"Хайдук Сплиттің" бразилиялық шабуылшысы Жайро да Силва "Қайрат" сапына ауысуы әбден мүмкін. Бұл туралы Хорватия БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Алдымен кеше Novilist.hr порталы ақпарат таратып, "Хайдук" жаңа шабуылшы іздеп жатқанын жеткізген еді.
Ал бүгін sportske.jutarnji.hr порталы Жайро туралы көсіле жазыпты.
Jurica Radić өз материалында Жайроның "Хайдук" сапындағы ең қымбат лигионердің бірі болғалы тұрғанын айта келе, "Қайраттың" соңғы жылдары көп қаржы жұмсап жүргеніне тілге тиек ете кетіпті. Мысал ретінде сол Георгий Жуков пен жуырда сатып алған Польша құрамасының жартылай қорғаушысы Яцек Гуральскиді келтіріпті.
Сонымен қатар: "Қайрат" Сплит клубына өздері армандамаған қаржыны ұсынып отыр. 2,5 миллион еуро және бонуспен бірге 3,5 миллиондық трансфер ғажап емес пе?! Бұл бас тартатын ұсыныс емес. Өйткені Жайроның трансфері клуб тарихындағы үздік 10-дыққа кіргелі тұр. Сондықтан бүгін Жайро "Локомотивпен" кездесуде "Хайдук" жейдесіндегі соңғы ойынын өткізуі мүмкін",-делінген материалда.
Сондай-ақ, автор мақаласында бразилиялық ойыншының орны ойсырап қалатынын айтып, десе де шабуылшының жасы биыл 28-ге толатынын еске салыпты. Яғни, бұл трансфер команда үшін пайдалы болмақ дейді. Енді "Хайдук" жас шабуылшы іздейтін көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Жайро 2018 жылдан бері «Хайдук» жейдесінде 61 ойынға қатысып, 21 гол салған, 13 нәтижелі пас берген.
Шамкен БАЙЫРБЕК.
Біздің серіктес: FONBET