“Қайсар” футбол клубы аспанын торлаған қара бұлттың дегенi болды ақыры. Жоғарғы лигамен қош айтыстық. Биылға маусымда 9-орынға табан тiредiк деп, есiмiз шыға қуанып ек. Ертелеткен екенбiз, “тiлеп алған ауру” үмiтiмiздi талқан еттi.
“Бiрiншi лигада доп тебемiз, бұйыртса”. Облыстың бас спортшысы Садық Мұстафаевтың сөзi бұл. Өткен нөмiрлерде жазудай-ақ жаздық. Мұстафаев клубтың биылғы бюджетiне бөлiнген 574 миллион теңгенiң қалай жұмсалғанын, 240 миллион теңгеге қарызға батудың себептерiн жiлiктеп айтып бере алмады. Ол: “Клубтың iшкi дүниесiне үңiлуге хақым жоқ, бар кiнә жыл басында бас бапкер болған Владимир Линчевскийде”, – деп құтылды. Кеткен адамға кiнә артқаннан кейiн, әрiсiн шамалай берiңiз. Садық Мұстафаев тағы былай дедi: “Оның таңдаған ойыншылары доп тебе алмай қатарынан бес ойында есе жiбердiк. Амал жоқ, жаңадан бапкер тауып, басқа ойыншылар шақырттық. Шығындану осы жерден басталды. Ойнаса да, ойнамаса да келiсiмшартқа отырған ойыншыларға жалақы төлеуге тура келдi. Клубты мемлекеттiк мекеме ету керек. Мен қазiр осыны көтерiп жатырмын. Сол кезде ғана мәселенi дер кезiнде шешуге болады. 240 миллион теңге қарызға байланысты облыстық футбол федерациясы демеушiлерден 50 миллион теңгедей ғана қаржы тапты. Амал қайсы, бiрiншi лигада ойнаймыз ендi, бұйыртса…”.
Шоңмұрынұлы түбi осылай болатынын бiлген, бiрақ қауiптiң алдын алуға ешқандай мүмкiндiк табылмапты. “Қайсардың” басындағы жағдай “Ақжайық” пен “Атырау” клубтарында да болды. Дегенмен, қос клубты тығырықтан басшылары құтқара бiлдi. Не дерсiң, есiл еңбек еш кеттi. Бiздi құртатын осы ғой – қауқарсыздық, қаннен-қаперсiздiк. Бұдан кейiн “футболды дамытамыз” деп бiреудi сендiрiп көрiңiз.
Нағымжан САУЯЕВ,
«ЖАС АЛАШ»