Пол Гаскойн көзіне жас алды: бала күнгі ауыр естелік пен өмір бойғы жара

16.10.2025, 22:15

Англияның аты аңызға айналған футболшысы Пол Гаскойн Good Morning Britain бағдарламасында қонақта болып, өз өміріндегі ең ауыр сәттердің бірін еске алып, көз жасына ерік берді.

Пол Гаскойн көзіне жас алды: бала күнгі ауыр естелік пен өмір бойғы жара

Бағдарлама жүргізушілері Ричард Мэйдли мен Сюзанна Рейдпен әңгіме барысында 58 жастағы Гаскойн бала кезінде куә болған трагедия туралы айтты. Ол небәрі 10 жасында досының 8 жасар інісін қарауға уәде берген. Алайда, сол күні кішкентай бала көлік астында қалып, көз жұмған.

Эмоциясын жасыра алмаған Гаскойн:

"Мен оның жанына жүгіріп бардым, ол менің құшағымда жан тапсырды. Ерні аздап қимылдады, мен тірі деп ойладым. “Ол тыныс алып жатыр” дедім, бірақ ол — өліп қалған еді.” – деді.

Ол сонымен қатар баланың денесін табыттан көтеріп, оның суық денесін ұстаған сәтті де ұмытпағанын айтты.

"Сол кезде небәрі 10 жаста едім. Бір апта бойы сол бөлмеде, табыттың жанында тұрдым. Бұл қорқынышты, жан түршігерлік жағдай болды.” – деді ол.

Жүргізуші Ричард Мэйдли одан бұл оқиға оның кейінгі өміріне, психологиялық жағдайына әсер етті ме деп сұрағанда, Гаскойн бұл жара оның бойында өмір бойы сақталып қалғанын мойындады.

"Анам мені 10 жасымда психиатрға алып барды. Менде жүйке тітіркенісі мен еріксіз қозғалыстар пайда болды. Кейін футболға араласып, ойынды өмірімнің мағынасына айналдырған соң ғана өз-өзіме келе бастадым.” – деді ол.

Сұхбаттың басқа бөлігінде Гаскойн өткен өміріндегі ауыр кезеңдер туралы, оның ішінде телефон тыңдалуы мен ата-анасымен болған түсініспеушіліктер жайында да ашық айтты.

Ол журналистерге ақпарат тарап жатқан кезде, бар кінәні ата-анасына артқанын және осының салдарынан есірткіге әуестеніп кеткенін айтты.

"Мен тек анам мен әкеммен сөйлесетінмін, бірақ бәрі газеттерге шығатын. Сол кезде қатты ашуланып, не істерімді білмедім. Ақыры есірткіні сол үшін іштім. Кейін әкем мені психиатриялық емханаға жатқызды.” – деді ол.

Тікелей эфирде қатты толқып, бейәдеп сөз айтып қалған сәтінде Гаскойн бірден кешірім сұрады. Жүргізушілер де оны түсіністікпен қабылдады.

Ричард Мэйдли: "Біз оның не үшін солай сөйлегенін түсінеміз. Бұл әңгіме өте ауыр, сезімге толы болды.” – деп атап өтті.

Пол Гаскойн — Aғылшын футболының ең даңқты, бірақ ең күрделі тағдыр иелерінің бірі. Бұл сұхбатта ол өз өмірінің ең терең жарасын алғаш рет ашық айтып, көрермендерді терең ойға қалдырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×