Қазақ футболы қайтсе көркейеді?

08.08.2011, 18:29
Қазақ футболы қайтсе көркейеді?
Қайтсек қазақ футболын әлемдік деңгейге көтереміз? Қашан футболшыларымыз жанкүйерлерді қуантып, әлем тамсанатын әдемі ойын-өрнегін көрсетеді? Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақстандық жанкүйерлерді, соның ішінде қазақ жанкүйерлерін аса мазалай қоймайтын осы сұрақтар жақында аяқталған футболдан 2006 жылғы Германияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасының көрсеткен сәтсіз ойындарынан кейін көкейкесті бола бастады. Ұзақ жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде ұлттық құрамамыз Азия футболының аймағынан шығып, Еуропа футбол одағына мүшелікке өткенде, осы спорт түрі десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер қауымның қазақ футболының алдынан жаңа көкжиек ашылғандай, қандастарымыз әлемнің ең керемет алаңдарында аты әлемге әйгілі ойыншылармен иық тіресе доп тебетін болды деп қуанғаны есімізде. Еуропа футбол одағына мүше болғаннан кейін ұлттық құрама бірқатар ортаңқол командалармен жолдастық кездесулер өткізіп, соның көпшілігінде жеңіліс тауып жатқанда, қашанда жақсылықтан үміт үзбейтін басымыз ол сәтсіздіктерді құраманың жас әрі тәжірибесіздігімен байланыстырып, өзімізді жұбатумен болдық. Ал, футболдан 2006 жылы Германияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінің жеребесі тартылып, Қазақстанның Түркия, Дания, Грекия, Украина, Албания, Грузия құрамаларымен екінші іріктеу тобында сынға түсетіні белгілі болғанда, келер жылы жазда әлемнің азулы командаларымен бірге неміс жерінде бас жүлде үшін бәсекелеспейтімізді іштей сезсек те, мыңдаған жанкүйерлер үміт артқан командамыздың 12 ойында 1 ұпайды әрең олжалайтыны түске де кірмеген еді. Себебі, 2002 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері -Түркия, Еуропа чемпиондары - Дания (1992) және Грекия (2004), сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан Украина құрамаларымен кездесуде ұпай жоғалтсақ та, анау айтқандай жетістіктері шамалы Албания және Грузиямен терезесі тең ойнауға әлеуетіміздің жететініне, мамандарды қайдам, қарапайым жанкүйерлер сенген еді. Алайда, үміт ақталмады. 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан барлығы 12 ойын өткізіп, соның 11-інде қарсыластарына есе жіберді. Өз алаңында өткізген 6 ойынның бірде-бірінде жеңіске жетпеді, жеңбек тұрмақ тең ойнай алмады. Сырт алаңда Грузия құрамасымен өткізген кездесуде 0:0 есебімен тең түсіп 1 ұпайға әзер дегенде ие болды. Қарсыластар қақпасына бар-жоғы 6 доп соқса, өз қақпасына одан бес есе көп, нақтырақ айтсақ 29 доп жіберді. Нәтижесінде көшке ілесе алмай қою қара шаңның арасында қалып қойды. Біз тең ойнамақ болған Албания 13 ұпай, ал Грузия болса 10 ұпай жинап, алдымызға түсті. Хош, сонымен ұлттық құрама аталған іріктеу турнирінде неге сүреңсіз ойнады? Оған кімді кәнәлаймыз, жаттықтырушыны ма, жоқ әлде мыңдаған жанкүйердің үмітін арқалаған ойыншыларды ма? