресми тек 1-шілдеден команда сапында жасыл алаңға шыға алады екен. «Силькеборг» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінен сайысқа түспек. Қазақстандық ойыншы жаңа ұжымына тез сіңісіп, жаңа біріншілікке бірден бауыр басып кетсе, еурододада өзін көрсетуге мүмкіндік алмақ. Ал оған еш күмәніміз жоқ. Мәселе, сол адаптация тұрғысында ғана болып тұр. Рамазан Оразов осыған дейін Ресейде, Латвияда және Словенияда доп теуіп көрді. Шетелдік ұжым, жаңа чемпионат таңық болмауы тиіс. Өзге ұжымға бейімделуде аз-маз тәжірибесі бар деген сөз. Сондықтан, қаншалықты спецификалық ерекшеліктері болса да, скандинавия футболына төселуі қиындықсыз өтеді деп есептейміз. Ақылды футболшы «Ақтөбеге» де керек еді. Қазақстандық команда да биыл ел намысын еурокубокте қорғамақ. Бірақ, Рамазанның кәсіби жетілуі үшін осындай шешімін дұрыс деп есептейміз. Қазақ футболының соңғы жылдар жүзіндегі талантты өкілінің «Силькеборгпен» шектелмейтіне сенгіміз келеді. Рамазан одан ары скауттар көзіне түсіп, жақсы бір чемпионаттың жақсы бір командасына барса дейміз. Футболшының соңғы екі-үш жылдағы басты мақсаты да сол болған сыңайлы: топ-чемпионатқа ауысу. Отандасымыз жаңа команда жейдесінде алғашқы сұхбатын да беріп үлгеріпті. Бағымды сынағым келді, өзімді шыңдағым келді депті. Дұрыс! Өзгелер осы Рамазаннан өнеге алса игі еді. Тәуекелге бел буып, қадам жасау жағынан жартылай қорғаушыға тек «браво» дейсің-ақ.
Біздің серіктес: FONBET