Пол Эшуорт: «Командада осы жылдың аяғында келісімшарты аяқталатын ойыншылар бар»

21.09.2020, 23:43
Пол Эшуорт: «Командада осы жылдың аяғында келісімшарты аяқталатын ойыншылар бар»

«Астана» футбол клубындағы бас бапкердің міндетін атқарушы Пол Эшуорт клубтың баспасөз қызметіне арнайы сұхбат беріп, команданың қазіргі жағдайы, дағдарыстан шығу жолы және келісімшарты аяқталып жатқан ойыншылардың болашағы туралы айтып берді: 

- Команданың бірқатар сәтсіздіктерден кейін жағдайы мәз емес. Футболшылар мен бапкерлер құрамына қысым өте жоғары. Бізде ең бастысы, ортақ күш-жігердің арқасында ғана жағдайды реттей аламыз деген түсінік бар.

- Көбісі Сізді команданың ойын үлгісін өзгерте алды деп есептейді. Ол кем дегенде «Ордабасы» және «Шахтермен» болған ойындардан көрінді. Бұл команда дағдарыстан шыға бастады дегенді білдіре ме?

- Футболдағы ең әдемісі - ол нәтиже. Қазіргі таңда, жанкүйерлерді, БАҚ өкілдерін және демеушілерді біздің қандай ойын үлгісін көрсеткеніміз қызықтырмайды, барлығына нәтиже қажет. «Қайсармен» өткен ойыннан бастап команда өз жанкүйерлерін тағы да жеңістерімен қуантады деп сенемін.

- Сіз әлі де бас бапкердің міндетін атқарушы рөлінде қызмет жасап келесіз. Бұл командаға алдағы уақытта жаңа бас бапкер келеді дегенді білдіре ме?

- Маған басшылық команда тізгінін ұстауды ұсынған кезде, бас бапкердің орнына маман іздеуді тоқтатпаймыз деген алдын-ала келісім болған. Бірақ, қазір мен үшін өз жұмысымды сапалы жасау өте маңызды, өйткені маған бас бапкердің міндетін атқару сеніп тапсырылды, мен командаға дағдарыстан шығып, жеңіс жолына оралуға көмектесуім керек. Бірақ қайталап айтайын, менің бір тілегім жеткіліксіз, қазір біз бәріміз, соның ішінде жанкүйерлер де бірігіп, жағдайды өзгертуге мүмкіндік табуымыз қажет. 

- Ғаламтор беттерінде маусым соңында команда сапынан кететін 10-12 футболшы анықталды деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? 

- Бізге қазіргі уақытта команда ішіндегі жағдайды реттеу өте маңызды. Ал футболшылардың келісімшарттары туралы маусым соңында ойланғанымыз абзал. Біздің құрамда 2020 жылдың соңында келісімшарттары аяқталатын футболшылар бар. Бірақ олар нақты «Астана» сапынан кетеді деген сөз емес. Біздің құрамда шеберлігі өте жоғары ойыншылар жинақталған, олай болмаған жағдайда олар команда құрамына ілінбеген болар еді. Бізге қазір барлық футболшылардың жағдайды реттеуге күш салғаны ауадай қажет. 

- Бұл тізімде көрермендер көзайымы Ненад Эрич бар ма? «Астана» ол ойыншымен қоштасуға дайын ба?

- Ненад – ол команда капитаны, мен үшін негізгі көшбасшы және қазіргі уақыттағы бірінші нөмірлі қақпашы. Оның келісімшарты соңына жақындап келеді. Қазір біз үшін команда тап болған қиын жағдайды барынша өзгерту маңызды. Одан кейін, біз оның болашағы туралы отырып арнайы сөйлесетінімізге сенімдімін.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×