Клубқа алғаш келген кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
- Жоқ, ешқандай қиыншылық болған жоқ. Мен бес елде тоғыз клубта жұмыс істедім. Олардың арасында «Астана» қызметкерлер штаты ең үздік деп айта аламын. Кәсіби кеңсе қызметкерлері мен жаттықтырушылар штабы бар. «Астананың» бес жылдан бері Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Еурокубокта табысқа кенеліп жүргені де осыған байланысты. Осы штатты сақтап қалу маңызды, менің міндетім оларды одан сайын күшті ұжымға айналдыру.
Сіз жұмыс істеген осы бес айға қысқаша қорытынды жасап көрсеңіз, жұмыс барысына қандай өзгеріс енгізіп үлгердіңіз?
- Команда бес жыл бойы чемпионатта топ жарып, жетістікке жетіп жүрсе, қандай да бір революция жасау қажет емес деп ойлаймын. Мұндай жағдайда үлкен өзгерістің қажеті жоқ. Ары қарай дамуды ойлау керек. Осы бес айда командадағы проблемалармен жақын танысып шықтым. Енді шешу жолдарын қарастырамыз. Сондықтан бес айда үлкен өзгеріс енгіздім деп айта алмаймын. Қазір команда үшін ең маңыздысы – Еурокубок қарсаңындағы трансферлік кезең болмақ.
Соңғы нәтижелерге қарап, команданың қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?
- Сіздің бұл сұрағыңыз орынды. Нені меңзеп тұрғаныңызды түсіндім. Кез-келген команда маусым сайын бір деңгейде ойнай алмайды. Әр клубтың өз уақыты болады, нәтижесі төмендейді, сосын қайта көтеріледі. Мысалы, әлемдегі ең мықты команда «Манчестер Ситиді» қараңыз. Желтоқсанда «Лестер», «Кристал Пэлас» және тағы бір командадан жеңіліп қалды. Дәл осы кезеңде команда қиын жағдайды басынан кешті. Бірақ «Манчестер Ситидің» әр позиция бойынша екі мықты ойыншысы бар. Ал, «Астанада» мұндай кең құрам жоқ. Сондықтан командамыз маусымды жақсы бастады. Кейін тұрақты алаңға шығып жүрген футболшыларда проблема пайда болды. Біздің екі үздік ойыншымыз – Иван Маевский мен Марин Аничич барлық матчтарға қатысты. Оларды алмастыратын, деңгейі қарайлас футболшылар жоқ. Нәтижеге әсер еткен мәселенің бірі осы. Сондықтан менің міндетім клубқа біліктілігі жоғары бірнеше футболшы алуға көмектесу болмақ. Олар команданың маусым соңына дейін күші сарқылып қалмауына септігін тигізуі тиіс.
Жуырда команданы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі күтіп тұр. Клубқа қандай тапсырма жүктелді?
- "Кәртамыс" құрлықтағы кез-келген команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнағысы келеді. Бұл біздің де мақсатымыз, арманымыз. Сәтін салса оны орындауға да тырысамыз. Егер Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықсақ – ол да өте жақсы жетістік болады. Демек, ең басты мақсатымыз – Чемпиондар лигасының топтық кезеңі, екіншісі Еуропа лигасының топтық кезеңі деп айтуға болады. Алдыңғы биіктен түспеуіміз керек.
Сырт көзге Қазақстан футболының дамуы үшін не істелуі керек деп ойлайсыз?
- Мен өзімнің жеке ойымды айтайын. Сіздер легионерлерге шектеуді алып тастау керексіздер. Жарыстар мен матчтардың саны көбейеді. Егер шектеу қойылған елдер мен ондай шектеуі жоқ мемлекеттерді салыстырсаңыз – лимитті алып тастаған елдердің футболдағы жетістігі көрініп тұр. Соңғы әлем чемпионатын қараңыз - үздік төрт құрама Франция, Англия, Бельгияда лимит жоқ. Хорватия шағын ғана ел, оларда да легионерлерге шектеу жоқ. Тағы 360 мың халқы бар Исландияны мысалға алайық – олардың да ішкі біріншіліктерінде лимит жоқ. Бұл шешім Қазақстан футболына жақсы әсер етеді. Сол кезде тек үздіктер ойнап, мықты командалар қалыптасады.
ТМД елдері чемпионаттарын біріктіріп, мықты бір лига құру идеясына қалай қарайсыз? Соңғы жылдары осындай да ойлар айтылып жүр.
