«Қайраттың» жағдайы Қайраттың жанына батады

02.11.2011, 09:44
«Қайраттың» жағдайы Қайраттың жанына батады
Футболдан Қазақстан  құрамасының капитаны, «Астана» футбол клубының ойыншысы Қайрат Нұрдәулетов «Жақсы» порталына арнайы сұхбат берді. – Қайрат, Қазақстан құрамасы «Еуро 2012»-ге іріктеу турнирін аяқтады. Бір жеңіс, бір тең ойын. Басқасы кіл жеңіліс. Іріктеу турниріне құраманың капитаны ретінде өзіңіз қандай баға бересіз? – Көштен қалу, соңғы орынды місе тұту кімге ұнайды дейсіз?! Шынын айту керек, бұл сында өзіміз ойлағандай өнер көрсете алмадық. Жанкүйердің де көңілі пәс. Ұтылмайтын тұста есе жіберген сәттер болды. Кей командалармен иық тірестіріп, тең ойнайтын қауқарымыз бар еді. Алаңда бәрі басқаша болды. Кінәні өзімізден ғана іздейміз. Әлем чемпионатына іріктеу турнирі жақындап келеді. Енді сол кездесулерде еңсені тік ұстасақ деген ой бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге салсақ, бас бапкер Мирослав Беранектің де бергені көп екенін жасырмаймын. – Футболшылар Беранектің жақсы бапкер екенін айтып жүр. Жаңа бас бапкердің несімен жақсы екенін білгіміз келеді. Бұған дейін құрама тізгінін ұстаған мамандардан несімен ерекшеленеді? – Басқалардан ең басты ерекшелігі – Мирослав біздің менталитетімізге өте лайық адам. Футболшыларды психологиялық тұрғыдан тамаша дайындай білді. Құрама ойыншыларымен қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Көмекшілері де білікті мамандар. Атағы жер жаратын Германия, Түркия сынды құрамалармен ойнар кезде кез келген футболшыда қобалжу болады. Алаңға шыққан соң бәрі де ұмытылып кететіні рас.  Бірақ, Беранек бірінші кезекте қарсыластарымыздың да ет пен сүйектен жаралған адам екенін түсіндіре білді. Бойымызда сенімділік пайда болғанын байқадым. – Бельгияға қарсы ойында айып добын мүлтіксіз орындап, екінші голдың авторы атандыңыз. Қатты қуандыңыз ба? – Бельгиямен бұрын екі рет тең ойнаған соң, жанкүйерлер жақсы нәтижеден үміттенді. Өкінішке қарай, бұл жолы ойсырай ұтылдық. Әйтеуір қарсылас қақпасына гол соқты демесеңіз, бұл доптың ешқандай маңызы жоқ болды. Өз қақпамызға төрт гол жіберіп алған соң… Егер тең жағдай болғанда немесе жеңіс сыйлайтын доп болғанда, сөз жоқ, қуанар едім. Ұлттық құрама үшін гол соғу дегенің үлкен мәртебе! – Бір іріктеу турнирінде бірнеше рет қақпашы ауыстырдық. Әлемдегі ең әдемі гол да біздің қақпаға соғылды. Мамандар қорғаныстағы жігіттердің әлсіз екенін айтады. Өзіңіз қалай ойлайсыз, құраманың қай шебі әлсіз? – Алғы шептегілер шебер ойнап, қорғаныс қателік жіберді немесе жеңілістің бәріне қақпашы кінәлі деп, бөліп-жарып айтуға болмайды. Ұтылып қалған жартылай қорғаушылар немесе қақпашы емес. Ұтылған – тұтас команда. Сондықтан да, жеңілсек, оған бәріміз кінәліміз! Түркиямен болған ойын тең аяқталуы мүмкін еді… Сол сәт есіме түссе, әлі күнге дейін ішім күйеді. Санаулы секундқа шамамыз жетпей қалды. Мүмкін, түрік футболшылары бізді бағаламаған болар, алаңға қалпақпен ұрып аламыз деп шыққан шығар. Мүмкін, біз де керемет ойын көрсетпеген шығармыз. Дегенмен, футболы бізден әлдеқайда дамып кеткеніне қарамастан, Түркиядан да ұпай олжалауға болатын еді. – Қайрат, капитан ретінде бірнеше матчта ұлттық құраманы  алаңға бастап шықтыңыз. Капитан болған қандай екен? – Капитан болатынымды естігенде таңғалдым. Бас бапкер капитандық белгіні маған сеніп тапсырады деп ойламағандықтан шығар. Капитан болуды бала кезімнен армандағаным рас. Сонда да… Артылап жүктің ауыр екенін де сеземін. Капитан болу жәй ғана белгіні қарыңа іліп алу емес. Бүкіл команданың,  Қазақстанның бет-бейнесісің деген сөз. Тұтас бір мемлекеттің беткеұстары болған соң, шеберлік деңгейің өте жоғары болуы керек. Жауапкершілігі өте көп жұмыс. – Қазақстан-Австрия кездесуімен іріктеу кезеңі аяқталды. Ойын біткен соң  бас бапкер Мирослав Беранектің футболшыларға не дегенін білуге