Қайтып келген қыз жаман...

05.04.2011, 18:50
Қайтып келген қыз жаман...

Қазақ футболы қайтадан Азияға өте ме?

«Германия» «Қазақстан» командаларының арасындағы кездесуден кейін еліміздің спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов Қазақстан футболын Азияға қайта кіргізу жайында сөз қозғаған болатын. Осы орайда «Дат» газеті де мамандар пікірі мен өз ойын ашық білдірген болатын. Сиырқұйымшақтанып, сағыздай созылып жатқан даулы мәселеге тағы бір орала кетсек.

Еуропа футбол қауымдастығына кіргенімізге 8 жыл болғанымен қазақ футболы ешқандай да атап өтерлік жеңіске жетпеді деп ойлайтын министр мырза егер Азияға қайта оралар болсақ бұл олқылықтың орнын толтырар едік дейді. Әлем біріншілігі мен Еуропа кубогының ақтық сынына жолдама алу ­– Қазақстан командасы үшін алдағы 50 жылдың ішінде орындалмас арман іспетті екен. Азиядағы командалардың алды болып, алғашқы алтылыққа кіруге мүмкіндігі бар Қазақстан футболының осы деңгейге қалай жеткендігі жайында министр мырза ойланып қарады ма екен?

Осы орайда Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақовтың баспасөзде жарық көрген мақаласына тоқталсақ. Өз ойын ашық жеткізген футбол маманы елдегі аяқдоптың Азияда өткен 10 жылы мен Еуропаға кіргелі бергі 8 жылындағы нәтижелерін саралай кеткен. Мысалы, осы күнгі мақтанышымызға айналған ұлттық құрамаларға арналған Талғардағы заманауи футбол академиясының құрылысының 50 пайызын УЕФА төлегенін вице-президент ерекше атап өтеді. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында өнер көрсететін қазақ клубтарының аталмыш ұжымнан қаржылық көмек алып отырғанын да тілге тиек етеді.

Қаржылық жағдайды толықтыра кетсек, мәселе мұнымен де бітпейді. Футболдағы жағдайлары өзіміз қатарлы мемлекеттерді айтар болсақ белоруссиялық «Батэ» командасы чемпиондар лигасындағы бір маусымда 6,8 млн. доллар көлемінде пайда түсірген. Бұл қазақстандық мөлшермен айтсақ ортаңқол клубтарымыздың жылдық бюджетінен екі есе артық. Әрине, сол біздің ортаңқол клубтарымыздың қаржылық жағдайынан «Батэ» клубының асып бара жатқан дәнеңесі де жоқ. Осы сөздерімен Байшақов футболдан хабары аздау келген Досмұхаметовке бар-жайды байыптап түсіндірген.

УЕФАға кіргелі бері Қазақстандағы төрешілер шет мемлекеттерде тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін арттыруға кең мүмкіндік алды. Осы күні бірнеше төрешіміз Еуропаның белді клубтарының арасындағы ойындарға төрелік айтуда. Қазақстандағы төрешілер корпусының дамуына жылма-жыл УЕФА 200 мың доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетуде. Мұндай жағдай әзірге Еуропа емес өзге әлемнің еш мемлекетінде жоқ дүние. Осыдан-ақ түсінгеніміздей Қазақстан футболы үшін УЕФА қолдан келген көмекті аяп жатпағаны көрінеді емес пе?

Ел футболының дамымай жатқанын ұлттық құрамаларымыздың Еуропадағы азулы командаларынан жеңілгенімен байланыстыратын адамдар қатты қателеседі. Егер де, мемлекет тарапынан футболды жоғарғы деңгейге көтеріп, оған түпкілікті назар салатын болса онда жөн бөлек. Бірақ, мемлекет тарапынан мұндай қошемет болып жатқан жоқ қой. Қазақстанның әйелдер құрама командасына орташа есеппен алғанда бір жылда 120 млн. теңге керек. Ал, өзге құрамалар жайында тіпті басқа әңгіме. Мемлекеттің бір жылда футболдан ұлттық құрамаларына бөлетін жалпы сомасы 50 млн. теңге ғана. Міне, осыдан кейін біздің спорт басшылығында отырған азаматтар қалайша биік үдені міндет етіп, қол жетпес мақсаттар қояды.

Бізден 14 жыл УЕФАға ерте кірген Латвия, Эстония, Беларусия, Әзірбайжан, Армения секілді елдердің футболы да қарқынды дамып, бірден аспандағы айға қол созған жоқ. Біз небәрі 8 жылда 2 ғана әлем біріншілігінің іріктеу сынына қатысып, биіктен көрінуді талап етеміз. Еуропадағы футболды дамытуға арналған жүздеген бағдарлама осы кезде Қазақстанда енді жұмысқа кірісуде. Дәл сондай бағдарламалар АФҚ-да жоқ екені айдан анық. Сондықтан да, бұл мәселені сол күйі жабулы қазан қоя салғанымыз дұрыс шығар.

Елжас ӘУРЕН

Фото Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×