“Қайсар” футбол клубының төрағасы Ермек Көкетов: Клубтың қамы үшiн отырмын

27.09.2011, 18:28
“Қайсар” футбол клубының төрағасы Ермек Көкетов: Клубтың қамы үшiн отырмын
Қызылордалық “Қайсар” футбол клубы Премьер-лига ойындарының екiншi кезеңi басталғалы берi 6 ойынның бiреуiнде ғана, тек “Тобылға” есе жiбердi. Қалған 4-еуiнде жанкүйерлерiне жеңiс сыйлап, бiреуiнде тең түстi. Бiрiншi кезеңде көш соңында қалған ұжым қазiр турнир кестесiндегi жағдайын бiршама жақсартты. “Қайсар” 17 қыркүйек күнi өткен 27-турда “Таразды” 2:0 есебiмен ұтты. 28-турда да қызылордалықтар өз алаңында “Востокты” дәл осындай есеппен жеңдi. Жақында клубтың төрағасымен сұхбаттасудың сәтi түскен едi. – Жанкүйерлер қауымы қызылордалықтардың қазiргi қарқынына дән риза. “Әуелден осылай ойнағанда…” деп “әттеген-айлағандар” iшiнде өзiмiз де бармыз. Күтпеген жерден серпiн алудың себебiн немен түсiндiрер едiңiз? – Екiншi кезеңдi бастар тұста құрама қайта жасақталды. Команда капитаны тiзгiнiн Талғат Сыздықовқа ұстаттық. Бапкерлермен ақылдаса отырып, алаңға шығар жiгiттердi сүзгiден өткiзiп, барынша “жетi рет өлшеп, бiр кесуге” тырыстық. Маусым айында облыс әкiмi Болатбек Қуандықов биыл жоғарғы лигада қалуды тапсырып, алдағы уақытта қаржылық жағынан қолдау көбейетiнiн айтқан. Жiгiттер аяқ алысының артуына осы жайттар себеп болды деп ойлаймын. – Ұжымда доп теуiп жүргендер iшiнде қазақ балалары саусақпен санарлық екенiн бiлемiз. Қателеспесем, негiзгi құрамда 6 қандасымыз бар-ау шамасы! Қазақы қаймағы бұзылмаған өңiрге бұл қаншалықты жарасады? – Негiзгi құрамда қазақ жiгiтi алтау екенi рас. Мұны айтып қуана алмайтынымызды да мойындаймын. “Қайсарда” доп теуiп үйренiп, өзге клубтарға кеткен жерлестерiмiз жетерлiк. Менiң басты мақсатым – сол жiгiттердi туған жерге оралту. Алдағы уақытта қаржылық жағдайымыз ойдағыдай болып жатса, оған да қол жеткiзермiз. Өйткенi мен ол футболшылармен сөйлестiм, қайта оралуға құлшынып отыр. Тек қаржы мәселесi шешiлсе… Өйткенi республика бойынша ең бюджетi төмен клуб – бiздiң клуб. – Бұл қызметке өткен мамыр айында келдiңiз. Грек-рим күресiнiң маманы футбол клубын басқаруға қаншалықты дайын едi? – Мен 2008 жылдан денсаулығыма байланысты күрестен қол үздiм. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасы күрес федерациясында статистика жетекшiсi қызметiне қабылдандым. Жауапкершiлiк қай iсте де маңызды, менiң спорттағы жетiстiктерiме, спортқа деген ынта-ықыласыма қарап басшылар осындай шешiмге келдi. Өз кезегiмде мен туған жер спортын дамытуға үлес қосуға тиiс екенiмдi сезiнiп, бұл қызметтi атқаруға белiмдi бекем будым. Кез келген спортшы сайысқа “жеңем” деп шығады, менiңше, жұмыс та солай, мiндетiңдi орындай алатындығыңа сенiмдi боласың. – Өзiңiз доп тебетiн бе едiңiз? – Әрине, бала кезде доп жастанып жататындардың бiрi болдым. Дегенмен, әкемнiң ақылымен күреске бет бұрдым. Әуелi күрестiң қазақша, еркiн түрлерiмен айналыстым. Кейiн 1996 жылдан бастап грек-рим күресiне бiрыңғай ден қойдым. – Бұл саладағы басты жетiстiктерiңiздi атап өтсеңiз… – 2003 жылы Тәжiкстанның Душанбе қаласында өткен Орта Азия ойындарында, Алматыда өткен Азия кубогында алтыннан алқа тақтым. Сондай-ақ 2004 жылы Польшаның Лотос қаласында студенттер арасындағы әлем бiрiншiлiгiнде топ жардым. 2005 жылы Венгрияда өткен әлем бiрiншiлiгiнде қола жүлдегер атандым. – Белдесу барысында қателiк жiберiп, арты үлкен өкiнiшке ұласқан тұстар болды ма? – 2008 жылы Оңтүстiк Кореяның Джежу қаласында өткен Азия бiрiншiлiгiне қатысып, қола медаль еншiледiм. Финалға шығуға мүмкiндiгiм бар едi, қателiк өзiмнен кеттi, жеңiп келе жатып, соңғы секундтарда қарсыласыма есе жiберiп қойдым. Әттең, сол кезде қателiкке бой алдырмай, финалға шыққанымда Пекин Олимпиадасының жолдамасы қолда тұр едi!.. – Жаттықтырушыңыз спорттан қол үзетiнiңiздi бiлген сәтте қандай күйде болды? – Менiң грек-рим күресiндегi бапкерiм – ҚР еңбегi сiңген жаттықтырушы Юн Виктор Анатолиевич болды. 1996 жылы әкем Алпысбай осы кiсiге жетектеп әкелген-тұғын. Күрестен қол үзгенше Виктор ағайдың тәрбиесiнде болдым. Алға қойған мақсаттар, арман көп едi. Менiң жағдайымды естiгенде, қатты қапаланды. Амал не, барлығы жұмыр басты пенденiң дегенiндей бола бере ме?! – 29 жастағы клуб төрағасы келесi жылға ненi жоспарлап отыр? – Биыл премьер-лигада қалуға күш жұмсаймыз. Бәрi ойдағыдай болса, келесi жылға жоспарлар жетерлiк. Оны әзiрге жайып салмай-ақ қояйын, ненi көздесек те “Қайсарды” биiктен көрсетудiң қамы болатыны анық. – Әңгiмеңiзге рақмет! Толағай табыстар тiлеймiз! Әңгiмелескен – Нағымжан САУЯЕВ, Қызылорда. Сұхбат «Жас Алаш» газетінен алдынды
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×