«Қайрат» пен «Қайсар» клубы жанкүйерлерге қатысты мәлімдеме жасады

10.03.2021, 04:50
«Қайрат» жанкүйерлері матчты алаңнан тамашалай алмайды.
«Қайрат» пен «Қайсар» клубы жанкүйерлерге қатысты мәлімдеме жасады

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Садуақас Байғабұлов Премьер-Лиганың бірінші турындағы "Қайрат" - "Жетісу" матчына жанкүйерлердің қатыспайтынын айтты.

"Қайрат" футбол клубының билеттерді сатылымға шығарғаны туралы ақпарат болды. Өздеріңіз білетіндей, Алматы "сары" аймақта. Көрермендердің "қызыл" және "сары" аймақтарға кіруіне тыйым салынады. Тек "жасыл" аймақта, оның өзінде кешеннің 20 пайызына ғана жанкүйерлер кіре алады. Жағдай жақсарғанның өзінде мен жанкүйерлерге жақсылап ойлануға кеңес беремін. Біздің "қызыл" аймақпен шекаралас екенімізді ескерсек, көрермендердің қатысуына жол берілмейді", - деді Байғабұлов.

Матч 13 наурызда жергілікті уақыт бойынша 15:00-де Орталық стадионда өтеді.

Ал қызылордалық "Қайсар" Қазақстан чемпионатының алғашқы турында Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионында "Таразды" қабылдайды. Ойын 14 наурызда сағат 16:00-де басталады.

"Қайсар" клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша Орталық стадионның жалпы сыйымдылығы есепке алынып, жанкүйерлердің 20%-ы ғана ойынға кіргізіледі. Матч кезінде барлық санитарлық нормалар сақталады. Жанкүйерлер медициналық бетпердемен келуі тиіс. Бетпердесі болмаған жанкүйерлер стадион ішіне кіргізілмейді.

Стадионға кіргізу билеті 13 наурыздан бастап сатылымға шығады. Билеттерді "Орталық" стадионының кассасынан алуға болады. ҚКФЛ матчтарын өткізу хаттамасына сәйкес билеттерді сату ойынның басталуына үш сағат қалғанда тоқтатылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×