Манчестер Сити командасының бас бапкері Пеп Гвардиола Палестинадағы жағдайға қатысты тағы да ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, әлемдік қауымдастық онда болып жатқан қантөгіске көз жұма қарап отыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Гвардиола RAC1 радиосына берген сұхбатында былай деді:
"Палестинаны әлем тастап кетті. Біз сол халықтың еш кінәсі жоқ екенін біле тұра, қолымыздан келетінді жасамадық. Адамдар тек сол жерде туғаны үшін ғана қырылып жатыр. Мұны ақтап алатындай ешқандай дәлел жоқ." — деп кесіп айтты.
Ол қазіргі әлем басшыларына деген сенімінің төмендегенін де жасырмады:
"Билікке жармасу үшін бәріне баратын саясаткерлерге сенімім аз. Олар үшін адам өмірінің құны жоқ болып бара жатыр." – деді бапкер.
Гвардиола алдағы Палестина – Каталония жолдастық матчының өткізілуін ерекше қолдап отыр. Бұл ойынның басты мақсаты — Палестина халқына моральдық қолдау көрсету және әлем назарын қайта аудару. Матчқа 27 мыңнан астам билет сатылды.
Осыған дейін Палестина құрамасы Баск еліне қарсы Сан-Мамес стадионында ойнап, 50 мың жанкүйердің қолдауына ие болған еді.
Гвардиола бұл кездесулерді жай ғана футбол емес, әділдік үшін жасалған үндеу деп бағалады.
"Бұл тек символдық матч емес. Бүгінгі заманда бәрі көз алдымызда өтіп жатыр. Палестиналықтар әлемнің бір бөлігі оларға жанашырлық танытып жатқанын сезінуі керек.” – дейді ол.