«ҚАЙРАТТЫҢ» ДАҢҚЫ ҚАЙТСЕ ОРАЛАДЫ?

15.11.2011, 18:57
«ҚАЙРАТТЫҢ» ДАҢҚЫ ҚАЙТСЕ ОРАЛАДЫ?

Футболдан Қазақстан біріншілігі аяқталып, жеңімпаз команда мен жүлдегерлердің анықталғаны кеше. Қарағандының «Шахтері» тұңғыш рет ел чемпионы атанды, ал «Жетісу» – екінші, «Ақтөбе» үшінші орынға ие болды. Бірақ айтпағымыз бұл емес, әңгіме кезінде қазақ елінің даңқын асырған Алматының «Қайраты» туралы. Сонау бір тұста бүкіл қазақ елінің бренді болған сүйікті команда үздіктер қатарынан кетіп, тағы да төменгі топтан бір-ақ шықты. Қарап отырсаңыз, қазақ футболында «Қайраттан» басқа КСРО чемпионатының жоғары тобында ширек ғасыр табан аудармай өнер көрсеткен, республиканың екі дүркін чемпионы, ел кубогының бес дүркін иегері, КСРО Футбол федерациясы мен Теміржолшылардың халықаралық спорт одағы кубоктарының жеңімпазы, КСРО бірінші топ командалары арасындағы екі дүркін чемпионы болған команда жоқ екен. Еуропаға алғаш «есік» ашқан да осы «Қайрат».

Қазіргі күндері О.Долматов, Ю.Севидов, С.Рожков, С.Квочкин, С.Каминский, С.Степанов, Ю.Семин, тағы басқа кеңестік кезеңде атақ-даңқы жер жарған алыптарды айтпағанның өзінде, Қазақстанның аяқдоп шаруашылығын түгендеп, басы-қасында жүрген футбол корифейлері Т.Сегізбаев, С.Байшақов, Қ.Ордабаев, М.Гурман, В.Талғаев, В.Масудов, В.Никитенко, Д.Огай, Олимпиада чемпионы Е.Яровенко, бүгінде Ресей футболына орасан зор үлес қосып, Қазанның «Рубин» командасын чемпиондық атаққа әкелген Қ.Бердиев – «Қайраттың» суығына тоңып, ыстығына күйіп шыңдалған азаматтар. Кезінде ел футболын өрге сүйреген сол команданың бүгінгі жай-күйі қалай? Осы ұжымның басынан неге бақ тайып бара жатыр? Заманбек Нұрқаділов әкім болып тұрған қай бір жылдары, «Қайраттың» КСРО біріншілігінде нашар ойнап жүрген бір тұсы болар, команда ұжымымен кездесу өткізген болатын. Сонда Заманбек ағамыздың команда капитаны Қайрат Аймановқа қарата айтқан мына сөзі есімде қалыпты: «Қайрат, айналайын, сенің атыңды әкең аспаннан алған жоқ. Бүкіл Қайраттар осы «Қайраттан» тарайды. Мен де өз баламның атын осы команданың құрметіне Қайрат деп қойғанмын. Басқа басқа, сенің жаман ойнауға қақың жоқ!». Бұдан асырып қалай айтарсың! Сол кезде қала әкімі қоғамдық негізде Футбол федерациясының жетекшісі болатын. Оқырман хатын арқалап барып, «Қайраттың» тағдыры жөнінде екі сағат әңгімелескенім де жадымда. Бұл жерде қаланың қазіргі әкімі А.Есімов сүйікті командасының жолы болмай, кері кетіп бара жатқанын білмей, көрмей, қол қусырып қарап отыр деу де қиянат шығар. Маусым ашылар тұста команда құрамымен болған кездесуде: «Сіздер үшін бәрін жасап жатырмыз. Қаржы жетеді. «ҚазРосГаз» ЖШС-мен де демеушілік шартқа отырдық. Егер чемпион бола қалсаңдар, тағы да қосымша қаржы бөлуге уәде беремін», – деген әкім. Басында түйсігі бар адам үшін бұдан артық қандай жағдай керек?! Әкім бапкерлердің ішкі жұмыстарына ешкімді араластырмады, кадр іріктеу жұмыстарына, стратегиялық, тактикалық пайымдарына шенеуніктер тарапынан кедергі жасауға рұқсат бермеді. Алайда команда біркелкі өнер көрсете алмады. Матч сайын төмен құлдилаумен болды. Сонда жетпей жатқаны не? Кәсіби шеберлік, біліктілік, іс-тәжірибе ме? Әлде бапкердің кәсіпқойлық деңгейі ме? Не де болса, орта қолдан да төмен командалардың деңгейіне түсіп кеткен «Қайратта» «Тайбурылдың қырық күндік кемшілігі» секілді бір ақаудың барлығы анық. Ол қандай ақау, оны қайтсе реттеуге болады? Бұл – құзырлы азаматтар мен мамандардың тірлігі. Дегенмен, тұралап қалған талай команданы көшбасшылар қатарына қоса алдық қой. «Астана» да соның қатарында. Батыста – «Ақтөбе», теріскейде – «Тобыл», «Ертіс», түстікте «Жетісу», «Ордабасы» секілді қуатты командалар дүниеге келді. Ал олардың алдында «Қайрат» бойында ертеден дарыған өзіндік дәстүрі, мінезі бар команда емес пе еді? Тек тамырды дөп басып, «ауруын» дұрыс таба білу керек шығар. Алдымен бапкерден бастасақ, «жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, ойыншылары жер-жерден теріп алынған кілең інжу-маржан болса да, нашар бапкер оның тоз-тозын шығарады. Сосын ішкі моральдық-психологиялық ахуалды реттеуге күш салғаны жөн. Биыл әлемдегі үздік футбол мектебі – «Оле бразил» академиясын бітірген талантты футболшылардың алғашқы легі елге оралады. Олар Қазақстан біріншілігінің бірінші тобында бір командада өнер көрсетуі тиіс. Тәжірибе ретінде осы жастарды неге «Қайраттың» құрамында ойнатып көрмеске. Бәлкім «Қайраттың» даңқын асыратын да осы жастар шығар. Кезінде небір сұңғыла командаларға қасқайып қарсы тұрған «Қайрат» «Жеңіске деген жігері үшін» атағын бостан-босқа жеңіп алған жоқ. Іздесе, сол мінезді қайта табуға болады. Ол ешқайда кете қойған жоқ, қанмен келген, қанда қалды. Тек Алматы қаласының әкімшілігі ғана емес, бүкіл футбол функционерлері болып, команданың бұрынғы атағын қайта қалпына келтіру үшін күресуге тиіспіз. Талай жылдар бойы қазақ халқына рух берген, жатқан төсегінен көтеріп, алдындағы ішіп отырған асынан бас тартқызған «Қайраттың» атағы үшін, Қазақстандағы қаптаған Қайрат есімділер үшін. Д.ӘДІЛБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×