Қазақ футболшылары «Сантьяго Бернабеуде» доп тебеді

29.03.2012, 19:36
Қазақ футболшылары «Сантьяго Бернабеуде» доп тебеді

Биыл республикалық «Coca-Cola-Былғары доп» додасында үздік шыққан команда Испания астанасы Мадридтің «Сантьяго Бернабеу» стадионында ойнауға мүмкіндік алады. Бұл туралы кеше спортсүйер қауымға арналған баспасөз мәслихатында Ұйымдастыру комитетінің мүшелері мәлімдеді.

Осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Coca-Cola-Былғары доп» додасы биылғы маусымнан бастап «күз-көктем» жүйесіне көшкен болатын. Әзірге турнирдің екі кезеңі аяқталды. Өткен жыл қазан айының басында мектепішілік біріншіліктің жеңімпаздары анықталса, сол айдың соңында қалалық, аудандық додалардың үздіктері іріктелді.

– Алда енді жауапты сындар күтіп тұр, – деп баспасөз мәслихатын ҚФФ вице-пре­зиденті Сейілда Байшақов бастап берді. – Өйткені сәуір мен мамыр айларында об­лыстық іріктеу кезеңі өтеді. Ал мамыр мен шілде аралығында республикалық дең­гейдегі финалдық кезеңі өтіп, жеңімпаз команда анықталады, – деп ҚФФ вице-президенті.  Сейілда Икрамұлының айтуынша, былтыр бұл додаға еліміздің бес мыңнан астам мектебінен 352 мыңнан астам оқушысы қатысыпты. Биыл қатысушылардың саны одан көп болмаса, кем емес көрінеді. Үш жас мөлшері бойынша өтіп жатқан турнирдің финалдық кезеңдері Тараз, Семей және Қарағанды қалаларында өтеді. – Жас аралығына қарай «кіші, орта, жоғары» деп үш топқа бөлгенбіз. Кіші топтың финалдық кезеңі Семей қаласында маусымның 10-ы мен 18-і аралығында өтсе, орта топтың финалдық сыны Қарағандыда – шілденің 10-ы мен 18-і аралығында, ал жоғарғы топтың үздіктері жеңімпазды Таразда мамыр айының 2-сі мен 10-аралығында анықтайды. Ал осы жоғарғы топтан суырылып шығып, ел чемпионы атанған команда шілде айында Испанияда «Реал» футбол клубының «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтетін «Коп Кока-Кола» әлем чемпионатына қатысады, – деп ҚФФ Балалар және жасөспірімдер футболы департаменті директорының орынбасары Игорь Утробин журналистерге қосымша мағлұмат бере кетті.  Ал әлемнің ең әйгілі стадиондарының бірінде өтетін дүниежүзілік додаға қай елдердің қатысатындығы туралы «Кока-Кола» компаниясының Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріндегі менеджері Асад Ширинов айтып өтті. – Негізі, Қазақстандағы «Coca-Cola-Былғары доп» секілді додалар әлемнің елуден астам елдерінде өткізіліп тұрады. Бүгінде әлем чемпионатына қатысуға ниет білдірген елдерден өтініштер қабылдануда. Әзірге біріншілікке қатысуға ниет білдірген үш ел бар. Олар: Қазақстан, Испания және Алжир елдері, – деді Асад Ширинов.  Биыл Испанияда өтетін «Копа Кока-Кола» әлем чемпионатын келесі жылдары өзге елдер де қабылдамақ. Нәтижесінде, бұл жас жеткіншектер арасындағы өзіндік әлем чемпионатына ұласатын болады.  Жалпы, елімізде 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл дода футболды өмірлік серігі еткен көптеген жас жеткіншектердің асыға күтетін турнирі. Алты жылдың ішінде турнир талай өзгерістерге ұшырап, көптеген реформаларды бастан өткерді. Бірақ мақсаты ғана өзгерген жоқ. Талай жасөспірімдерді үлкен футболға жетелеп шыққан да осы дода. Мәселен, 2006 жылы өткен «Coca-Cola-Былғары доп» додасының бірінші маусымында ең үздік шабуылшы атанған Сергей Хижниченко – бүгінде ұлттық құрамамыздың белді ойыншыларының бірі. Сондай-ақ Бразилияның «Оле Бразил» академиясында үш жыл тәлім алған жас жеткіншектердің дені де осы турнирден түлеп ұшқан. Олардың арасында Рауан Сариев те бар. Өткен жылы Бразилияның «Атлетико Минейро» клубымен келісімшарт жасасқан болашақ жұлдызымыз Рауан «Coca-Cola-Былғары доп» секілді турнирлердің көп болуы керектігін айтты.  Өзге «бразилиялық» жерлестеріміздің қазіргі жайы туралы ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақов былайша түсінік берді. – Олар да кезінде «Coca-Cola – Былғары доп» додасынан түлеп ұшқан. Сол арқылы іріктеуден өтіп, Бразилияға оқуға аттанған болатын. Қазір енді бұл жеткіншектеріміз үшін жаңадан бір клуб құрдық. Енді олар бірінші лигада өнер көрсететін болады. Өздерінің Рауаннан кем ойнамайтынын дәлелдесін.  Рауан Сариев туралы айтар болсақ, визасының мерзімі аяқталған «бразилиялық» жерлесіміз әлі бір апта Қазақстанда болады екен. Әзірге «Атлетико Минейро» ко­мандасының қосалқы құрамында доп теуіп жүрген Рауан Бразилияға бара салысымен негізгі құрамға таласпақ. Ал «Coca-Cola – Былғары доп» додасының биылғы турнирі жайлы қорытар болсақ, ел чемпионы атанып, «Сантьяго Бернабеу» стадионында доп тебетін ойыншыларымыздың да арасынан Рауанның жолын қайталар жастарымыз табыларына үміттенеміз. Кім біледі, бәлкім, биылғы түлектердің бірі әлем чемпионатынан соң атақты «Реалдың» сапына алынып қалар. Бәрі де футболшыларымыздың өз қолында.   Рауан Сариев, «Атлетико минейро» (Бразилия) футбол клубының шабуылшысы:  – Әлі есімде Талдықорғандағы додада барымызды салып ойнадық. Бірақ мені жаттықтырушылар тек 10-15 минутқа ғана алаңға шығарып тұратын. Турнирге екі жыл қатысқанмын. Сосын қаламыздағы «СДЮШОР-1» мектебінің жаттықтыру­шылары мені өздеріне шақырды. Сөйтіп жүріп «Жетісу» бапкерлерінің көздеріне түстім ғой. Кейін «Жетісу» футбол клубының мектебіне ауысып, артынан Бразилияға кеттім. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ алаш айнасы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×