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Бұл іріктеу турнирінде ұлттық құраманың тізгінін бас жаттықтырушы ретінде Сергей Тимофеев ұстады. Оған Антон Шох, Асқар Қожабергенов, Яшар Алиев сынды жаттықтырушылар көмектесті. Бас жаттықтырушы іріктеу турнирі аясындағы оқу-жатығу жиынына ел чемпионатында, ресейлік клубтарда ойнайтын қақпашылары, қорғаушылары, жартылай қорғаушылары, шабуылшылары бар барлығы 23 футболшыны шақырды. Оның ішінде Самат Смақов («Қайрат», Алматы), Руслан Балтиев («Мәскеу», Ресей), Нұрбол Жұмасқалиев («Тобыл», Қостанай), Әлібек Бөлешев («Қайрат», Алматы), Мұрат Тілешев («Ертіс», Павлодар), Диас Кемелевтен («Ертіс», Павлодар) басқалары өзге ұлттың өкілдері. (Құраманың ойыны кері кете бергесін кейіннен барып құрамаға Мақсат Байжанов («Қайсар», Қызылорда), Пірәлі Әлиев («Қайрат» Алматы), Қайрат Отабаев, Данияр Кенжеханов («Восток», Өскемен) сынды үш-төрт қазақ жігіті шақырылды). Осылайша, бас жаттықтырушы ә дегеннен-ақ ұлттық құрама сапына футболшылар шақырту арқылы өзінің кімдерге үміт артатынын емеурінімен танытқандай болды. Жүректерінің бір бұрышында жеңіске деген үміт оты басым қарапайым жанкүйерден бастап Қазақстан футбол одағының басы-қасында жүрген азаматтардың ешқайсысы кезінде өзі де доп қуалаған, тәжірибесі бар бас жаттықтырушының бір білгені бар шығар деген ниетпен оған бұл қадамыңды қалай түсінуге болады, сонда бұл қай мемлекеттің құрамасы деп тіс жармады С. Тимофеевтің бұл ұстанымы алғашқы ойыннан-ақ өз нәтижесін берді. Іріктеу турнирі аясында бірінші кездесуін Алматыдағы орталық стадионда Украина құрамасымен өткізген жерлестеріміз 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы кездесу ғой, басы қатты болса аяғы тәтті болар деген үмітпен жанкүйер қауым келесі ойындарды асыға күтумен болды. Алайда, өкінішке орай ұлттық құрама өз алаңында болсын, сырт алаңда болсын жеңілістерден көз ашпады. Тіпті ол жеңілістердің шегі жоқтай көрінді. Сырт алаңда болмаса да өз алаңында сүйікті командасынан жеңіс күткен жанкүйер ақыр аяғы тең ойынға зар болды. Абырой болғанда, қазанның 8-інде Тбилисиде Грузия құрамасымен тең ойнап, әзер дегенде 1 ұпайға ие болды. Ал, Түркия құрамасынан сырт алаңда 4:0, Алматыда 6:0 есебімен ойсырай ұтылғанда, талайлардың қазақ футболы өсіп емес, өшіп бара жатқандай күй кешкені анық. Өз алаңында жерлестеріміз Украина, Грузия, Албания, Грекия құрамаларымен кездесулерінде тең ойнап тұрып, сол нәтижені ұстап тұра алмай, қас қылғандай матч аяқталуға санаулы минөттер қалғанда қақпаға гол жіберіп алып жатты. Бұл әрине ұлттық құраманы қолдау үшін орталық стадионға келген немесе көгілдір экран алдында тақымын қысып отырған жанкүйерлердің жүрегіне өкінішке толы сәттерді сыйлады. Біздіңше, ұлттық құраманың 2006 жылғы іріктеу турниріінде сәтсіздіктерінің басты себептерінің ең негізгісі ? оның қатарындағы ойыншыларда кәсіби шеберлік жетіспейді. Яғни, олар алаңда бір-біріне доп беру кезінде қателіктерге көп бой алдырады, сылбыр қимылдайды. Соның салдарынан матч барысында бірін-бірі түсінбей жатады. Өзіне қарай әртүрлі траекториямен әуелеп немесе жермен келе жатқан допты ырқына бағындырып, оны еркін алып жүруге машықтанбаған. Ал, кейбір футболшыарымыз аяғының астына келген допты ұрымтал тұста қақпаға дұрыс