Петровичсіз қалған «Тараз» топ жара ала ма?

15.05.2013, 21:35
Петровичсіз қалған «Тараз» топ жара ала ма?

Елімізде делебені қоздыратын доп додасының алғашқы кезеңінің бірінші айналымы аяқталды. 11 турды артқа тастаға аяқдоп шеберлері аздап алқынып қалды десек артық айтқандық бола қоймас. Десе де, біріншілік фавориттері мен аутсайдерлері мыналар деп айтатын теңбіл доп ұжымын көріп отырған жоқпыз. Барлық команда сайдың тасындай іріктелген сақа спортшылармен күшейген. Жүлде – санаулы. Үміткерлер – жетерлік.

«Тараз» біріншілік басында ұпайдан шашау шығармай, қарсы келген команданы алып та, шалып та жыққан. Әу баста «Атырауды» ойсырата ұтып, сол екпінмен турнир кестесінде топ бастаған. Алайда алғашқы айналымның бел ортасынан ауа бере білгенінен жаңыла бастады. Жүлде жолында айқасатын басты қарсыластары – «Шахтер», «Ақтөбе» және «Ертістен» жеңіліп, жанкүйерлердің еңсесі басылып қалды. Тіпті, турнир кестесінің ең төменгі сатысанан көтерілуге қауқары жетпей, қаржылай қиындықтардың құрсауынан құтыла алмай келе жатқан «Жетісудан» да өз алаңында айласын асыра алмады. Облыс басшылығы былтыр команданың көрсеткен көрсеткішін ескеріп, биыл жүлдеге ілінуді мақсат еткен болатын. Былтырғы қарқыннан таймай, одан ары үдете түссе Еуропа додаларына қатысу құқығына ие болатынын ескеріп, орталық стадионды УЕФА стандартына сай етіп жабдықдау жұмыстарын бастап кеткен. Биылғы маусымның соңына дейін стадионның төбесі жартылай жабылмақ.  Ал команданың сиқы мынау. Соңғы турлары «сұйылып» барады.

 Соңғы төрт кездесуден мүмкін болған 12 ұпайдың тек біреуін ғана еншілеген жерлестеріміз енді серб бапкерінсіз жарысты жалғастыратын болды.  Мамыр айының 14-ші жұлдызында облыстың спорт саласының тізгінін ұстағандар тоқсаныншы жылдардың бас кезінде «Црвена Звезда» командасын чемпиондар лигасының жеңімпазы еткен даңқты бапкер, «Тараздың» тізгінін ұстамас бұрын талай клубтар құда түсіп ала алмаған Любомир Петровичті уақытынан бұрын қызметінен босатты. Әзірге команданы 2004 жылғы футбол маусымында «Тараз» сапында Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанған, жерлесіміз Нұрмат Мырзабаев уақытша жаттықтыратын болды. Тәжірибесі серб маманымен салыстыруға келмейтін Мырзабаевтың команданы қай пұшпақтан шығарарын уақыт көрсетер. Дегенмен біріншіліктің шымылдығы жабылар күнге әлі ертерек. Біраз уақыт бар. Ал біз спорт тақырында қалам сілтеп жүрген әріптестерімізден «Тараздың» алдағы аяқ алысы жайлы пікірін біліп, биыл топ жара ала ма?», – деген сауал қойған едік.
Абай Отар, «Нұр Астана» газетінің спорт шолушысы:

Меніңше, биыл «Тараздың» топ бастауы екіталай. Бастапқы бес турдан кейін «Тараздың» аяқ алысына қарап қуанып қалған едім. Алайда соңғы турларда тараздықтардың ойыны қожырап кетті. Басында үмітпен қатар, күдік те болған. Әдетте ортаңқол командалар жарысты ширақ бастап, турнирдің ортасына келе болдырып қалады ғой. «Тараз» да сондай болмаса екен деп едім. Өкінішке қарай, қазіргі жағдай «Тараздың» чемпион атануына әлі ерте екендігін көрсетеді. Любомир Петровичтің кезінде «Тараздың» ойынына қан жүгіргені рас. Бірақ әлі де клубқа бірнәрсе жетіспейтін секілді. Бәлкім, командалық рух төмен бе, шешуші сәттерде жеңіліп қалып жатыр. Немесе чемпионат барысында ротация жасайтындай «Тараздың» қосалқы құрамы жоқ. Бар болса да деңгейі төмен. Біріншілік ортасынан ауған тұста әлсіздік танытудың себебі осында деп ойлаймын.

