Қайта оралған «Sport» газеті

18.11.2011, 17:43
Қайта оралған «Sport» газеті

Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отырған толайым күндері әр істің, әр саланың тарихының еске оралатыны заңды құбылыс. Сондай ұмытылмас істердің бірі – Қазақстан спорт баспасөзінің тұңғышы – республикалық «Спорт» газеттерінің дүниеге келуі. Алдағы есік қағып тұрған 2012 жылдың 1 қаңтарында бұл оқиғаға тура 53 жыл толады. Бұл жарты ғасырдан асқан уақыт аясында қазақ спорттық баспасөзі үлкен өзгерістерге ұшырады. Елімізде спорттық баспасөздер қатары өсті, олар алуан түрде өз оқырман, тыңдарман, көрермендеріне жетіп те жатыр. Бірақ сол бүкіл істің алтын бастауы болған тұңғыш спорттық баспасөзіміз – «Спорт» газеттерінің жөні басқа. Рас, арадағы 53 жылда «Спорт» газеттері де көптеген сапалық, мазмұндық өзгерістерге ұшырады: газеттің көлемі өсті, аты, құрылтайшылары өзгерді... Бірақ газеттің жан-жүрегі, өмір-өзегі болар Оқырманы, сіздер өзгерген жоқсыздар! Газеттер небір қиын кезеңді басынан өткізді. Тәуелсіздік алған жылдардың басында қиын экономикалық жағдайға орай газеттердің жылдап шықпай қалған да кездері болды. Одан бергі аралықта да газеттеріміз қамқорлықсыз қалып, сіздермен уақытша қауышпаған сәттері болды. Бірақ, бір жақсысы, бәрі артта қалды. Әсіресе, қазақ тіліндегі «Спорт айдыны» аталған газетіміздің 2010 жылдың басынан 2011 жылдың екінші жартысына дейін шықпай қалуы елім, ұлтым деген сезімі бар әрбір басшы азаматқа сын болғанын жасырмай айтамыз. Міне, соның бәрі артта қалды. Спорт газеттері жаңаша бой түзеп, Алматыдан Астанаға көшіп, аттарын өзгертіп, енді қайта тоқтамастай болып, шығып жатыр, қадірлі оқырман. Газетіміздің қазақ тіліндегі атауын да спорт қойып, тек оны латын қаріптерімен өрнектедік, яғни аты – «Sport». Мақсатымыз сол баяғы ұлттық сезімге байлауды – қазақ оқырманына, қазақ баласына ел, әлем спорты құпияларын жеткізіп, жеткіншек ұрпақтың қиялын ояту, тәрбие беріп, спорт әлеміне шақыру. Газетімізде ұлтымыздың саңлақ спортшылары, әлем спортының жұлдыздары жайлы қызықты мақалалар жарияланбақ, небір қызықты ұйымдастыру шаралары болмақ. Мысалы, келесі жылы газет ұзақ жыл жүргізіп келген «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты жанұялық шағын футбол турнирлері өз жалғасын таппақ, газет атынан өзге де жарыстар өткізілмек. Біз өз назарымызды әсіресе қазақ ұлты көбірек шоғырланған ауылдық жерлерге бұрмақпыз. Сондықтан да сіздердің шаңырақтарыңызда келесі жыл бойы «Sport» газеті жатса деген арман бар бізде. Ол үшін сіздер «Sport» газетін республикалық каталогтың 59-бетінен тауып алып, бір жылға жазылуларыңыз керек. Каталогтың бетіне дейін айтып, тәптіштеп жатқанымыз – газет екі жылдай шықпай қалды, сондықтан республикалық каталогтен түсіп қалды, сіздер де ол жіптің ұшын таппай қаласыздар ма деген алаңдау. Өзге қандай әңгіме болсын. Бар әңгімені сіздермен 2012 жылдың басында ұшырасып, «Sport» газетінің бетінде айтуға жазсын дейік. Зор құрметпен, Несіп ЖҮНІСБАЕВ, «Sport» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×