Қайрат Нұрдәулетов: «Данияда жақсы ойыншылар көп, бірақ біз өз ойынымызға қарауымыз керек»

07.09.2021, 02:53
Қайрат мырза жастар құрамасындағы мәселелер жайлы айтты.
Қайрат Нұрдәулетов: «Данияда жақсы ойыншылар көп, бірақ біз өз ойынымызға қарауымыз керек»

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов ЕУРО-2023 турнирінің іріктеу кезеңінде Данияға қарсы өтетін ойын туралы пікірімен бөлісті:

- Данияның қауіпті тұстарын айта аласыз ба және алдағы ойыннан не күтесіз?

- Осы 3 ай ішінде біз Данияның ойынын жақсылап талдадық. Олар жақында Грекиямен ойнады - тағы да көп ақпарат алдық. Команда әдемі және заманауи футбол ойнайды, негізінен қаптал арқылы шабуыл жасайды. Бұрынғы скандинавиялықтарға тән қарапайым және қуатты ойын жоқ. Олар қайта құрылымдау процесінен өтті, Данияның ЕУРО-2020-да қалай ойнағанын білесіздер. Жастар құрамасы да осы стильді ұстанады. Біздің ойын жоспарымыз бар, егер біз бәрін дұрыс жасасақ, онда нәтиже оң болады деп ойлаймын.

- Максим Самородовтың қатарда болмауы ойынға қаншалықты әсер етеді?

- Максим - біз үшін маңызды және негізгі ойыншы. Ол мұны "Ақтөбеде" де дәлелдеді. Ол Бельгиямен болған матчта жақсы ойын көрсетті. Бізде оны алмастыратын басқа ойыншылар бар. Қорқынышты ештеңе болған жоқ. Бұл футбол, ондай жағдайлар болып тұрады.

- Неліктен Станислав Басманов жастар құрамасының қосалқы тізіміне енгізілмеді, сонымен қатар Иван Свиридов неге Тұрлыбек пен Самородовтың жарақатынан кейін ғана шақыртылды?

- Басманов біздің назарымызда жүрді. Біз оның ойындарын қадағалаймыз, бірақ бізде оның позициясында ойнайтын 3-4 футболшы бар, ал Басманов олардан асып түспейді. Менің ойымша, егер ол осылай ойнауын жалғастыра берсе, оның әлі де мүмкіндігі болады. Свиридовке келетін болсақ, бастапқыда біз Герасимовты шақырғанбыз, бірақ ол жарақат алды, сондықтан Тұрлыбекті шақыруға мәжбүр болдық, бірақ ол да жарақат алды, сол себепті Свиридовты қатарға қостық.

- Қарсыластың қай ойыншысы қауіпті?

- Дания құрамасының 70 пайызын жергілікті футболшылар құрайды. Әрине, ерекшеленетін ойыншылар бар. "Торинода" ойнайтын Магнус Варминг пен "Аякстегі" Виктор Йенсен, өте қауіпті жартылай қорғаушы - Густав Исакссенді де атап өтуге болады. Иә, Данияда жақсы ойыншылар бар, бірақ мен оларды бөліп айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Олар қапталмен жылдам ойнайды, жақсы және ұзын бойлы шабуылшылары бар, бірақ біз өз ойынымызға қарауымыз керек.

- Соңғы сәтте Еркебұлан Сейдахмет шақыртылды. Сіз оның ойынын қалай бағалайсыз?

- Біз онымен хабарластық. Мен оның қандай формада екенін әрқашан білетінмін. Ия, қазір ол қиын кезеңді бастан өткеруде, оған бәрін басынан бастау керек. Неге оны бірден шақырмадық? Бізде Самородов, Кеңесов, Астанов, Жұмабек секілді ойын тәжірибесі көбірек ойыншылар бар. Самородов қатардан шығып қалды - Сейдахметте мүмкіндік пайда болды, Герасимов жарақат алды - Свиридовке мүмкіндік берілді. Бізге қазір Сейдахмет қажет, әсіресе оның әлеуетін ескерсек.

- Устименко туралы не айта аласыз, ол да қиын кезеңді бастан кешіруде. Ол Чемпиондар Лигасында дебют жасап, "Црвена Звездадан" бес гол жіберіп алды, келесі матчта "Тұраннан" тағы төрт гол жіберді. Сіз онымен психологиялық жұмыс жүргізесіз бе?

- Біз қақпашыларды жаттықтыратын бапкермен бұл жағдайды талқыладық. Біз Данилді қолдағымыз келді, ол қазір қиын кезеңді бастан өткеруде. Психологиялық тұрғыда оны қалпына келтіру қажет. Мен онымен жеке сөйлестім. Қақпашыларда осындай кезеңдер болып тұрады. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Біз жақтан тек қолдау көрсетілуде, мен қақпашы бапкеріне сенемін, ол жұмыс істейді және онымен сөйлеседі. Қақпаны кім қорғайды? Оны ертең көреміз.

- Сіз ойыншыларды құрамаға шақырғанда, қандай критерийге көбірек көңіл бөлесіз?

- Атап айтатындай критерийлер жоқ. Ең маңызды критерий - ойын тәжірибесі, ойыншының ҚПЛ-да ойнағаны дұрыс. Себебі Премьер-лига мен Бірінші лига арасындағы айырмашылық өте үлкен.

- Микаэль Аскаров пен Дмитрий Бачек туралы не айтасыз?

- Біз Микаэльмен байланыстамыз, әкесімен сөйлестік. Ол ауыр жарақат алды, енді қалпына келе бастады. Бізде қазан айында ойындар болады, оны сол кезде көреміз деп үміттенемін. Бачекке келетін болсақ, ол ұзақ уақыт бойы клуб туралы шешім қабылдай алмады, біз ол туралы ештеңе білмедік. Біз оның испаниялық "Антекерамен" келісім-шартқа отырғанын білдік. Алдағы уақытта оның ойынын бақылаймыз, егер Испанияда ойнауын жалғастырса, біз оны шақырамыз.

- Ертеңгі матчта команданы қолдауға келетін жанкүйерлерге айтар тілегіңіз бар ма?

- Бізді қолдаңыз. Біздің жанкүйерлерге оңай емес екенін білеміз. Біз сіздің қолдауыңызды күтеміз. Ойыншылар қолдарынан келгеннің бәрін жасайды. Бізде басқа жастар командасы жоқ, сондықтан қолдау қажет, біз сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз.

- "Жетісудың" шабуылшысы Алексей Михайлов неліктен жастар құрамасына шақыртылмады?

- Біз оны сәл кеш байқадық. Иә, біз оның ойынын көріп жүрміз, ол біздің назарымызда. Егер Алексей осылай ойнай берсе, онда оны қазан айында команда сапында көреміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×