Футболдан Қазақстан премьер-лигасының бірінші кезеңінің екінші жартысы көңілді басталды. Олай дейтініміз, алты ойында 26 гол соғылыпты.
Бұл – биылғы рекордтық көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтсақ, мұның алдында ең көп гол соғылған 7-турда барлығы 18 голдың куәсі болған едік. Дегенмен бір жағынан 12-ші тур өткен бұл күнді «қонақтар үшін қаралы күн» деуге де келетін сияқты. Себебі алты ойында да алаң иелері жеңіске жетіп, қонақтар өз қақпасынан кем дегенде үш голдан алып шығуға мәжбүр болған.
Бірінші кезеңнің бірінші айналымының соңғы ойынында елорданың «Локомотиві» түзде ел чемпионы «Тобылды» 1:0 есебімен жеңген болатын. Бұл жолы «Локомотив» Қостанайдың командасын өз алаңында қабылдап, 3:1 есебімен жеңді. Тіпті Равиль Сабитовке жарақатынан айығып, командаға қайта оралған Александр Петухов та көмектесе алмады. Нәтижесінде, бұған дейін ел біріншілігінде 8-орында келе жатқан «Тобыл» тағы да бір саты төмендеді. Турнир кестесінде қостанайлықтардың орнын «Тараз» басты. Мұның алдындағы турда Ваит Талғаев шәкірттері еліміздің мұнайлы қаласында «Атыраудан» 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Өз алаңында «Тараз» толығымен қарымта қайтарып, Андрей Шабанов қорғаған қақпаға жауапсыз үш гол соқты. Мұндай есептер Талдықорған мен Шымкентте де тіркелді.
Талдықорғанда «Жетісу» Өскеменнің «Востогын» 3:0 есебімен жеңіп, үздік үштіктегі өз орнын сақтап қалды. «Бір командамен бір аптаның ішінде екі мәрте кездесу оңай еместігін түсіндік. Бірақ жігіттерім өз міндеттерін кіршіксіз атқарды», – деп сұхбат беріпті ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Жетісу» бапкері Серік Әбдуәлиев.
Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Керекудің «Ертісін» қабылдап, олар да қонақтар қақпасына үш гол соқты. Айта кетейік, «Ертіс» қақпасына соғылған голдың үшеуі де бірінші таймда соғылып, екіншісі бір сыдырғы өтті. Бір қызығы, ойын алдында бұл кездесудің қорытындысына күмәнмен қарағандар көп болды. Еліміздің белгілі букмекерлік кеңселерінің бірі бұл матчқа «ставка» қабылдаудан бас тартып, отқа май құя түсті. Ал жанкүйерлердің күдігі одан әрмен күшейіп, «Ертіс» жеңісті ұрыссыз береді» деушілердің қатары көбейіп кетті. «Ертіс» шынымен де жеңілді. Бірақ ұрыссыз берілді ме? Ол жағы күндердің күнінде анықтала жатар.
«Ордабасы» – «Ертіс» кездесуіне жанкүйерлер матч алдында күмәнмен қараған болса, Қарағандыда өткен «Шахтер» – «Қайрат» текетіресінің таза өткеніне ойыннан кейін күдіктенушілер табылды. Оған себепті тауып берген – бас төреші Виктор Антонов. Ойынның 12-ші минутында алматылықтардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгілеп, есепті 2:0-ге жеткізді. 18-минутта «Қайрат» шабуылшысы Сергей Струков есепті қысқартқан еді. 31-минутта Антонов қонақтардың қақпасына тағы бір пенальти белгілеп, қарағандылықтардың жеңіске деген сенімділігін қайтарып берді. Ал 34-ші минутта «Қайрат» қорғаушысы Мәдияр Мүміновке екінші мәрте ескерту қағазын көрсеткен павлодарлық төреші алматылықтардың салын суға кетірді. Ойынның соңында қос команда да бір-бір голдан алмасқан. Бірақ бәрібір басты кейіпкер Виктор Антонов болып қала берді. Осы орайда айта кетейік, «Шахтер» биыл қарсыластарының қақпасына бес пенальти соқты. Ал өздеріне әлі бірде-бір пенальти белгіленбепті. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде?..
Бәрінен кеш басталған ойын Ақтөбеде өткен болатын. Өз жанкүйерлерінің алдында қосымша қуат күшін алған «ақтөбеліктер» Қызылорданың «Қайсарын» оңай ұтты. Негізі, «Ақтөбе» сырт алаңында да «Қайсарды» қиналмай жеңген. Бірақ бұл жолы Сыр өңірінің ұжымын 6:1 есебімен ойсыратып, биылғы біріншіліктің ең ірі нәтижесін тіркетті.
Автор: Әзиз Жұмаділ