Бір жылдық үзілістен кейін премьер-лигадағы үздіктер қатарына қайта қосылған Қызылорданың «Қайсары» биыл жоғары көрсеткішке қол жеткізуге тас түйін дайындалып жатыр.
Бұрынғы жылдарда да ойын өрнегімен жанкүйер қауымның көңілінен шығып жүрген Сыр бойының клубы үстіміздегі жылы осындай ықыласқа ие болуды жөн санайды. Команда басшылығы алғашқы істі бас бапкер тағайындаудан бастады. Бұдан бұрын «Қайсарға» украин маманы Виктор Камарзаев жетекшілік жасауға келетіні жайлы айтылған еді. Дегенмен аталған маманның Қызылорда жеріне келуге ықыласы болмапты. Енді оның орнына Литвадан 60 жастағы Альгимантас Любинскас тағайындалды.
А.Любинскас аяқдоп жанкүйерлеріне мейлінше таныс. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын азаматтар оның 70-жылдарда Литваның «Жальгирис» командасының белді ойыншысының бірі болғандығын жақсы біледі. Ол 80-жылдардың басынан бапкерлік қызметке бет бұрды. Алдымен Альгимантас аға өзінің «Жальгирисінің» ойыншыларын баптады. Одан кейін Бангладеште «Абахама» клубына жетекшілік етті. 1991-1995, 2003-2008 жылдары – Литваның ұлттық, 2002-2003 жылдары олимпиадалық құрамасының тізгінін ұстады.
Марат ӘЛІБЕКОВ, «Қайсар» футбол клубы директорының орынбасары:
– А.Любинскас өз қызметінде жоғары көрсеткіштермен көзге түскен. Литва құрамасының қазіргі күндері Еуропа төрінде талай азулы құрамамен терезесі тең ойнап жүргенін білеміз. Ендеше, ол «Қайсарды» да өрге сүйрейді деп ойлаймыз.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ,
Қызылорда облысы