«Қайсардың» кезекті жеңісі

24.05.2013, 19:58
«Қайсардың» кезекті жеңісі

Қатарға қайта оралған «Қайсар» футбол клубы осымен төртінші ойынды таза жеңіспен аяқтады. Сергей Волгиннің шәкірттері Қаратаудың «Лашынын» ойсарата ұтты. Есеп 3:0.

Күрделі жөндеуден кейін жақында ашылған Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионда қонақтарды қабылдаған «Қайсар», ойын басталысымен –ақ қарсыластар қақпасына лап қойды. 14 минутта есеп ашылды. Қуанышбековтың сол қанаттан берген пасын, Александр Папуш қақпаға тоғытты. «Лашын» ойыншылары бірнеше мәрте қарымта шабуылға шыққанымен, сәтсіз аяқталды. Алғашқы тайм аяқталар тұста, 45 минутта Қайсарлықтар есепті еселей түсті. Бұл жолы Думан Нарзилдаев жасындай жарқылдады.

Үзіліс кезінде КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевтың жүлдесіне арналған футболдан турнирдің жеңімпаздары, жас футболшыларды марапаттау рәсімі өтті. Шараға жарыс иесі Тимур Санжарұлы, ҚР футбол федерациясының вице-президенті Виктор Кратков және Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев қатысып, жас спортшыларды марапаттап, жеңіс тіледі.

АҚПАРАТ: Дәл осы күні облыстық футбол федерациясының кезекті конференциясы өтті. Онда бірнеше мселе қаралды. Алғашқысы 2000 жылдан бері өзгермеген федерация жарғысын қайта қарау. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, келесі отырысқа дейін жаңа жарғыны дайындалатын болды. Екінші мәселе федерацияның атқарушы комитет мүшелерін өзгерту. Сондай-ақ жиналғандар облыстық федерация президенттігіне ұсынылған, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Ойынның екінші жартысы да тартысты өтті. 51 минутта «Қайсардың» шабуылшысы Тұрарбек Қуанышбеков тоғыздыққа дәл бағыттап, командасына тағы да гол сыйлады. 3:0. Осы есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Осылайша екінші рет ірі есеппен жеңіске жеткен «Қайсар» қайта қарқын алып келеді.

Айта кету керек, бір жылдары қаржылық қиыншылық көріп, ел біріншіліктен шеттетілген Қызылордалық командада, облыс басшылығына Қырымбек Көшербаев келгелі, оң өзгерістер бола бастады. Бастысы материалдық мәселе шешіліп, «Қайсар» қатарға оралды. Облыс орталығындағы 4 000 орындық Ғ.Мұратбаев атындағы стадион әбден ескіріп, көптен жөндеу көрмей келген болатын. Бұл проблема да шешуін тапты. Толықтай жөндеу жасалып, енді Қайсарлықтардың алаңдамай жаттығу жасауына жағдай бар онда. Сөзімізге дәлел болсын, футбол клубына жақында ғана облыс басшысы екі бірдей автобустың кілтін сыйға тартты. Және спорт сүйер қауымға есімі жақсы таныс Болат Есмағамбетовтың «Қайсар» ФБ директоры қызметіне келуін де Қызылордалықтар жақсылыққа балап жатыр.

alaman.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×