бола ма? – Беранек бізбен жұмыс істегеніне қуанышты екенін айтты. Жіберген кемшіліктерімізді де санамалап берді. Болашақта қандай бағытта жұмыс істеу керектігімізге тоқталды. Бар болғаны осы. – Баспен ойнауда белсенділік танытатын ойыншылардың бірісіз. Бұл көп ойыншыларда кездесе бермейтін қасиет… – Өзімді баспен өте керемет ойнаймын демес едім. «Қайрат Цесна» клубында жүргенде Катков деген бапкер баспен ойнауға баса мән берді. Оның үстіне, бойымның ұзындығы да көмектеседі. – «Қайрат» демекші, бір кезде томағаңызды сыпырған «Қайраттың» халі тағы да мүшкіл. Кезінде атағы жер жарған қазақ футболының беткеұстар командасының  қазіргі жағдайына алаңдайсыз ба? – Әрине, өзім түлеп ұшқан «Қайраттың» қазіргі халі менің де жаныма батады. Жігіттерден естуімше, жағдай оңалып келе жатқан сыңайлы. Басшылық көңіл бөле бастапты.  Қазақ футболы мен «Қайрат»  – егіз ұғым. Үлкен тарихы бар команда ешқашан құрдымға кетпеуі керек. – Ішкі біріншілік туралы бір сұрақ. «Астана»  үздік үштіктен сырт қалды. Чемпионатты тәп-тәуір қарқынмен бастаған командаға не болды? – Жанкүйерлер алдында ұяттымыз. Қарқынымыз жаман емес еді. Соңғы сәттерде босаңсып кеттік. Футболшылар ауысты. Одан қалса, жарақат алғандар көбейіп кетті. «Ордабасыны» жеңгенде, жағдай басқаша болар ма еді?! Әрине, ақтала берсең, айтатын нәрсе көп. Жеңіліп қалдық. Ол – факт! Бірақ, чемпионаттағы үздік алтылыққа кірген командалардың бәрі де осал емес. Сол қуантады. Мысалы, бұрынғыдай тек қана «Ақтөбе» бет қаратпай кеткен жоқ. Көшбасшылар ауысты. Алтынға таласы барлардың қарасы көбейді. – Біріншілік аяқталған соң, үздік ойыншылар анықталады ғой. Өз ойыңызша, жылдың үздік ойыншысы атағына кім лайық? – Ешкімнің атын атап, түсін түстей алмаймын. Биылғы біріншілік бізге көптеген жас дарындарды сыйлады. Шау тартып қалса да, көпке шамасы жететін ардагер ойыншыларды да есептен шығармаймыз. Яғни, үздік ойыншы атануға үміткерлер  көп деген сөз. – Қазақстан чемпионатында қай қақпашыға гол соғу қиын? – Өзім ойнайтын «Астананың» қақпашысын айтар едім. «Жетісу» командасының қорғанысы мен қақпашысына да мін таға алмайсың. – Шетелдік чемпионаттардың қайсысы қызығырақ? – Әрине, ағылшын премьер лигасы. Өзім бала кезден «Қызыл сойқандардың» жанкүйерімін. Сол командада доп тепсем деген арманым болғанын жасырып қайтемін?! (күлді). – Ұлттық құрамадағы көңіл-күй ауаны қандай? Футболшы достарыңыз көп пе? – Құрамада да, клубта да бір-бірімізбен татумыз. Барлық футбошылармен ара-қатынасым жақсы. Мен үшін дос сөзінің ұғымы кең. Сол себепті, алаңда бірге доп қуғанның бәрін дос дей алмаймын. Қиын кезде арқасүйер болған, демеу бола білген нағыз досым деп «Ордабасыда» ойнайтын Фархадбек Ырысметовты айтар едім. Ал, қалған футболшыларды тек әріптес ретінде қабылдаймын. – Футболдан өзге қолыңыздан қандай кәсіп келеді? Қанша дегенмен, өмір бойына алаңда жүрмейсіз дегендей… – Дәл қазір фуболдан өзге кәсібім жоқ. Бәрін уақыт көрсетеді. Бапкер болу туралы да ойламаппын. – Құрама капитанының отбасы туралы білгісі келетін оқырманға не дейсіз? – Динара есімді келіншегім бар. Отау құрғанымызға екі жыл болды. Әлі бөпеміз жоқ. Құдай қаласа, болады дем үміттенемін. – Футболшылардың көпшілігі орыстілді. Сұхбатты да орысша береді. Өзіңіз отбасында қай тілде сөйлесесіздер? – Әрине, қазақша! Сізге де қазақша жауап бердім. Туған тілімді жетік меңгерген қазақпын. Отбасымда да өз тілімде сөйлеймін. Клубта, жаттығуға барғанда «бөтен» сөздер араласып кететін кездер болады. Егер сұхбат барысында қандай да бір орысша сөздер қосып қойсам, кешірім өтінемін. Көп жағдайда орыс журналистері хабарласып, пікірімізді сұрап жатады.  Қазақ тілінде  сұхбат алушылар мүлде аз. Қазақша сұрақ қойылса, төл тілімізде жауап беруге қашанда дайынмын. – Әңгімеңізге рахмет! Саламат Нарын. «Жақсы»
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×