«Қайсар» үздіктер көшінде қала ма?

23.06.2011, 18:12
«Қайсар» үздіктер көшінде қала ма?
Жылдың басында «Қайсар» командасының бас бапкерлік қызметіне литвалық маман Альгимантас Любинскас келгенде, жаңалық дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жанкүйер қауымның елеңдеп қалғаны рас. Қызылордалық ұжым бір жыл үзілістен кейін премьер-лигаға қайта оралып, жергілікті жұрт өз клубынан үлкен үміт күтті. «Литвалық маман «Қайсарды» қандай ұшпаққа шығара алады» деген сауал көкейде болған еді. Қайсыбір жылдары өз елінің ұлттық құрамасын жаттықтырып, азды-көпті табысқа қол жеткізе білген бапкердің Қазақстанда жолы болар емес. Біріншіліктің жартысы орта жолдан ауса да, Сыр бойының командасы турнир кестесінде ең соңғы орында келеді. Неге? Оның сыры неде? «Қайсардың» бас бапкері Альгимантас Любинскас жанкүйер қауымының көңілінде жүрген бірқатар сауалға жауап берді. – «Қайсар» қаржылық жағынан жағдайы қоңды ұжым қатарына жатпайды. Сіз командаға келерде осы жағын ойландыңыз ба? – Мені қызметке шақырғанда, бұл жағы да сөз болды. Қосымша қаржы тартылады деген уәде айтылған. Қазір жаңадан ойыншылар тартып жатырмыз. «Қайсар» биыл үздіктер қатарында қалады деген үмітім зор. – Қыс айларында неге команда жасақтау жұмыстары өз деңгейінде орындалмады? – Оның себебі сан алуан. Біріншіден, қаржылық жағдайға байланысты. Екіншіден, мен келгенше, бірқатар футболшылармен келісімшарт жасалып қойған екен. Осыған орай, маусым басын нашар бастадық. Енді трансферлік мерзім басталғанда, тың ойыншылар тартпақпыз. Біз әлі жанкүйер сенімін ақтаймыз деп ойлаймын. – 2008 жылы «Қайсар» біріншілікте төртінші орын алды. Құрамында, негізінен, жергілікті түлектер ойнады. Шетелдік ойыншылар да қазіргі футболшылардан мықты емес еді. Дегенмен команданың қазіргі ойын өрнегі сол жылғыдан біршама төмен болып тұр... – Бұл пікірмен келісемін. Ол жылдары Мақсат Байжанов секілді футболшылар болды. Нестеренко секілді тасқамал қақпашы «Қайсардың» жейдесін киді. Жалпы, командада, негізінен, жергілікті түлектер ойнауы тиіс. Шетелдік футболшылар бірқатар шептерді нығайтуға шақырылады. Мен команданың қосалқы құрамының ойындарына барып тұрамын. Талантты жастар аз емес. – Молдовалық қорғаушы Николай Орловский жайында не айтасыз? Ол өзінің келісім­шартының ерте үзілгеніне команда басшылығын кінәлайды. – Онымен мен келгенше келісімшарт жасалып қойған екен. Өкінішке қарай, ол өзін жақсы қырынан көрсете алған жоқ. Жаттығу жиындарына қатысқысы келмеді. Кезекті кездесулерде де біздің көңілімізден шығатын шеберлік танытпағанын несін жасырамыз. – Шабуылшы Филипа Эдейпо үзілісте жаңа командаға ауыса ма? Ол өзін жақсы қырынан танытуға тырысып жүр емес пе? – Оған әлі де көп тер төгуі керек. Қысқасы, кемшін тұстары бар. Сол себепті ол шеберлігін арттыруға көбірек көңіл бөлсе деймін. – Қазақстан футболын қандай деңгейде деп санайсыз? Еурокубок додаларында біздің клубтар қандай нәтиже көрсетеді деп ойлайсыз? – Қазақстан чемпионатының деңгейі жоғарылап келе жатқаны аңғарылады. Ресей премьер-лигасының соңғы жартысындағы ұжымдармен деңгейлес, ал бірінші лигасында көш басынан көрінер еді деп ойлаймын. Ал Литвамен салыстырғанда Қазақстан чемпионатының деңгейі жоғарылау. Өйткені бізде жақсы футболшылардың көбі шетелге кетіп қалады. Сондықтан төл біріншілігіміздің сүреңсіздеу екені жасырын емес. Қазақстанда тәжірибелі командалар баршылық. «Ақтөбе» солардың қатарында жатады. Биыл «Ақтөбе» сияқты тәжірибелі клубтардың оңтайына келсе, жанкүйерді желпінтетін ойын көрсетері анық. – Біздің біріншіліктегі үздік футболшылар деп кімдерді атар едіңіз? – Маған Самат Смақов пен Марат Хайруллиннің ойындары ұнайды. Әзірге жастардың қатарынан ешкімді байқай қойған жоқпын. – Еліміздің өзге клубтары сапынан кімдердің өз командаңызда ойнағанын қалайсыз? – Мен бұрын «Қайсардың» жейдесін киген біршама жастарды шақырғанды қалар едім. Әрине, олардың кейбірі жергілікті футбол түлектері екені белгілі. Олар қазіргі өз командаларында жақсы ойынымен көзге түсіп жүр. – Қазақстандық мерзімді басылымдарды оқып тұрасыз ба? Көңіліңізден шыға ма? – Сіздерде футбол жайында телехабарлар өте аз. Олардың саны көп болғаны дұрыс. Жергілікті телеарналар футбол және спорт туралы там-тұмдап көрсетеді. Тіпті өз жерінде болған ойындарды тікелей таратпайды. Интернет арқылы да таратуға құлықсыз. Оған көп ақша жұмсалмайды ғой. Ондай жұмыстар бірқатар ұжымдарда ғана қолға алынған. Мен Украинада қызмет жасадым. Онда жоғары және бірінші лига ұжымдары өз ойындарын интернет арқылы таратып жатады. Газеттерге келетін болсақ, бірқатар басылымдардың сайттарын қарап отырамын. – «Қайсардың» алдына қойылған биылғы міндет қандай? – Биыл футбол маусымын ондықта аяқтасақ дейміз. Қалғанын алдағы уақытта көре жатармыз. Альгимантас Любинскас 1951 жылы 4 қарашада Литваның Кибартай қаласында өмірге келген. Сол елдің «Жальгрис» (Вильнюс) командасында ойын көрсетті. Небары 31 жасында 1982 жылы аталмыш ұжымның тізгінін ұстап, бас бапкерлік қызметін бастады. Литваның жастар ұлттық құрамаларына жетекшілік етті. Бірқатар шетелдік клубтарда жаттықтырушы болды. 2011 жылдың қаңтарынан Қызылорданың «Қайсар» командасының бас бапкері. Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×