Қаңтарда орын алған ТОП-10 трансфер

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
16.02.2021, 03:19
Үздік 10 трансферді анықтадық, бірақ өзін жаңа командасында жақсы жағынан көрсеткен футболшылар кемде-кем.
Қаңтарда орын алған ТОП-10 трансфер

Қысқы трансферлік терезе жабылды. Бұл жолы клубтар алдыңғы жылдардағыдай керемет трансферлер жасамады. Коронавирустық пандемия тудырған дағдарыс бәріне - байларға да, кедейлерге де әсер етті. Алайда, қаңтарда орын алған үздік 10 трансфер туралы айтпасақ тағы болмайды.

10. Александр Кокорин, "Спартак" - "Фиорентина" (4,5 миллион еуро)


Кокориннің "Фиорентинаға" ауысуы Ресей жұртшылығына жаңалық болып көрінбеді. Өйткені ресейлік ойыншылардың Еуропаға кетуі жиілеп кетті. Кокорин мансабында таңғажайып жолдан өтті: Ресей футболында болашағынан зор үміт күттіретін ойыншыдан ешкім сенбейтін ойыншыға айналды. Кокорин италиялық клуб сапында алғашқы матчын өткізіп үлгерді ("Интерге" қарсы).

9. Озан Кабак, "Шальке 04" - "Ливерпуль" (маусым соңына дейін жалға ауысты)


Вирджил ван Дейктен айырылған "Ливерпуль" қорғаныс шебінде үлкен мәселеге тап болды. Оның үстіне Аллисон да жиі қателесетін болды. Юрген Клопп Хендерсон мен Фабиньоны қорғаушы ретінде ойнатуға мәжбүр болды. Ал қысқы трансферлік терезеде мерсисайдтық клуб Озан Кабакты қатарға қосты.

"Шальке 04" клубының негізгі ойыншысына айналған Кабак "Ливерпуль" сапында алғашқы кездесуін "Лестер Ситиге" (1:3) қарсы өткізді. Бұл ойын Озан Кабак үшін сәтті бола қойған жоқ. Аллисон мен Кабактың өрескел қателігінің салдарынан Варди ашық қақпаға гол соқты. Басы қатты болса, аяғы тәтті болар...

8. Мусса Дембеле, "Лион" -"Атлетико Мадрид" (маусымның соңына дейін жалға ауысты)

Испания чемпионатының көшбасшысы - Мадридтің "Атлетикосына" шабуылшы керек болды. Жалғыз Суареске сенім арту қиын, әсіресе оның жасын ескерсек (34 жаста). Уругвайлықтың орнына "Лионнан" жалға алынған Мусса Дембеле келді. Өткен маусымда өте жақсы ойнаған француз шабуылшысы биыл күтпеген жерден бәсеңдеп қалды: ол "Лион" сапында өткізген 16 кездесуде бір ғана гол соқты.

Жалға алу - бұл бәріне тиімді нұсқа: "Атлетико" жоғары сапалы шабуылшыны алды, "Лион" біраз уақытқа дейін нашар ойыншысынан құтылды, ал Дембеле өзі үшін жаңа ортада қайта ойнау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар "матрасшылар" Дембелені 33 миллион еуроға сатып ала алады.

7. Доминик Собослай, "РБ Зальцбург" - "РБ Лейпциг" (20 миллион еуро)


Собослай бәрі күткендей өте дұрыс шешім қабылдады. Ол "Зальцбург" деңгейінен әлдеқашан асып түсті, ал тағы бір Ред Булл - бұл жолы "Лейпциг" оған өзін толық ашуға көмектесуі керек. "Менің ойымша, Лейпциг менің дамуым үшін өте қолайлы жер. Мен ең жақсы бапкер жұмыс істейтін керемет жас командаға ауысып жатырмын", - деді Собослай өзінің бұл шешімі туралы.

6. Раджа Найнгголан, "Интер" - "Кальяри" (маусым соңына дейін жалға ауысты)


Найнгголан, шынымен де, "Интерде" ешқандай да мүмкіндікке ие болған емес. Басында бельгиялық футболшы команданы Лучано Спаллетти жаттықтырған кезде жақсы ойнады, бірақ Антонио Конте клубқа келген сәтте жағдай 180 градусқа өзгерді.

