«Қайратым» деп елің жүр, қайрат қылмай сен жүрсің...

16.11.2011, 20:54
«Қайратым» деп елің жүр, қайрат қылмай сен жүрсің...

Футболдан келесі жылғы Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында 12 команда ойнайды. Көштен қалған «Қайрат» бірінші топта доп тебеді. Әзірше бәрі осымен тәмам. Қайдан шыққаны белгісіз, кейінгі күндері «премьер-лигадағы командалар санын 14-ке дейін ұлғайтып, «Қайратты» кіл мықтылар арасында қалдыру керек» деген сөздер желдей есті. Сонда қалай, «Қайрат» үшін ресми түрде қабылданған қағида мен ережені бұзу керек пе? Дәл қазір «Қайрат» сіңірі шыққан кедей, жұпыны емес. Мойны жуан, қалтасы қалың демеушісі бар («ҚазРосГаз» компаниясы).

Арқа сүйер сүйеніші – бір жарым миллиондай тұрғыны бар мегаполиске билік жүргізіп отырған, қолы ұзын, беделі жоғары қала әкімдігі. Бюджеті премьер-лигадағы командалардың біразынан қомақты деп естиміз. Сөйте тұра, көштен қалды. Маусым басында «үздік алтылыққа ілігуіміз керек» деген үлкен мақсат қойды. Бірақ сенім үдесінен шыға алмады. Жанкүйерлерін жерге қаратты. Құрамы да жаман емес еді. Құрамында басқа командалар қызығатын ойыншылар да болды. Алайда өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Әсіресе соңғы турда «Таразды» төрттағандата алмай, тауы шағылғанын айтсаңызшы... «Қайрат» маусым барысында бас бапкерін де ауыстырды. Қазақ даласы ортаңқол маманға сусап қалғандай, бас бапкерді сонау Тұманды Альбионнан алдырды. Бірақ 57 жастағы ағылшын маманы Джон Грегори «Қайраттың» қарқынын үдете алмады. Керісінше, кежегесі кері тартып, бірінші лигадан бір-ақ шықты. Негізі, премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға қабілеттері жететін, ойынын түлете алатын бапкерлер өзімізде де бар еді. Дмитрий Огай, Вахид Масудов, Владимир Фомичев, Болат Есмағамбетов, Сергей Гороховадацкий, Равиль Рамазанов, Вячеслав Ледовских, Владимир Линчевский, Владимир Чебурин, Ойрат Садуов сынды жаттықтырушыларымыздың кейбіреулері «Қай­ратпен» үздік алтылыққа да шыға алар еді, әттең... Биылғы маусымның қорытындысы бойынша 15-орынға табан тіреп, премьер-лигадағы орнынан айырылған «Қайрат» бірінші лигаға түсіп қалған. Бірақ жоғарыда жазғанымыздай, «Алматы клубын премьер-лигада қалдыру керек деген» сөздер ел арасында гулегенді қойып, электронды ақпарат құралдарында да қылаң бере бастады. Ал ел кубогының финалдық кездесуі алдында Ұлттық футбол лигасының (ҰФЛ) кеңесі премьер-лигадағы командалар санын көбейтпейтіндіктері жөнінде бәтуаласты. Ал кеше ҰФЛ-дың директоры Михаил Гурман: – Бұл регламент 2012 жылдың аяғына дейін қабылданған. Мерзімі біткенше өз күшін жоймайды. «Қайрат» болса, спорттық принциппен өз орнынан айырылды. Ал «Қайратқа» болысу, бұра тарту – барлығымыздың мақтанышымыз болып табылатын әйгілі команданың абыройына нұқсан келтірері сөзсіз. Біз ел футболын дамытып, жетілдіре түсу үшін барлық клубтарға бірдей жағдай жасауымыз керек. Ешбір клубқа бөле-жара қарауға қақымыз жоқ. Сондықтан «Қайрат» неге бұлай болғанын өзі саралап, жаңа күшпен, жаңа ой-мақсатпен бір жылдан кейін премьер-лигаға оралу жағын ойластыруы керек, – деп мәлімдеме жасады. Шынымен-ақ, «Қайратқа» өзгелерге жәутеңдеп, жоғарыдан көмек күту – тым ұят. Себебі «Қайраттың» премьер-лигада ойран салып, Еурокубоктарда додаға түсуге де әлеуеті де, қабілеті де жетеді. «Қайраттың» қамшыны басып, қайрат көрсетер уақыты баяғыда жеткен. Бір көңіл аударарлығы, «Қайраттың» жанашыр жанкүйерлерінің арасында егде адамдар көп. «Қайрат» осынысымен оқшауланады. Өзге клубтардың жанкүйерлерінің басым көпшілігі – жастар. Ал «Қайраттан» теріс айналмай, әлі күнге дейін бүкшеңдеп, ста­дионға баратын егде жанкүйерлер біршама. Тіпті ауырып, есінен танып қалып, тіл қатуға жараған бетте «бала-шағам аман ба» демей, «кеше «Қайрат» ойнап еді, не болды екен, ұтылмаса етті» деп мұңайған ақсақалдар да бар Алматыда. Ендеше, «Қайрат» егде тартқан қарияларды жабырқатпай, оларға қуаныш сыйласа дейміз. Ал премьер-лигада 12 команда ойнайтындығына келсек, әрине, ұлан-ғайыр жерді мекендеп жатқан қуатты ел үшін бұл – аз. Жоғарғы тобымызда 16 команда ойнаса, тақиямызға тар келмес еді. Бірақ оған кейбір облыстардың шамалары жетпей отыр ғой. Маусым басында барлық аймақ кемі бір-бір командадан шығарып, бірақ мәреге солардың бәрі жете алмай, кейбіреуі қатардан шығып қалып жатса, ұяттың үлкені сол емес пе?! Ондай болған жоқ емес, болған. Сондықтан барымызбен базар болып, осыған да шүкір деп отырған жайымыз бар. Әйтпесе, премьер-лигада кемі 16 команда ойнағанын қалар едік... Автор: Нұрғазы САСАЕВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×