«Қайрат» — екі дүркін қола жүлдегер

04.05.2011, 17:33
  «Қайрат» — екі дүркін қола жүлдегер
Тұңғыш рет елімізде өткен УЕФА кубогының «үздік төрттік» финалы өз мәресіне жетті. Жеңімпаз анықталып, жүлдегерлер белгілі болды. Бір команда ұйымдастырушыларға өкпесі қара қазандай болып қайтса, енді бірі алғысын айтып, қазақтармен төс қағыстыруға дейін барды. Жалпы, қысқа қайырғанда, жадымызда мәңгі сақталар ұмытылмас доданың ұйымдастырылуына куә болдық. Алдымен алаңға Алматының «Қайраты» мен Лиссабонның «Спортингі» шықты. Мұның алдында «Спортинг» бапкері Орландо Дуартенің «Фаворит – «Қайрат» деген пікірін есепке алып, «қонақтар екінші нөмірде ойнайтын болар» деп топшылағанбыз. Дегенмен іс жүзінде, әсіресе ойынның алғашқы минуттарында «Спортингтің» қарқыны күшті болды. Ақыры алғашқы төрттігінің (Андерсон, Жива, Катата, Кельсон) қарсылас қарқынына төтеп бере алмай жатқанын түсінген Жоао Барбоза алаңға біртіндеп басқаларын шығара бастады. Нәтижесінде Дінмұхамед Сүлейменов, Лео Сантана, Лео және Сидней «Спортингтің» шабуылын бәсеңдетіп, ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Дегенмен бірінші таймның екінші бөлігіне таман қонақтар шабуылдарын қайта күшейтіп, Жеронимо қорғаған қақпаны екі мәрте тура көздеді. Ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда «Қайрат» есепті теңестірген. Бірақ жылдам шабуыл ұйымдастырған «Спортинг» тағы бір гол соғып, «Қайратты» бүк түсірді. Шыны керек, алматылықтардың жеңісіне сенімді болғандықтан ба, өз алаңында опық жеген «Қайраттың» жеңілісін кішігірім сенсацияға балағанбыз. Сөйтсек, нағыз сенсацияның көкесі әлі алда екен. Небәрі 49 мың халқы бар қаланың командасы 600 мыңнан астам тұрғыны бар Лиссабонның «Бенфикасын» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Сөйтіп, «португалдық финалды көреміз бе» деп отырғанда, «Монтесильвано» ерлік жасады. Үшінші орын үшін болған айқас тіптен тартысты өтті. «Қайраттықтарға» тек жеңіс керек. Оның үстіне таңертең ойыншылардың жаттығуына клуб президенті Қайрат Оразбековтің өзі барып, футболшыларға ішіндегісінің бәрін айтыпты. Бейресми ақпарат көздеріне сенсек, клуб президенті футболшыларының намысын ояту үшін «осы жолы жеңе алмасаңдар, сендер түкке де тұрмайсыңдар» деген сынды сөздерді де қолданған көрінеді. Ақыры жеңістің ауадай қажет екенін түсінген «қайраттықтар» ойын тізгінін бірден қолдарына алып, 12-минутта-ақ 2:0 есебімен алға шықты. Алайда бірте-бірте «Бенфика» да қарқынын күшейтіп, 24-минутта таразы басын теңестірді. Ойын шиеленісіп, футболшылардың жүйкелері де сыр бере бастады. 27-минутта «бенфикалық» Дави, 30-минутта «қайраттық» Кельсон алаңнан қуылды. Алматылықтар алаңдағы басымдықты пайдалана алмаса, қонақтар бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, 31-минутта алға шықты. Дегенмен кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда «Қайрат» ойыншылары есепті теңестіріп, ойынды пенальтиге жеткізді. Ал матч соңындағы пенальтиде «Қайрат» футболшылары мергендік танытып, өз тарихында екінші рет қола медальді жеңіп алды. Айта кетейік, пенальтидің біреуін қандасымыз Серік Жаманқұлов соқты. Матчтан кейін Қайрат Оразбековке «Қазіргі «Қайрат» мықты ма, әлде осыдан екі жыл бұрын қола жеңіп алған «Қайрат» мықты ма?» деп сұрақ қойғанбыз. – Мен мұны таңертең футболшылармен бейресми түрде сөйлескенде де айттым. Намыстарын ояту үшін «сендер сол «Қайраттың» тырнағына да татымайсыңдар» деп қайрадым. Әйтеуір, футболшыларға өз ойымды жеткізу үшін бәрін айттым. Ал, шындығына келер болсам, 2009 жылы қола жүлдегер атанған «Қайрат» мен үшін ерекше еді. Дегенмен бүгінгі командамның да орны бөлек. Сондықтан Барбозамен келісімшартты созуға дайынмын, – деп жауап берді клуб президенті. Бір қызығы, матч соңындағы баспасөз мәслихатында «Бенфика» өкілдері «тек португал тілінде сөйлейміз, өздеріңіз түсініп алыңыздар» деп бұлқынып шыға келді. Сөйтсек, олардың наразылықтарына ұйымдастырушылардың қонақжайлық танытпағаны сеп болыпты. «Бізге мұнда ешкім көңіл бөлмеді. Жартылай финалдан кейін ұйымдастырушыларды да, УЕФА өкілдерін де таппай қалдық. Сөйтіп, қонақүйге такси ұстап қайттық. Жаттығулардың бірінде тоғыз ойыншымыздың аяқкиімі жоғалды», – деп бұртиып жүрді «бенфикалық» өкілдер. Финалда күтпеген нәтиже тіркеліп, аутсайдер саналған «Монтесильвано» Португалияның «Спортингін» 5:2 есебімен ойсыратты. Ал су жаңа чемпиондардың бас бапкері Фулвио: – 25 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Тәжірибем мол. «Мон­тесильваномен» келісімшартым аяқталған жоқ. Ал егер «Қайраттан» ұсыныс түсіп жатса, көп ойланбай келісемін, – деді. Жартылай финал «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – «Спортинг» (Лиссабон, Португалия) – 2:3 «Бенфика» (Лиссабон, Португалия) – «Монтесильвано» (Италия) – 0:3 Үшінші орын «Қайрат» – «Бенфика» – 3:3, пенальтиден 5:3 Финал «Спортинг» – «Монтесильвано» – 2:5 Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×