Ең алдымен «Тараз» футбол клубы жайлы бастасақ. Бұл команда өз бетімен шешім қабылдап, премьер-лигада ойнайдан бас тартты. Себебі, клубтың қарыздары миллиардқа жетіп қалғанға ұқсайды. Клуб директоры Жандос Ахметов бір жыл Бірінші лигада ойнау арқылы клубтың қарыздарынан құтылып, одан кейін барып жаңа өмір бастамақшы. Сондықтан да, «Тараздың» орнына өткен жылы Бірінші лигада үшінші орын алған «Жетісу» командасы өнер көрсететін болды.
«Тараз» футболшылары жаппай өзге командаларға ауысатыны анық. Команда капитаны әрі негізгі қорғаушысы Елдос Ахметов «Қайрат» сапына ауысыу ықтимал деген ақпарат шықты. Ұлттық құрама қорғаушысы клубсыз қалмасы анық. Ал қақпашы Мұхаммеджан Сейсенге талас қазірден бастап жүріп жатыр. Оны өз қатарына қосқысы келетіндердің ішінде «Тобылдың» шоқтығы биік. Бұл командаға қазір қақпашы ауадай қажет.
«Астана» командасы «Тобылдың» бірнеше ойыншысын алып, келер маусымда мықты команда жасақтауды көздейді. Мысалы, Душан Цованция осы қазірдің өзінде елордалық командамен келісімге отырып үлгерді. Қостанай облысының әкімі ауысқан соң «Тобылдың» ойыншылары жапа тармағай өзге командаларға кетіп жатыр. Мысалы, қорғаушы Бағдат Қайыров «Ақтөбеге» ауысты. Сонымен қатар, Александр Марочкин «Тобылдан» «Ақтөбеге» ауысатын секілді. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.
Бастапқыда Біріккен Араб Әмірліктеріне баруы тиіс болған «Ақтөбе» бұл райынан қайтты. Күміс жүлдегер команда сол баяғы Түркия елін бетке алмақшы. Құрамында бірнеше өзгерістер болатыны да анық. Бельгияның «Льерс» клубына ауысуы тиіс болған Рамазан Оразов шамасы «Ақтөбеде» қалатын секілді. Өйткені, футболшының агенті бельгиялық клубтан өте жоғары жалақы сұраған көрінеді. Ал «Локомотив» Мәскеу клубының қызыққаны жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ. Қызылордалық «Қайсар» Түркиядағы жиынды бастап кеткен. Виктор Кумыков баптайтын команда «Сампдория» клубына қарсы ойнап 0:3 жеңіліп қалды. Ал өзге клубтар Жаңа жылдан кейін Түркияға аттанады.
Біздің серіктес: FONBET