бағыттай алмаса, неге олай болғанын ой-елегінен өткізу үшін екі қолын төбесіне көтеріп ойланып тұрып қалады. Футболдың жылдамдықты қажет ететін ойын екенін ескерсек, бұл мүлдем сын көтермейтін әрекет. Тіпті бір-біріне дұрыс пас жеткізе алмағандары, ойын барысында оған кім кінәлі екенін анықтауға тырысып, қызылкеңірдек болып қалатын сәттер де жиі кездеседі. Ал, шетелде ойыншылар бір-біріне допты дұрыс жеткізіп бере алмаса (оларда мұндай әрекеттер сирек кездеседі), екіншісі онымен қызылкеңірдек болып жатпай, еңбегі үшін әріптесіне қол шапалақтап немесе бас бармағын көрсетіп құрмет көрсетіп, бірден ойынға араласып кетіп жатады. Сонымен қатар, қазақстандық футболшылар допты алаң сыртына шығып кеткенінше қуып жетіп, алдыңғы шепте жүрген әріптесіне шығарып берудің орнына жалқаулыққа салынып, оны көзінің қиығымен шығарып салуды әдетке айналдырып алған. Бұл ретте, футболшыларымыздың 90 минөт бойы доп тебу кезінде әлемдегі азулы командалардың қарқынына ілесе алмай шаршап қалатынын да айта кеткен жөн. Соның салдарынан ойын аяқталуға санаулы минөттер қалғанда қақпаға доп жіберіп алады. Бір сөзбен айтқанда, о баста шабуыл шебі нашар қазақ футболының қорғанысы да сын көтермейді. Бұған бір мәрте емес, сан мәрте куә да болдық, болып та жүрміз. Ал, әлемдік футбол тарихында шешуші матчтардағы ойын тағдырын көп жағдайда матч басында соғылған немесе соңында соғылатын жалғыз доп шешіп жатады. Құраманың әрбір кездесуінен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз мәслихаттарында бас жаттықтырушы С. Тимофеев ойыншылардың Еуропаның мықты командаларымен 90 минөт бойы тең дәрежеде доп қуалауға шамаларының жетпей жатқанын айтып, жеңілістердің басым бөлігін осымен және олардың қарсыластарына қарағанда кәсіби деңгейінің төмендігімен байланыстырды. Бұған келісуге де болады. Алайда бұл ретте барлық жауапкершілікті құрамада өнер көрсетіп жүрген футболшыларға артуға болмайтынын айта кеткен жөн. Өйткені олардың әрқайсысы деңгейлерінің жеткен шегіне дейін жақсы ойнауға тырысып бағады. Себебі, әрбір соғылған гол үшін, әрбір нәтижелі ойын үшін футболшыларға қомақты сыйақылар тағайындалатынын ескерсек, сәті келсе гол соғып, тиімді пастар шығару арқылы ондай олжадан спортшылардың ешқайсының құр қалғысы келмейтіні рас. Бұл тұста футболшыларымыздың кәсіби шеберліктерінің төмендігін біз олардың Англия, Франция, Италия, Бразилия т.б толып жатқан әлемдегі мықты құрамалардың ойыншылары сияқты оқу-жаттығу базасы қазіргі заманғы озық технологиялармен толық жабдықталған ғимараттарда жаттықпағанымен және кәсіби деңгейі жоғары, білікті жаттықтырушының нұсқауларын тыңдап, тәлім-тәрбиесін көріп, біліп өспегенімен де байланыстырғымыз келеді. Бір сөзбен айтқанда, миллиондаған адамдардың сүйікті ойынына айналған футболды дамытуға Қазақстанда қажетті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Бұл мойындауды қажет ететін шындық. Сондықтан болашақта қазақ футболын әлемдік деңгейге көтереміз десек бізге бірқатар түйткілді мәселелерді шешу қажет. Ол үшін ең алдымен футболдың инфрақұрылымын дамыту маңызды. Яғни, республикамыздың әр аймағында