Пеленің мыңыншы голы. Видео

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
26.04.2020, 14:22
Сол жылы қазақ жерінен «Алтын адам» табылған еді.
Пеленің мыңыншы голы. Видео

Сайтымыздың бетінде біз өткен жолы «Футбол патшасы кім?» деген мақала жарияладық. Пікірлер әлбетте де екі түрлі болды. Пелені жақтағандар да, даттағандар да табылды. Осы бір орайда біз өткенге үңіліп, Пеленің өмірінің бір жарқын сәтін алдарыңызға әкелсек деп шештік. Яғни, Эдсен Арантис ду Насиментудың мыңыншы голы жайлы баяндасақ.

1969 жылы Пеле 2 дүркін Әлем чемпионы болатын. 1970 жылы Мексикадағы Әлем чемпионатына дайындалып жүрген кезі. Осы оқиғаға дейін статистиктер Пеленің голдарының санын әртүрлі қылып айтып жүрді. Осы тұста Пеленің өзі оларға бір сөз айтып, барлықтарың ортақ шешімге келіңіздер, мен мыңыншы голымды қашан соғатынымды біліп жүрейін деп үндеу тастады. Сосын Бразилиядағы статисттер бір шешімге келді.

Пеле гол соғуын одан әрі жалғастыра берді. Бірақ, мыңға жақындай берген сайын ол қобалжи бастады. «Сантостың» әр ойыны күллі Бразилия назарында еді. Стадионға ойын сайын көп жанкүйер келе бастады. Фанаттар сол бір тарихи сәтті көргісі келіп Пеледен осы ойында мыңыншы голыңды сал деп талап ете бастады. Болжамшылар 1000-шы гол қараша айында соғылады деп сәуегейлік танытты. Алайда, қарашаның соңына таман Пеледе 996 гол ғана болды. 

9 қараша. «Сантос» «Сан-Паулумен» кездесейін деп жатты. Пелеге үш гол керек. Бірақ, бұл ойында ол қарсылас қақпасын дәл көздей алмады. Келесі ойында «Сантос» Жуан-Песоа қаласының «Ботафого» клубымен кездесті. Пеле бұл ойында екі доп соқты. Міне, осы кезде жанкүйерлер мыңыншы голды көреміз деп алақандарын ысқылап отырды. Бірақ... «Сантос» қақпашысы жарақат алып, алаңнан кетеді де оның орнына Пеле тұрады! Иә, Пеле негізі спорттық ғұмырында бірнеше мәрте қақпаға да тұрған. Оның қақпаны қорғауға да икемі болған. Осыдан кейін талантты адам демей гөр.

16 қараша. Бұл күні Пеленің командасы Сальвадор қаласында «Байя» деген командамен кездесті. Матч 1:1 тең аяқталды. «Сантос» сапынан жалғыз голды Жаир соқты. Пеленің баспен соққан добы қақпа маңдайшасына тиіп кейін серпілгеннен кейін Жаир жай соққымен гол салды. Сальвадор қаласы осы ойыннан кейін отшашу жасауға дайын тұр еді. Болмады.

19-қараша. «Сантос» атақты «Маракана» стадионында «Васко да Гама» командасымен кездеседі. Қауіпті сәт орын алып, Пелеге кетіп бара жатқан пасты қайтарған қорғаушы Рене өз қақпасына гол салып алады. «Пеле соққанша өзім соғайын» деді ме, кім білсін? Ал ойын аяқталуға 13-минут қалғанда төреші айып алаңының ішінде тәртіп бұзылды деп пенальти белгілейді. Трибунадағылар «Пеле! Пеле!» деп айқайлай жөнелді.

Шабуылшы кейіннен өзі мойындады. Тура осы тұста ол қатты қобалжып, аяғының дірілдегенін сезіпті. Оның үстіне «Васко да Гама» қақпасында 30-жасар тәжірибиелі аргентиналық қақпашы Эдгардо Андрада тұрды. Ол да өзінің бабында жүрген әккі қақпашы еді. Андраданың пенальти тосқыш өнері де болған. Содан кейін шығар оның лақап аты «мысық» болатын. Пеле сілтідей тынып, сәл алға жүгіріп, ұмтылды да... мыңыншы голын салды.

«Мен әрине мыңыншы голымды пенальтиден соғамын деп ойламадым» - деп жазады ол кейін өзінің кітабында. «Бірақ, сол тұста мен мұндай жағдайға да келісіп тұрдым. Трибунаның айқайы жауып тұрған жаңбырды тоқтатып тастағандай болды. Қақпаның артындағы фотокорреспонденттер маған атыла жөнелді. Сосын полицияға мән бермеген мыңдаған жанкүйердің құшағында қалдым. Біреулер иығына отырғызып мені көтере жөнелді. Осы тұста көз жасыма да ерік бердім».

Бақыттан басы айналған Пеле трибуналарды айналып бір жүгіріп шықты да, ФИФА қызметкерінен марапат алды. Сосын оны қосалқы құрам ойыншысы алмастырады. Ал Пеленің соққан голының арқасында «Сантос» 2:1 есебімен жеңеді. Бірақ, ол ойынның нәтижесі ешкімге де керек болмай қалып еді. Бразилияда 1000 гол соққан футболшы шыққаны күллі елді шаттыққа бөледі. Әр жерде тойлау, салют ату басталып та кетті.

Ал кейін Андрада бір сұқбатында былай депті. «Мен негізі сол пенальтиді тосып алғым келді. Алайда, «Васко да Гаманың» жанкүйерлерінің өзі маған қарсы болды. Пеленің мыңыншы голын жіберген қақпашы деген атқа қалғым келген жоқ». Кейіннен Андрада Аргентинадағы әскери диктатураға жұмыс істеп, тыңшы қызметінде болады. Ол 2019 жылдың қыркүйегінде 80-ге қараған жасында дүниеден озды.

Пеле 1000 добын естелікке алып қалғаны белгілі еді. Кейіннен ол осы добын Сан-Паулудағы зағип балалар мектебіне табыстайды. Ал олар бірнеше жылдан соң оны аукционға қойып сатып, қаржысын пайдаланады. Допты бизнесмен Роберт Жустус 22,4 мың долларға сатып алыпты.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×