"Конте мені алаңға сегіз минутқа шығарды, содан кейін мен өз мүмкіндігімді пайдаланбағанымды айттым. Осы уақыт ішінде мен не істей алар едім?"- деді Раджа "Интерден" кеткен кезде.

Бірақ бельгиялықтың мансабын нашарлатқан ең басты нәрсе әйелінің ауруы болды. Ол емдеу курсын үйде, Сардинияда өткізуді жоспарлауда. Раджа оның соңынан еріп, жергілікті "Кальяри" сапына қосылды. Онда Найнгголан өткен маусымды өте сәтті өткізді: 26 матч, 6 гол және 6 нәтижелі пас.

5.Аркадиуш Милик, "Наполи" - "Марсель" (бір жарым жылға жалға ауысты)


"Наполиде" поляк шабуылшысына үлкен үміт артылды. Милик оларды ішінара ғана ақтай алды: ең жақсы көрсеткіш 2018/2019 жылғы маусымда болды, ол 47 матчта 20 гол соқты. Қалған уақытта Аркадиуш көптің көңілінен шыға алмады.

Жазда "Наполи" Миликті сатпақшы болды, бірақ футболшының өзі, қауесеттерге сәйкес, барлық трансферлік ұсыныстардан бас тартты. Нәтижесінде команданың жаңа маусымға арналған тізімінен шығарылды. "Марсель" Аркадиушті бір жарым жылға жалға алды және оны сатып алуға құқылы. Милик ол жерде мансабын қайта жандандыратын шығар?!

4. Лука Йович, "Реал Мадрид" - "Айнтрахт Франкфурт" (маусым соңына дейін жалға ауысты)

Лука Йович те үлкен клубта ойнай алмады. Сербиялық форвард ойыннан басқа бірнеше рет қиындықтарға тап болды: жұмбақ жағдайда аяғын сындырып, карантинді бұзып, түрмеге жабылды! Корольдік клуб "Айнтрахт" клубынан Йовичті қайта тәрбиелеуін өтінді. Онда Лука 2018/2019 жылғы маусымда жасындай жарқылдаған болатын, содан кейін ол "Реал Мадридке" ауысты. Йович "Айнтрахт" клубына қайта оралғаннан кейін үш гол соғып үлгерді.

3. Алехандро "Папу" Гомес, "Аталанта" - "Севилья" (5,5 миллион еуро)


"Аталантаның" көшбасшысы және капитаны Гомес бас бапкер Джан Пьеро Гасперинимен болған жанжалдан кейін командадан кетті. Жағдайдың соншалықты қарқынды өрбігені соншалық, футболшы "Мидтьюлландпен" болған матчтан кейін ойын былай тұрсын, команданың жаттығуынан да шеттетілді. Енді Гомес "Севильяның" намысын қорғайтын болады. Бір қызығы, Гомес "Интерге" немесе "Ювентуске" ауысуы мүмкін еді, бірақ "Аталанта" А сериясындағы тікелей бәсекелестерін күшейтпеуге бел буды.

2. Мартин Эдегор, "Реал Мадрид" - "Арсенал" (маусымның соңына дейін жалға ауысты)


Корольдік клубқа қайта оралған Мартин өзінің ең жақсы қасиеттерін көрсете алмады және қайтадан жалға кетті, мансабында төртінші рет басқа клубқа жалдау шарты бойынша ауысты. Мартин қалған маусымды "Арсеналда" өткізеді.

Мадридтегі Эдегордың болашағы бұлыңғыр болып тұрғанына қарамастан, Зидан оны әлі сатқысы келмейді. "Арсеналмен" жасалған келісім-шартта сатып алу құқығы қарастырылмаған.

1. Месут Озил, "Арсенал" - "Фенербахче" (тегін)



"Арсенал" өткен трансферлік кезеңде команданы едәуір күшейтті. Және керек емес ойыншылардан да құтылды. Біріншіден, бұл Месут Озилге қатысты, оның жалақысы барлығын таң қалдырды: бір жыл бойы алаңға шықпаған неміс футболшысы аптасына 350 мың фунт стерлинг ала берді! Сонымен бірге Озил командадан кеткісі келмеді. Ол "Арсеналмен" жасалған келісім-шартты аяқтағысы келді, бірақ "Фенербахче" жағдайды өзгертті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×