«Қайсарлықтар» мектеп оқушыларымен кездесті

16.03.2012, 09:42
«Қайсарлықтар» мектеп оқушыларымен кездесті
Сейсенбіде «Қайсар» ФК-ның ойыншылары нигериялық Филип Эдейпо мен жергілікті футбол мектебінің түлегі Асхат Тағыберген облыстың мектеп оқушыларымен кездесті. Кездесуді ұйымдастырушы «Ұстаз мәртебесі» газеті өзінің жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай, облыс оқушыларының арасында спорттың футбол ойынына қатысты интеллектуалдық сұрақтардан «Аламан» спорт бәйгесін ұйымдастырып, екі айға созылған бәйгенің қорытындысында оқушыларды марапттауға «Қайсар» футбол клубының ойыншылары мен директордың орынбасары Марат Қазиханұлы арнайы шақырылған болатын. Бәйгеге барлығы 50-ден аса оқушы қатысып, тек жоғары ұпай жинаған 6 оқушы арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Редакцияға шақырылған футболшыларды көріп, мәре-сәре болған оқушылар, өз қуаныштарын жасыра алмады. Сүйікті футболшыларымен суретке түсіп, қолтаңба алудан жалықпаған балалар оларға түрлі сұрақтар қойып, өздеріне футболшылар туралы көп мәліметтер алды. Мысалы, Эдейпоның сүйікті тағамы палау мен шауырма болса, Асхаттың пір тұтатын футболшысы лондондық «Челсидің» ойыншысы Фрэнк Лэмпард екенін айтты. Футболшылар да оқушылармен кездесуден өте жақсы әсер алғандарын айтып, мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген пікірлерін білдірді. Әділбек Жақанов
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×