осы спорт түрінен жасөспірімдерді оқытып, дайындайтын заман ағымына сай қажетті жабдықтармен жабдықталған спорт мектептерін ашып, оған мүмкіндігінше жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын жасөспірімдерді көптеп тартқан жөн. Бұл доп тебуге икемі бар балалардың шеберліктерін шыңдап, кәсіби спортшы деңгейіне жетуге көп септігін тигізеді. Ал, мұндай арманнның талай қарадомалақтың көкейінде сайрап жатқанына біз ойланбастан бәс тіге аламыз. Футболы дамыған шетелдерде бұл іс жүйелі түрде жолға қойылған. Біз жоғарыда атын атап өткен футболшылардың барлығы осындай мектептен өткен түлектер. Осы тұста футболдан ұлттық құрамаға қарағанда Қазақстанның жастар құрамасының жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін айта кеткен жөн. Шеберлік қашан да жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан ұлттық құраманы болсын, жастар құрамасын болсын жаттықтыру үшін қаржы көзін тауып шетелден білікті мамандар тартуды ойластыру қажет. Дәл қазір бұлай істемейінше қазақ футболының дамуын жүйелі түрде жолға қою қиынға соғады. Бұл әлемдік тәжірибеде қолданылатын әдіс. Себебі бүгінде Қазақстанда әлем футболында болып жатқан өзгерістерді, жаһандану заманында жалпы футбол төңірегінде қалыптасып отырған қағидаттарды терең білетін, сезінетін мамандар жоқтың қасы. Осы тұста Отто Рехагель сынды білікті неміс маманы жаттықтырған Грекия сынды ортаңқол команданың іріктеу турнирінен сурылып шығып қана қоймай, Франция, Италия, Португалия, Испания, Англия сынды азулы командаларды сан соқтырып, 2004 жылы Еуропа чемпионы атанғанын еске алсақ та жеткілікті. Қазір Грекия құрамасымен әлемнің мен деген құрамалардың барлығы санасады. Ал, әлем футболында мұндай тәжірибе жақсы жолға қойылған және осылай іс-әрекет арқылы футболын дамытып отырған мемлекеттер жетіп артылады. Осылай іс арқылы біз футболымызды дамытып қана қоймай, жергілікті жаттықтырушылардың да жаңа мектебін ашауға мүмкіндік алатын боламыз. Футбол ойыны осыдан 10 жыл бұрынғы деңгейінен әлдеқайда дамып кетті. Мәселен, аты әлемге әйгілі Пеле немесе Марадона сынды т.б аты аңызға айналған футболшылар дәуірінде футболды жеке дара (индивидуальный) ойнау жақсы дамыды. Яғни, аталған футболшылардың қай-қайсысының шеберлігі заманында өз әріптестеріне қарағанда анағұрлым жоғары болғандықтан, қарсы алдында тұрған үш-төрт қорғаушыны алдап өтіп қақпаға доп енгізу олар үшін аса қиындық туғызбайтын. Ал, қазір алаңда дәл Пеле мен Марадонадай жеке дара футбол ойнайтын ойыншылар жоқ. Рас, аты әлемге әйгілі Роналдо, Роналдинью, Зидан, Бэкхам, Рауль, Шевченко сынды т.б танымал футболшылардың допты ырқына бағындыруы, қарсыластарын алдап өтіп, қақпаға доп енгізетіні талайды сүйсіндіреді. Алайда олардың көк шөптің үстінде еркін көсіліп ойнауына кәсіби футболдағы кез-келген қорғаушының тосқауыл қоюға шеберлігі жетеді. Себебі, қазіргі футболшылардың басым көпшілігінің деңгейлері бір-бірімен шамалас. Сондықтан, мұны жақсы білетін кәсіби футболды жанына серік еткен танымал футболшы бастаманы өз қолына алып жеке дара футбол ойнағаннан гөрі, командаластарымен алға ұмтылуға