ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНА – 100 ЖЫЛ! АЛ ЛАУАЗЫМДЫ КӨКЕЛЕРДІҢ КӨҢІЛІ БАСҚАДА...

07.02.2013, 22:25
ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНА – 100 ЖЫЛ! АЛ ЛАУАЗЫМДЫ КӨКЕЛЕРДІҢ КӨҢІЛІ БАСҚАДА...

«Кабельдік телевидение деген жақсы болды. Тікелей ағылшын премьер-лигасының ойындарын көріп отырамыз. «Манчестер Юнайтед», «Челси», «Ливерпуль», «Арсенал», «Манчестер-Сити»... бірінен-бірі өтеді. Оны айтасың, Англияның төменгі лигасындағылардың өздері қандай керемет?! Кубоктық ойындарда жоғары лига командаларының атақ-даңқына қарамай иық тірестіріп ойнайды. Жанкүйерлерге лық толған стадион қалай ән салады? Ой, бір қызықты концерт көріп отырғандай рахаттанасың...» Пойызда бірге келе жатқан орта жастағы жігіт ағасы құлшына сөйлеп отыр. Жанындағылар бас­тарын изеп, әңгімені одан әрі қыздыра түсуде... «Қазақтардың ойына тамызық болған ағылшын футболы-ай, шіркін! Қашан өстіп өз футболымыз жайлы көсіліп отырар екенбіз?» деп ойладым. Әй, қайдам, қазіргі тірлігіміз мұндай тойдың ауылы алыс екендігін дәлелдей түскендей. Енді қалай? 2012 жылы ФИФА рейтингісінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрама командасы 142 орынға тұрақтады. Ал ежелден бәсекелес Өзбекстан футболшылары 69-шы орында. Оның үстіне ФИФА-ның шешімімен Өзбекстан құрама командасы ФИФА-ның fair play сыйлығына (футболды дамытуға қосқан үлесі мен таза ойын үшін беріледі) ие болды. Ұят-ай, анау-мынау емес, өзбек футболы Қазақстан футболынан 73 саты жоғары тұр. Ала шапанды ағайындар Азия құрлығында доп теуіп жүріп-ақ біршама ілгері жылжыған. Біздікі не қылған керікеткендік? «Еуропада бәсекелестік жоғары, сол арқылы футболымыз өседі, өркен­дейді» деп, аяқ доптың басы-қасында жүрген шенеуніктер кезінде бүкіл елді сендіріп еді, әлі солай, «қашпаған сиырдың уызын ішіп жүр». Өткен жылы күзде Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділбек Жақсыбековтің аузынан «күту керек, нәтиже болады» деген ыңғайдағы әңгімені тағы да естідік. Сендірмеді. Мұның себебі де, тамыры да тереңде жатыр. Қазақстанда ұлттық футболды дамытудың сабақтаса жалғасатын кешенді бағдарламасы жоқ біздіңше. Қазақ футболын өркендетуге мемлекеттік тұрғыда маңыз берілмей отыр. Әр жерде бір тиіп-қашып, аула клубтарын, футбол үйірмелерін ұйымдастыру, балалар командалары арасында жарыстар өткізу жай ғана есеп үшін керек сияқты. Жыл сайын, тұрақты түрде таланттарды іздестіруге, доп тебуге қабілеті бар балғындарды тауып, іріктеп, олардың талабын одан әрі дамыта түсу үшін тиісті жағдайлар жасалмаған. Тіпті, мұндай шаруға назар аударыла бермейді де. Рас, елімізде талантты балаларды Бразилияда «Оле Бразил» футбол академиясында оқыту қолға алынды. Жас футболшылардың алғашқы тобы бітіріп келіп, қазір екінші тобы оқып жатыр. Футболдың қыр-сырын меңгерген «бразилиялықтар» былтыр «Бәйтерек» деген бір командаға біріктіріліп, Қазақстан біріншілігінде бірінші топта ойнады. Жас футболшылардың жігері мұқалмай, қалыптассын дегендік шығар. Дегенмен, үш жыл сайын бітіріп келетін 20-25 бала Қазақстан футболының жыртығын жамай ала ма? Тек осы жолды ұстанар болсақ, Бразилиядан оқу бітіретіндерге ғана қарап отырсақ, әлі талай жыл тек үмітімізді үкілеумен отырамыз. Ендеше футболды өркендету үшін ауыл-ауылда, аудандарда футбол мектептерін құрып, жалпыхалықтық спорттың кәсіби негізін қалау керек қой. Биыл Қызылорданың «Қайсары» жоғары топтан шеттетілді. Неге? Өйткені, клуб басшылығы футболшылардың еңбекақысын төлемеген. Қаржы жоқ деседі. Телеарналардан көрсеткендей, облыстағылар «Қайсарда» тек жергілікті футболшылар ойнасын!» деген өз талаптарын алға тартады. Егер Қазақстанда футбол дұрыс жолға қойылса, мұндай оқиға орын алмас еді. Легионерлер келеді, кетеді. Қазақстанда тек осы бағытта қыруар ақша желге ұшып жатыр. Оның орнына өз футболшыларымызды даярлаудың жолын іздеген әлдеқайда дұрыс болмай ма? Қазақстанда қанша легионер бар, оларға қанша қаржы жұмсалады? Кім есептеп көрді? Таяуда ғана «Ақтөбе» үшін тер төккен өзіміздің Самат Смақов Түркияның «Ризеспор» клубына ауысты. Сонда оның «Ақтөбе» командасында жылына 600 мың доллар еңбекақы алып келгені туралы ақпарат тарады. Өз футболшыларымыз сондай қаражат алғанда, шақырылған легио-нерлерге төленетін қаржы осал болмаса керек. Футболдағы шенеуніктерінің «бұл соншалықты көп ақша емес» деуі әбден мүмкін. Себебі олар тағы да сол еуропалық ойыншылар деңгейімен есептейді, ай сайын 18-20 миллион доллар алатын Л. Месси, С. Это`О, 12-14 миллион доллар алатын ван Перси, Криштиану Роналду сияқты жұлдыздарды мысалға келтіреді. Бұл енді күлкілі жағдай? Еуропа футбол саласының деңгейі қайда, біз қайда? Ағылшынның бір клубының бюджеті бас айналдыратын сомамен есептеледі. Ендеше «аттыға еріп, жаяудың таңы айрылыптының» керін келтіруден неге жалықпаймыз? Қазақ футболының проблемалары талай жылдардан бері айтылудай-ақ айтылып келе жатыр. Бірақ соның жігін басып, тігісін жатқызуға келгенде кежегеміз кейін тарта береді. Міне, 20 жыл болды ел футболы тұсаулы ат сияқты, қорадан әрі ұзай алмай тұр. Халықаралық деңгейде «жілігі татитын» жақсы ойын көрсетуіміз некен-саяқ. Онда легионерлерге ғана сүйеніп, жеңіске жету, атақ алу кімге керек? Халқымыз үшін қанша пайдасы бар мұның? Жанкүйер қауым осы сауалға жауап таппай жүр. Жапония жапондарды, Корея корейлерді, Иран парсы жігіттерін, Араб мемлекеттері арабтарды ойнатады, бұларда ұлттық мүдде алғы орынға қойылған. Қазір Еуропаның белді-белді футбол клубтарын қараңыз, осы елдерден шыққан футболшылар да жасыл алаңның шаңын қағып жүр. Құрама командалары да Азияның маңдай алдында. Біз солардан кембіз бе? Тәжірибелеріне неге үңіліп көрмеске? Басқаны былай қояйық, жанымыздағы Өзбекстанға азырақ назар аударсақ қайтеді? Біздің клубтарда Ұлықбек Бақаев, Жафар Рисметов сияқты жігіттері ойнайды. Өзбек Равшан Ирматов 2008-2011 жылдары қатарынан төрт рет Азияның үздік төрешісі атанды. Ол Азия кубогының финалында Жапония–Австралия ойынына, клубтық әлем біріншілігінің финалында «Сантос–Барселона» ойынына төрелік етті. Әлем чемпионатынан кейін президент Ислам Каримовтың жарлығымен оған «Өзбекстан мақтанышы» деген атақ берілді. Қызығасың да, қызғанасың да. Ұпайын түгендеп жатқан өзбектерге риза боласың. Намысы бар қазақ баласының да әлемдік футбол ареналарында осылай аты шығып жүргенін қалайсың. Қарадомалақ ұлдарымыздың бойындағы жылт еткен ұшқынды жалынға айналдырар сәт баяғыда келген. Ондай таланттар құдайға шүкір, бар. «Оле Бразилде» оқыған жасөспірім Рауан Сарин қазір Бразилияның бір штататында «Ботафого» клубында ойнап жүр. Қарағандылық 11 жасар оқушы Қазыбек Тұяқов «Реал» футбол мектебіне сынаққа барады. Одан бірер жас кіші Дариус Нуриддинов Англияда «Челси» мектебінде тәлім алуда. Елімізде осы балалардай жүздеген-мыңдаған талапты ұландардың бары кәміл. Тек солардың үмітін жалғап, жолын ашуға құзырлы орындардағы лауазымды көкелерінің салмақты ой, саналы шешімі жетпей жатыр. Айдана ЕСЕМБАЕВА халық сөзі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×