Футболдан Қазақстан біріншілігі үстіміздегі жылдың 11 наурызы күні жалауын көтереді. Биыл Премьер-лигада он төрт команда бақ сынайды. Олардың барлығы жаңа маусымға дайындық жүргізу үстінде. Қызылорданың «Қайсары» да үздіктер көшінде үмітті ақтауға күш салмақ. Қазіргі күні команда Түркияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жергілікті ұжымға 60 жастағы литвалық бапкер Альгимантас Любинскас жетекшілік жасап жүр. “Қайсардың” басшысы Ермек Көкетовтің айтуынша, бас бапкер қызметін жалғастыруға келісім берген. Енді құжаттық талаптарды рәсімдеу шаралары жасалады. Оған өткен жылғыдай Владимир Линчевский мен Сұлтан Әбілдаев көмекшілік жасайды. Ал қақпашылар бапкері Вячеслав Жигайловпен де алдын ала келісім бар. «Қайсардың» құрамында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Былтыр екінші айналымда қызылордалық ұжым сапына қосылып, тасқамал қақпашы атанған Жасур Нәрзіқұлов өзге ұжымға ауысатын секілді. Бұл жайында жаһандық желіде түрлі ақпараттар желдей есіп тұр. Оны біреулер «Ақтөбеге» барады десе, ендігісі Алматының «Қайратына» ауысады деген сыбыс бар. Сондай-ақ, қорғаныс шебінде ойнаған Егор Азовский енді «Атырау» қатарын толықтырса, жартылай қорғаушы Сабырхан Ибраев қай команда намысын қорғайтынын әзірге шеше қоймапты. Өткен жылы «Қайсардың» жейдесін киген Борут Семлер, Градимир Црногорац, Филипе Эдейпо, Иван Перич биыл да ойнауға ниет білдіріп отырған көрінеді. Сондай-ақ, Серік Сағындықов, Азиз Анарметов, Руслан Эсатов, Александр Стахив және Анатолий Малков та біздің ұжым сапында қалуға ниетті. Оқу-жаттығу барысында Оралдың «Ақжайығынан» қорғаушы Михаил Любимкин, жартылай қорғаушы Эльдар Әбдірахманов, шабуылшы Олег Хромцов, Өскеменнің «Востогынан» қорғаушылар Ренат Абдуллин, грузиялық Отар Хизанейшвили, украиналық жартылай қорғаушы Руслан Бедненко сынақтан өтуде. Сонымен қатар, Талдықорғанның «Жетісуынан» жартылай қорғаушы Андрей Харабара биыл біздің ұжымның намысын қорғауға ниет білдіруде. Өткен жылы бірінші топтағы Алматы облысының «Ақбұлақ» және Алматының «Цесна» ұжымдарында ойын көрсеткен жартылай қорғаушылар Олжас Спанов пен Досым Оқасов өз шеберліктерін паш ете алса, биыл «Қайсардың» қатарын толықтыруы әбден мүмкін. Бірнеше жылдық үзілістен кейін шабуылшы Серік Досманбетов өз командасына қайта оралуды көздеп отыр. Команда басшысы Е.Көкетов “Біздің ұжым қаңтардың 8-26 аралығында Түркияның Анталия қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді деп жоспарланған. Одан кейін Қызылордаға оралып, араға бір апта салғаннан кейін қайтадан сол елге жол жүреді. Біз оқу-жаттығу жиыны барысында барлық шептер бойынша футболшыларды табуға күш саламыз. Жаңа маусымда жанкүйер көңілінен шығатын ойын көрсетуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатта қажетті қаржы мәселесі қаралып отыр” дейді.
Әділжан ҮМБЕТ
Біздің серіктес: FONBET