- Меніңше бұл жақсы идея секілді. Оған біріккен лигада ойнайтын «Астана» баскетбол командасы мысал бола алады. Мен Латвияда жұмыс істегенде Эстония, Литва және Латвияның біріккен чемпионатын құру туралы ұсыныстар болған еді. Бірақ Еурокубокта қанша команда ойнайды деген мәселе туындады. Қазір Қазақстан атынан Еурокубокқа төрт команда қатысады. Егер бірнеше елді біріктірген лига құрылса, төрт команда ғана еурокубок додаларына жолдама алады. Сондықтан чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жолдамасын алу қиындап кетеді. Әрине, идея жақсы, бірақ оны жүзеге асыру мүмкін емес.
Маусым айында «Астана-Арена» Димаш Құдайбергеннің концертін өткізу үшін жабылады. Команда ойындарын қайда өткізеді? Бұл стадионға келетін көрермендер санына әсер ете ма?
- Жарыс күнтізбесіне сәйкес маусым айында біз «Астана-Аренада» бір матч қана өткіземіз. Дәлірек айтсам, 14 маусымда «Қайратты» қабылдаймыз. Қазір ол кездесудің қайда, қашан өтетінін талқылап жатырмыз. Біздің үш нұсқамыз бар, соңғы шешімді кейін айтамыз.
«Астана» - «Қайрат» матчы қазақстандық «классикоға» айналған. Сіз осыны сезе алдыңыз ба, басты қарсыластарыңыз жайлы көзқарасыңыз қандай?
- Біз биылғы маусымда «Қайратпен» олардың алаңында екі мәрте кездестік. Суперкубок пен чемпионат аясында өткен матчтың екеуінде де жеңіске жеттік. Нәтижеміз жақсы деуге болады. «Қайрат» командасына құрметпен қараймын. Олар дұрыс жолда келе жатыр. Керемет академиясы бар. Жаттығу базасы мен алаңы тамаша. Стадион айналасында жүрген кезде Алматы елдегі ең айтулы футбол қаласы екенін түсінесің. Бірақ маңызды бір мәселе бар – аталған жағдайлар әзірге нәтижесін берген жоқ. Себебі үздік ойыншылар «Астана» сапында жүр. Біз Қазақстандағы мықты командамыз. Әрине, олардың істеп жатқан жұмыстарының ауқымы жақсы, сол үшін құрметпен қараймын. Шынын айту керек, олар еуропалық үлгідегі клуб құрып жатыр. Жемісін болашақта көретін анық.
«Қайрат» клубының президенті Қайрат Боранбаев төрешілер жұмысын жиі сынап жатады. Кейде сын садағы «Астанаға» да тиіп кетіп жатады. Сіздің осы мәселеге пікіріңіз қандай?
- Менің ойымша, Қазақстанда жалпы алғанда кәсіби төрешілер қызмет етеді. Олар барлық талаптарға сай келеді. Егер жекелеген матчтарды алып қарасақ, әрине төрешілердің қателіктері бар. Олар да адам баласы. Сіз бен біз де қателесуіміз мүмкін. Мына мәселеге назар аударғым келеді: «Қайрат» президенті ақылды адам. Ол «Астананың» ойыны қарсаңында БАҚ беттері мен телеарналарда төрешілер жұмысын сынға алады. Төрешілер мұндай пікірлерді естиді, оқиды. Сосын біздің пайдамызға қателік жіберуден қорқады. Соңғы матчтарда осындай қиындықтарға тап болдық. «Астана» қақпасына пенальти берді. Сондықтан бұл да күрестің бір түрі. Мен солай ойлаймын.
«Астананың» өз алаңында біріншіліктегі ойындарына жанкүйерлер аз келетінін жиі айтып жүрміз. Ал еуро маусым кезінде ғана саны артады. Олардың қатарын көбейту үшін не істеу керек?
- Бұл өте өзекті мәселе. Мен жұмыс істеген бес елде мұндай проблема болған жоқ. Англияда 25 жыл бұрын 100 кәсіби команда болды. Олар тиімді жолды тапты – бұрынғы футболшылар мен жаттықтырушылар мектептерді аралап, балаларды футбол көруге шақырып, қызықтырды. Қазір сол балалар 30-35 жасқа толды. Олар футбол қауымдастығының ажырамас бір бөлігіне айналды. Қазақстанда да осындай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Сосын тағы бір мәселе бар – ол стадиондар. Спорт кешендері жанкүйерлерге тартымды болу керек. Адамдарға ішімдік сусындар, тіске басар тағамдар қажет. Стадион айналасы ойын-сауыққа айналып жату керек. Сол кезде аренаға көпшілік тартылады. Әрине, бұған қосымша қаржы, жарнама жасау үшін демеушілер қажет. Егер осы мәселелер шешілсе, стадиондағы жанкүйерлер қарасы артады. Бірақ бұған жету үшін қолайлы мүмкіндік жасалып, уақыт керек болады.
Шамкен БАЙЫРБЕК.