тырысады. О бастан ұжымдық болып саналатын, әлем сүйсініп тамашалайтын футбол ойыны осылайша қазір шарықтау шегіне жетті. Сондықтан бізге қазақ футболын дамытамыз десек, ең алдымен республика бойынша заман талабына сай келетін футболшылар дайындайтын жасөспірімдердің спорт мектептерін көптеп ашып, стадиондарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қажет. Қазақстандағы ең жақсы деген Алматыдағы орталық стадионда доп тепкен шетелдік футболшылардың алаң сапасына көңілдері толмай жататынын да естудеміз. Еліміздегі стадиондарды күрделі жөндеуден өткізіп, әлемдік стандарттарғар сәйкестендіру Қазақстан футбол одағының құзырына кірмейді. Бізде бұл міндетті жергілікті билік органдарының құзыры атқарады. Алайда, қазіргі таңда бұл іске білек сыбана кірісіп жатқан әкімдердің қарасы аз болып тұр. Сондықтан, бұл ретте стадиондарды қайта жөндеуден өткізуге Үкімет тарапынан ерекше көңіл аударылса жөн болар еді. (Ал, жаңа стадиондар салу жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Себебі оларды салуға біріншіден әлеуетіміз жетпейді, екіншіден олардың қажеттілігі әзірге шамалы болып отыр). Екіншіден, әлемнің көптеген елдері басынан өткерген құраманың базалық командасын құру қажет. Үшіншіден, жасөспірімдерге доп тебуді үйрететін, жастар және ұлттық құраманы жаттықтыратын шетелдің білікті мамандарды (жаттықтырушыларды), психологтарды тарту қажет. Төртіншіден, ұлттық құрамадағы қазақ жастарының шоғырын көбейтуге мән беру керек . Себебі қандай спортта болмасын жеңіске жету үшін адам бойында ұлттық намыс жоғары болуы тиіс. Онсыз биіктерді бағындыру қиын. Өкінішке орай, Қазақстан ұлтық құрамасында өнер көрсететін ойыншылардың бойында басқа кемшіліктерді былай қойғанда, әзірге осы қасиет кемшін түсіп жатқан сияқты... Әрине, ұлы жеңістер қиыншылықтарсыз, тер төгусіз, жеңілістерсіз келмейді. Адал төкен тердің ерте ме, кеш пе өтеуі болатынын ескерсек, қазақ футболы үшін бөркімізді аспанға атып қуанатын табысты күндердің ауылы алыс емес екеніне сенгіміз келеді. Сөз соңында айтарымыз, футбол бұл табыс көзі. Спорттың осы түрі қарқынды дамыған мемлекеттерде әртүрлі инфрақұрылымдардың, атап айтқанда, қонақ үйлердің, мейрамханалардың, көңіл көтеретін орындардың, сондай-ақ тағы да басқа салалардың бизнесі алға басуда. Бұлардың бір-бірімен ықпалдаса дамитынын ескерсек, футболды өркендету арқылы тек мемлекетіміздің атағын асқақтатып қана қоймай, еліміздің әл-ауқатын қазіргіден де жақсартуға мүмкіндік бар... P.S. Осы материал дайындалып жатқанда Қазақстан Футбол одағынан хабар жетті. Қарашаның 7-сі күні өткен Қазақстан Футбол одағы атқарушы комитетінің отырысында, футболдан 2006 жылы Германияда өтететін әлем чемпионатының іріктеу ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының нашар өнер көрсетуімен байланысты бас жаттықтырушы Сергей Тимофеевті қызметінен босату туралы шешім қабылданыпты. Бірақ, бар мәселенің тек жаттықтырушыға ғана тіреліп тұрмағаны және белгілі. Біз де бүгін шамамыз келгенше, сол проблемалардың біразын қозғаған сияқтымыз... Ернұр Ақанбай
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×