"Қайраттың" бұрынғы футболшысы "Барса Ласса" сапында гол соқты

08.04.2019, 19:09
"Қайраттың" бұрынғы футболшысы "Барса Ласса" сапында гол соқты
 Жо-жо-жоқ! Үлкен футболмен шатастырмаңыздар! Алматының "Қайрат" футзал клубы сапында 3 маусым өнер көрсетіп, УЕФА кубогінің жеңімпазы атанған Лео Сантана "Барса Лассаның" маңызды ойындағы жеңісіне елеулі үлес қосты.   Футзалдан Испания премьер-лигасының 29 турында "Барса Ласса" сырт алаңда "Интер Мовистарды" 1-2 етіп ұтып, біріншілік аяқталар тұста маңызды жеңіске қол жеткізген-ді. Қызу тартысқа толы өткен ойында қазақстандық футзал жанкүйерлеріне жақсы таныс Лео Сантана 17 минутта "Барсаны" есепте алға шығарды. Сыралғы қорғаушы сол қапталда қақпашыдан пас алып, қарсылас қақпашысымен қоса 4 ойыншыдан айласын асырып, допты бос қақпаға сүңгіте салды. Одан бөлек, 31 жастағы қорғаушы сәт сайын қарсылас қақпасына тепкен қауіпті соққыларымен есте қалды. Айта кетейік;
  • Лео "Қайрат" сапында 2010-2013 жылдары тер төгіп, 2017 жылды Ресейдің "Сибиряк" командасы сапында өткізген. Қорғаушы болғанына қарамастан 2016-17 жылғы маусымда "Сибиряк" жейдесінде өткізген 36 ойында 33 доп соққан.
  • "Қайрат" 2012-2013 жылғы маусымда УЕФА кубогінде топ жарғанда финалда қазір өзі тер төгіп жүрген "Барса Лассадан" басым түскен. Бұл турнир биылдан бастап футзалдан "Чемпиондар лигасы" деп аталады.
  • Енді маусымның 26 күні Лео өзінің экс-командасына қарсы ойнамақ.
Естеріңізге сала кетейік, маусымның 26-28 күндері футзалдан Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі Алматыда өтеді. Ақтық кездесу үшін "Қайрат" - "Барса Лаасамен", "Спортинг" - "Интер Мовистармен" күш сынасады. Шамкен БАЙЫРБЕК. 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×