 
Руслан Меделбек, «Аламан» ұлттық спорт порталының шеф-редакторы:

«Тараз» командасының биылғы маусымда алғашқы үштікке енуі қиын. Былтырғы жетістігін қайталауының өзі мұң. Себебі ішкі біріншілікте қазір бәсекелестікке төтеп беретін «Қайрат», «Астана», «Шахтер», «Ақтөбе», «Ордабасы» бар. Сондықтан осы алтыншы орнын сақтап қалса да жақсы. Өкініштісі, команда бас бапкерсіз қалды. Бұл да клубқа біраз әсер етуі мүмкін. Бапкердің жұмысын сынай алмаймын. Себебі, «Таразға» бұрын бағынбаған төртінші сатыға жеткізген осы Любомир еді ғой. «Таразда» жақсы ойыншылар бар, бірақ олардың күші көрінер емес. Меніңше, бұл клубтың ойын жүйесін қалпына келтіру керек. Жаңа келер бапкердің команданы қаншалықты биікке көтере алатынын көрейік.

 
Ермұхамед Мәулен, «Қазақстан» ұлттық арнасының спорт комментаторы:
«Тараз» футбол клубы биылғы біріншілікті жаман бастады деп ойламаймын. Барлығы бәз қалпында. Өткен жылғы ойынға қарағанда команданың ойын деңгейі сәл де болса өскен. Дегенмен, бас бапкерді орнынан алып тастау, менің жеке пікірім бойынша – дұрыс емес. Петровичтей білікті, әрі тәжірибелі бапкерді табу қиын. Десе де, «Тараз» алғашқы алтылыққа еніп, қалған бәсекені екінші айналымда жалғастыруға шамасы жететін ұжым. Командаға тағы да гол соға білетін, жақсы деңгейдің бір шабуылшысы керек секілді. Биылғы маусымда «Тараз» топ жармаса да, Еуропа лигасында өнер көрсетуге құқық беретін жолдамаға ие болады деп сенемін.  
Нұрғазы Сасаев, «Алаш Айнасы» газеті спорт бөлімінің редакторы:
Тараз топырағынан талай талантты футболшы түлеп ұшты. Тараз топырағы талай тарланбоздың тұсауын кесті. Алайда соңғы жылдары «Тараз» футбол клубының тасы өрге домалай қоймады. Қалтасы жұқа болды ма, құрылтайшысы қоңды болды ма, әйтеуір кежегесі кейін тартып, бірінші топқа түсіп қалған кезі де болды. Содан былтыр шежіресі мол клубтың тізгіні төрткүл дүниеге танымал Любомир Петрович ақсақалға тапсырылды. Серб маманы шынымен де білікті бапкер екен. «Таразды» түлетті. Ойын өрнегін жетілдіріп, аузын айға білеген айбынды командалармен тайталасатын деңгейге жеткізді. Биылғы маусымды да сәтті бастап, көш басында ойқастаған кездері болды. Құрамын Мануэль Куртодай бесаспап футболшымен нығайтып, ел чемпионатының көрігін қыздырды. Бірақ соңғы турларда басты бәсекелестерінен ұтылып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Тіпті көш соңында ілбіген «Жетісу» клубын ұта алмай, пұшайман болды. Бұл әр командада болатын уақытша құбылыс болуы мүмкін. Өйткені «Тараз» футболшылары маусым басында спорттық баптарында болды. Бірінші айналымның аяғына қарай, аяқтарына жем түскендей кібіртіктеп қалды. Үзілістен кейін қайта көсіле сілтер ме еді?! Енді бәрі кеш. Петрович ақсақал қызметінен босатылыпты. Бір жылдың ішінде жеңіске деген арандары ашыла түскен бе, «Тараз» басшылары білікті бапкерін орнынан қағып тастапты. Қазекем «семіздікті қой ғана көтереді» деуші еді, бұл шешім сол «семіздіктің» кері болмаса жақсы… «Топ жара ма?» дегенге келер болсақ, ол бапкердің орнына кім келеді, соған байланысты болады. Десек те, «Тараз» биыл топ жарады дегенге сену қиын. Асуда «ат» айырбастағандардың бәйгеде бірінші келгенін көрген жоқпыз. Тараз таланттар түлеткен киелі мекен. Иісі қазаққа мансап қуып, чемпион болғаннан гөрі, жыл сайын Бауыржан Исламхандай бір дарынды сылап отырғаны пайдалы еді… Р.S: Кей мамандар біріншілікте үздік үштікке ілінуден гөрі Кубокты жеңу жеңілірек дегенді алға тартады. Иә, отыз екі тур бойы өзінің мықтылығын көрсетіп, сес көрсеткендердің аптығын басу оңай емес. Ал айналдырған алты кездесуге тыңғылықты дайындалып, жеңіске жетіп отырса, Кубокты еншілеу әлдеқайда жеңіл, әрі ойға қонымды. «Тараз» ол алтының екеуін артқа тастады. Төрт кездесуде білгенінен жаңылмаса, Еурододаға есік ашық. Нұржан ТУҒАНБАЙ, Тараз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×