Патрик Рахмен: «Қайрат» турнирлік кестедегі позициясына қарамастан, әлдеқайда күшті команда»

25.11.2021, 15:42
Швейцариялық клуб плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шығып қойды.
Патрик Рахмен: «Қайрат» турнирлік кестедегі позициясына қарамастан, әлдеқайда күшті команда»

Швейцариялық «Базель» командасының бас бапкері Патрик Рахмен Конференция лигасының топтық кезеңінде алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін ойынға қатысты пікір білдірді.

– Базель мен Алматының арасы 5263 шақырым. Бұл осы Конференция лигасының топтық кезеңіне қатысушылар арасындағы ең ұзақ қашықтық. Сіздің командаңыздың жағдайы қалай? Барлығы ертең ойнауға дайын ба?

- Сапарымыз сәтті өтті. Бізді бұл жерде жылы қарсы алды. Бір ойыншыдан басқасының бәрі дайын. Жақында халықаралық үзіліс болды және менің ойымша, барлығы қазір ойнауға дайын.

- Командаңыз Конференция лигасының плей-офф кезеңіне шығып үлгерді. Осыған байланысты қарсыласты бағаламау секілді жағдайлар орын алмай ма? Өйткені бірінші ойынның алғашқы бөлігінде төрт гол соқтыңыздар, ал екінші таймда «Қайрат» жауап ретінде екі гол соға алды.

- Иә, Базельдегі бірінші матчтың соңғы 30 минуты ұнамады. Біз ойынды бақылауымыздан шығарып алдық. Ойынның алғашқы сағаты біз үшін жақсы нәтижемен өтті. Содан кейін бірнеше ауысым жасадық. Менің ойымша, алаңға шыққан ойыншылар футбол ойнағысы келді, бірақ олар командалық ойынды ұмытып кетті. Әрине, сол ойыннан кейін біз бәрін талқыладық.

- «Қайраттың» тәлімгері «Базельдің» Чемпиондар лигасының деңгейіндегі команда екенін айтты. Топтағы басқа командалармен салыстырғанда ойыншылар класындағы айырмашылықты өзіңіз сезесіз бе?

- Осы маусымда құрамға біраз өзгерістер енгіздік. Қазір бізде жаңа ойыншылар бар. Әрине, Чемпиондар лигасының деңгейіндегі команда болу үшін көп жаттығу керек. Конференция лигасында біз мүмкіндігінше алысқа шапқымыз келеді. «Қайрат» турнирлік кестедегі позициясына қарамастан, әлдеқайда күшті команда. «Қайраттың» «Карабахқа» қарсы екі ойынын да талдадық. Бұл ойындарда «Қайрат» қарсыласын жеңе алар еді.

– Білесіз бе, ертеңгі ойын Қазақстанда алғаш рет қоршаған ортаны қорғау аясында өтеді. Швейцарияда мұндай матчтар бола ма?

– Жоқ, мұндай акция туралы білмедік. Қазір пластик бөтелкелерді пайдаланбаймыз, оның орнына қайта пайдалануға болатын ыдыстар бар деп айта аламын.

– Бұған дейін «Қайраттың» мықты тұстарын айттыңыз, құпия болмаса, қарсыласыңыздың осал тұстарын айта аласыз ба?

– Мұны қарсылас команданың бапкері білуі керек деп ойлаймын (күлді).

- «Қайрат» өз алаңындағы матчтарда сенімді ойнайды. Осы маусымда «Црвена Звезда» мен «Маккабиді» жеңді. Ертеңгі матч Базельдегі ойыннан өзгеше бола ма?

- Біздің міндетіміз Конференция лигасының 1/8 финалына өту екенін өзіңіз де түсінесіз. «Қайрат» та бізбен Базельде ойнау үшін ұзақ жол жүрді. Бұл кездесуде жеңіске жету үшін «Қайратта» мүмкіндіктер көп. 

- «Қайрат» үш орталық қорғаушымен ойнайды. Ертең біз шабуыл және қорғаныс футболының текетіресін көреміз деп айта аламыз ба?

- Біз кез келген жағдайға дайындаламыз. «Қайрат» жеңіске жету үшін шабуылға иек артатынын түсінеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×