«Қайраттың» қарсыласы туралы не білуіміз керек?

24.08.2020, 23:09
Құрылғанына үш қана жыл болса да, екі кубок жеңіп алыпты.
«Қайраттың» қарсыласы туралы не білуіміз керек?

2020/2021 маусымда Қазақстан атынан Еуропа лигасында өнер көрсететін командалардың бірі «Қайрат» алғашқы іріктеу кезеңінде Армениялық «Ноа» клубымен келесі кезең жолдамасының тағдырын сарапқа салады.

«Ноа» 2017 жылы құрылған клуб. Алғашқы маусымда-ақ жоғарғы лигаға жолдама алды. Премьер-лигадағы алғашқы маусым сәтсіз болып, жас клуб чемпионатта 9 команданың ішінен сегізінші орынды иеленді. Сол маусымда команда «Арцах» атауымен өнер көрсетті. 

Өткен маусым еревандық клуб үшін өте сәтті болды. Біріншілік басталар алдында басшылық клуб атауын «Ноа» деп өзгертеді. Команда тізгінін жас молдовалық мамандар Игорь Пикущак пен Вадим Борецке сеніп тапсырады. Чемпионат қорытындысы бойынша команда бесінші орынды иемденіп, форматқа сәйкес, командалар екі топқа бөлініп, «Ноа» чемпиондыққа үміткер болып шыға келеді. Нәтижесінде команда 10 ойында 2 рет қана ұтылып, Армения чемпионатының күміс жүлдегері атанады.

«Ноа» Арменияда күміс жүлдемен ғана шектеліп қалған жоқ. «Арарат-Арменияға» біріншілікте алтын медальды беріп қойғанымен, ел кубогының финалында дәл осы командадан есе қайтарды. Бірінші таймнан соң «Ноа» 1:4 есебімен ұтылып жатса да, ойынның екінші бөлігінде матч тағдырын «төңкеріп» кетті. Таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепті 5:4-ке жеткізген. Әйткенмен, «Арарат-Армения» ел чемпиондары екенін еске түсіріп, жауапты бесінші допты соға алды. Бірақ пенальти сериясында «Ноаға» сәттілік серік болды. Пенальти сериясында 7:6 есебімен ұтты. Құдды бір «Стамбулдағы ғажайып финал» дерсіз.  

«Ноаға» сәттілік Суперкубокта да серік болды. 9 тамыз күні «Ноа» тарихындағы екінші кубогын еншіледі. Өздеріне жақсы таныс ел чемпионы «Арарат-Армениямен» кездескен «Қайраттың» болашақ қарсыласы 90-минутқа дейін 0:1 есебімен жеңіліп тұрған. Негізгі уақыт аяқталар тұста ресейлік футболшы Дмитрий Лаврищев таразы басын теңестіріп, ойынды экстра-таймға дейін созады. Ал 99-минутта қазақ футболының жанкүйерлеріне жақсы таныс Денис Дедечко пенальтиді сәтті орындап, командасына жеңіс сыйлады. 33 жастағы украин футболшысы 2015 жылы «Астана» сапында өнер көрсеткен еді. ҚПЛ-да бар-жоғы 10 матчта алаңға шықты. Елордалық командаға Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін жетуге көмектесті. «Атлетико», "Бенфикамен" тең түсіп, «Астананың» атағы айға жеткен маусым.

Футбол сахнасына шыққанына үш жыл ғана өтсе де, «Ноа» екі мәрте кубок еншілеп үлгерді. Екі апта бұрын Суперкубокты жеңіп алғаны, әрине, қазақстандық жанкүйерлер үшін аз да болса қорқыныш туғызатыны жасырын емес. Армениялық команда қазіргі таңда бабында екені сөзсіз. Әйткенмен, матч Алматыда өтетін болғандықтан, «Қайрат» қандай жағдайда болмасын армениялық клубты артта қалдырып, келесі кезең жолдамасын қанжығаға байлауға тиіс. 

Материал Prosports.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×