Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде қазақтың 20 жастағы футболшысы Хорватия жеткіншіктерінің қақпасының торын тулатқан болатын. Қазақстан құрамасының әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде соғылған әзірге жалғыз голдың авторы – Ерлан Оразаев.
Ерлан Оразаев пен Әлихан Аққазыновты кезінде футбол мамандары болашақ қазақтың «Сегізбаевы» деген екен. Бірақ, қос футболшы да өздерінің барлық мүмкіндіктерін жасыл алаңда толық көрсете алмады. Басты себеп: футболшылардың қас жауы болып табылатын жарақат еді. Әйтпесе, жасыл алаңда ойнақ салған қос таланттың алар асуы алда болатын.
Ерлан Алматы қаласында футбол мектебінде «Қайраттың» танымал футболшыларының бірі, елімізге белгілі бапкер Евгений Кузнецовтан тәлім алды. Бұл бапкер талай футболшының томағасын сыпырған әккі маман. Кейіннен осы маманның қарамағында Ерланмен бірге жаттыққан 1978-1979 жылдардағы футболшылардың көпшілігі Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысты. Ерлан спорт мектебін тәмамдаған соң, 1997 жылы «Қайраттың» қосалқы құрамына алынады. Сол кезде Оразаевпен бірге танымал футболшы Дмитрий Бяков та карьерасын алматылық команданың екінші құрамында ойнаудан бастайды. Бұл кезде Ерланның жасы 18-де болатын. Талантты жас шабуылшы өте нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, футбол мамандарының назарын аудартады. Осыдан соң, қазақ футболының флагманы саналатын «Қайрат» командасының негізгі құрамына іліге бастайды. Ал Ерлан Оразаевтың есімі 1999 жылы өте танымал болды. Осындай футболшының бар екенін Қазақстан ғана емес, әлем білді десек, артық айтқанымыз емес. Владимир Фомичев жасақтаған команда алдымен жастар арасындағы Азияның іріктеу ойындарына қатысты. Мамырдың 24-29 аралығында Шри-Ланканың Канди қаласында өткен алғашқы сында жерлестеріміз мүдiрмей, келесi кезеңге шықты. Қазақстан жеткіншіктері мен қатар сол топта Шри-Ланка, Бангладеш және Тәжiкстан командалары болды. Соңғысын 5:0 есебiмен тас-талқан етiп ұтса, одан кейiн алаң иесi – Шри-Ланканы 1:0 есебiмен тiзерлетті. Үшiншi ойында 2:3 есебiмен Бангладешке жеңiлсе де топтағы бiрiншi орнын сақтап қалды. Жастарымыз Бангладешті артқа тастап, әлем біріншілігіне жолдама беретін екінші кезеңнің іріктеу сындарына қатысты. Бұл кезең бiз үшiн ең қиын да ең ауыр ойындарға толы болды. Қазақстан футболында бұрын-соңды мұндай жетiстiкке жеткен ешкiм жоқ екенiн бас бапкер Владимир Фомичев шәкірттеріне ұқтырумен болды. Таиландтың Чиангмай қаласында болған матчтарда бiздiң қарсыластарымыз Үндiстан, Кувейт, Таиланд және Сауд Арабиясы құрама командалары еді. Үндiстан мен Кувейттi ұтып, Таиландпен тең түстiк. Сауд Арабиясына қарсы ойында Ерлан 12-минутта гол соғып, команданы алға шығарды. Бiрақ олар 90-минутта екiншi голдарын салып, жеңiске жеттi. Әйтпегенде кем дегенде 1 ұпай қоржында тұрған. Жастарымыз ең бастысы, екiншi орынға қол жеткiзiп, әлем бiрiншiлiгiне берiлетiн жолдаманы ұтып алды. Осыдан соң, Азия құрлығындағы төрт үздiк құрама команда медальдарды сарапқа салуға көштi. Қазақстан құрамасы мен Корея кездесті. Ойын барысында 2:0 есебiмен ұтып