«Қайрат» қайтсе бұрынғы күшіне енеді?

16.06.2011, 19:02
«Қайрат» қайтсе бұрынғы күшіне енеді?

Қазақстан премьер-лигасында қаламыздың намысын қорғап жүрген «Қайрат» жайында соңғы кездері көп әңгіме өрбіп кетті. Сатылған ойындар, 12 ойыншыға қарсы шығу, негізгі құрамға шығаратын байдың балалары секілді тақырыптағы не түрлі алып-қашпа сөздер тарап кетті. Әрине, «жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» дегендей-ақ, осы жайттардың түбірінде шындық жатқаны анық. Қазақ футболының бет-бейнесі саналатын «Қайраттың» соңғы кездері осындай келеңсіз жағдайлар арасында қала беруі неге байланысты?

Ермұхамед МӘУЛЕН

Биылғы маусым басталғалы бері ел футболында көп дау-дамай болса, соның басым көпшілігіне «Қайраттың» қатысы бар. Алдымен қосалқы құрамдардың біріншілігіндегі дау-дамайға тоқталсақ. Астанадан қонаққа келген «Локомотив» командасына қарсы өткізген ойында жаппай төбелес орын алып, соңы құқық қорғау қызметкерлерінің көмегімен шешілді. Сол келеңсіз оқиғаның басты қаһарманы болған «Қайраттың» қосалқы құрамының ойыншысы Арман Мәсімжанов кінәлі деп табылып, өмір бойына футболдан аластатылып кете жаздады. Бірақ, клуб басшылары аппеляция беріп, оның жазасын 3 жылға қысқартты. Десе де, футбол ортасында бұл мәселе жақсы атпен қала қойған жоқ.

Соңғы айдың ішінде өткізген кездесулерден бастасақ. Өз алаңында «Шахтерді» жеңген алматылық «Қайрат» сырт алаңда ұтылды. Ол кездесуде футболда күнде бола бермейтін жәйттер тіркелді. «Қайрат» қақпасына қатар-қатар белгіленген қос пенальтиді ақылға қонымды нәрсе деп айтсақ, қарағандылықтардың ойыншылар алмасуында қателік жасап алаңда бірнеше минуттар бойы 12 аяқдопшымен ойнағанын ешқандай әдептілікке жатқыза алмассыз. Футболда мұндай өрескел қателіктер болып жататыны белгілі. Бірақ осы оқиғадан кейін жауапты тұлғалар өндіріп жазаланбады да.  Осы оқиғадан кейін Никитенко бапкерге жолығып мән жайды сұрастырып едік, аса қатты қынжылыс білдірмеді. «Алаңда артық ойыншымен шыққан кеншілердің бізге дым қатысы жоқ. Біз соның кесірінен ұтылдық деп айта алмаймын. Біз жақсы ойнағанымен, қорытынды нәтижеде жеңіліп қалдық» – деп оңай құтылған.

Осындай келеңсіз жағдайлардың топтамасынан кейін Никитенко өз еркіменен орнын босатты. Оның орнына ағылшындық маман Джон Грегори келіп тағайындалды.

Құралбек Ордабаев, «Қайраттың» бұрынғы қақпашысы, ардагер: Командаға жергілікті жастарды көптеп алу керек

– Дәл сіз айтып отырған әңгімелерді мен де естігем. Оның түбінде бір шындық бар екені белгілі. 12 ойыншыны алаңға жіберіп қойып отырған 3 төрешіні қатаң жазалау керек. ҚТК (құқықтық-тәртіптік комитет. Е.М) оларды небәрі 1 айға ғана қызметтен аластатты. Ол дұрыс емес. Еліміздегі төрешілер онсыз да 1 ай сайын ауысып қызмет етеді. Осыны есепке алсаңыз онда бұл нәрсені тіпті жазасыз қалдыру дегенмен тең. Өткендегі қосалқы команданың ойыншысын өмір бақи жазалау деген де дұрыс нәрсе емес. Футболда ондай нәрсе жоқ. Тіпті сотталған адамның өзін өмір бақилыққа жібермейді, е ату жазасына да кеспейді ғой. Футболшыны өмірінің соңына дейін аластату деген өліммен тең. Ол ертең қалай жан бағады. Оны ойлаған ешкім жоқ. Тура сол матчта тек қана «Қайрат» ойыншылары ғана тәртіпсіздік көрсеткен жоқ. Басқалар да болды. Бірақ, олардың жақтаушысы бар. Айналып келгенде «Қайрат» таяқ жейді.

Биылғы маусымда клубқа Никитенко бас бапкер болып келгенін дұрыс деп есептеймін. Білікті бапкер. Оның бір қателігі осы Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген жаттықтырушы алмағаны. Клуб басшылары осындай талап қою керек еді. Ертең Никитенконы орнынан алып тастайтын болса, оның орнын кім басады. Тағы да шеттен адам іздейді.

Футболда жасарын жасап, асарын асаған 2-3 аяқдопшы жүр осы күні «Қайратта». Солардың орнына өткен жылы ойнаған жастардан алса болар еді.

Бай дөкейлердің балалары «Қайратта» ойнап жүр дегенді мен осыдан 2 жыл бұрын естідім. Ондай нәрсе барша қазақ футболында етек жайған. Мен «Қайратта» қызмет етіп жүрген кезде мұндай сұмдық болмайтын. Аталған мәселеге тікелей жауап беретін бір-ақ адам бар. Ол – бас бапкер.

Қонақбай ӘБУӘЛИН, Футбол ардагері: «Қайратты» екіге бөлгендер басшылыққа қайта келді

– «Қайрат» деген мен үшін әрқашанда қазақ футболының бет-бейнесі ретінде қала бермек. Көп адамдар үшін де солай. Бірақ, соңғы кездері тіпті, стадионға барып футбол көруге зауқым соқпайды. Өйткені, футбол дамудың жақсы жолына түскен жоқ. Кезінде ең алғаш болып Алматы қаласының футбол федерациясын мен ашқан едім. Нұрғали Әшімов деген бауырымыз демеушілік танытып, көп қолдау білдірді. Мен қала бойынша қалай жарыстар ұйымдастырып, жасөспірімдер футболын жөнге қоюдың түрлі бағдарламаларын жазып шықтым. Бірақ, соны қолдаған ешкім болмады. Ал қазіргі «Қайратқа» келер болсақ, оның басында отырғандарды ауыстыру керек деп ойлаймын. Кезінде қазақтың «Қайраттын» екіге бөліп, берекесін кетірген адамдар қайтадан сол маңайда қызмет етіп жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Келесі жаңалық
Грегори гей екен!
×