жатқан Фомичев шәкірттері 83 және 90-минуттарда гол жіберіп алды. «Соңғы минуттар синдромы» осы кезде басталған болатын. Негізгі уақытта тең түскен қос қарсылас пенальти сериясына жүгінді. Футбол «лотореясында» 3:4 есебiмен кәрiстерге есе жібердік. Әйтпегенде, бiз кем дегенде Азия құрлығында жастар арасында күміске қол жеткізер едік. Сол 1998 жыл бiз үшiн табысты өттi десек, артық емес. Азиядағы төрттік құрамына кірген жастарымыз 1999 жылғы Нигерияда өткен әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне қатысты. Бұл жылдар қазақ футболының өтпелі кезеңі еді. Елдегі экономикалық жағдай әлі жақсара қоймаған. Футболшылардың осындай біріншілікке тыңғылықты дайындалуларына қолайлы жағдай жасалмады. Чемпионат алдында қарымды қарсыластармен ешқандай жолдастық кездесудер ұйымдастырмады. Әйткенмен жастарымыз жігерлерін түсірмей, қара құрлықтағы біріншілікке аттанды. Қазақстан құрамасы жеребе бойынша «В» тобына түсіп, Аргентина, Гана, Хорватия сияқты үш құрлықтың мемлекетіне қарсылас атанды. Владимир Фомичев жасақтаған команданың сапында 18 жастағы қақпашы Давид Лория, Игорь Солошенко, Әли Әлиев, Андрей Травин, Айдар Күмісбеков, Әлихан Аққазынов, Мұрат Динаев, Евгений Тарасов сияқты футболшылар болды. Алдымен жерлестеріміз Аргентина құрамасымен кездесті. Бұл ойында қазіргі «Интердің» жұлдызды футболшысы Эстебан Камбьяссоның соққан жалғыз добы Марадонаның отандастарына жеңіс сыйлады. Келесі ойын Хорватия жастарымен өтті. Хорваттар Давид Лорияның қақпасына бес доп соқса да, бұл кездесу біз үшін шынымен тарихи матч болды. Олай дейтін себебіміз, біз сөз етіп отырған Ерлан Оразаев Стип Плетикоса қорғаған қақпаны 67-минутта 30 метрдей жерден дәл көздеді. Бұл гол біздің әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде соққан әзірге жалғыз добымыз. Соңғы үшінші турда Гана футболшыларына 3:0 есебімен ұтылып, топта соңғы орында қалып қойдық. Әйткенмен бұл жетістікке де кейінгі толқын футболшылары жете алар емес... Сол жолғы әлем біріншілігінде Испания жастары тұңғыш рет чемпион атанса, Мали құрамасының футболшысы Сейду Кейта турнирдің «ең үздік футболшысы» атанды. Қарап отырсаңыздар, сол турнирге қатысқан қаншама жас футболшылар кейіннен әлем футболының жұлдызына айналған. Осы әлем біріншілігінен кейін ол елге оралып, «Қайрат», «Жетісу», «Каспий», «Цесна», «Алматы» командаларында өнер көрсетті. 2003 жылы Бірінші лигада 20 доп соғып, үздік сұрмерген атанды. Бұл жерде Жоғары лиганың командаларында ойнауына оның жарақаты мүмкіндік бере қоймады. Тек 2004 жылы жарақатынан айыққан соң «Алматы» командасының капитаны болды. Екі жыл осы команда сапында капитандық міндетті абыройлы атқарды. Эдгар Гесс, Игорь Романов, Антониус Йоор сияқты бапкерлер Ерланның тәжірибесі мен шеберлігіне сенім артты. Бірақ, ескі жарақат бәрібір сыр берді. Бұл жолы теңбіл доппен мәңгілікке қоштасты. Жоғарыда айтқан Әлихан Аққазыновқа да 2000-2002 жылдар аралығында жалпы есебі 5 ауыр ота жасалды. Қос футболшымыз осылайша жарақаттың кесірінен еркін көсіліп ойнап, карьераларын сәтті жалғастыра алмады.Бек Төлеуов, «Sport»
Біздің серіктес: FONBET