Қазақ футболының аңызы

06.08.2011, 22:33
Қазақ футболының аңызы
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Осы бір алтын ғасырдай қыдырлы кезең қазақ топырағына қайта айналып соқса деп арман етесің. Апайтөс Әбдісаландар ринг шар­шы алаңында мына бостан за­манымызға жарасты өрлікпен ой­қас­тап, боз кілемнің үстінде түйе балуан Әбілсейіттеріміз еркін ел­дің ерлерінше оқсата белдесіп, құс­тай ұшқан желаяқ Ғұсман мен Әмин­деріміз жарыс жолында ақ­қан жұлдыздай жарқырап, ғажа­йып волейболшыларымыз Заңғар, Октябрь, Жәнібектер керме тордың үстіне белден көтеріле  қақырата соққан доптарының шатыр-шұ­ты­ры жер жаңғырықтырып, қазақ спортының даңқын дүйім дүниеге жаңа жетістіктермен күн аралатпай жайып жатса… деп бір сәт қиял­дағанның несі айып. Әдебиетімізге жарқылдап жас Олжастар, Мұқа­ға­лилар, Мұхтар мен Әбіштер келсе…
Осы аталған және аталмаған ардақты есімдер қатарына қазақ футболының аңызы, Қазақстан фут­болының тұтас бір дәуірін жасаған, бір кездегі советтік футбол алама­нындағы атақты сайып­қыран Тимур Сегізбаевты қоссақ, әсіресе спорт пен әдебиеттегі алтын ғасырымызды қайта оралту орайындағы бейкүнә арманымызға бола бізді ешкім асыра сөкпес деп үміттенеміз.
Ал, осы қазақ футболының аңы­зы Сегізбаев сұрапыл соғыс бас­талардан бес апта бұрын сегіз баланың ішінде ұлдардың үлкені болып Семейде дүниеге келгенін қазір біреу білер, біреу білмес. Әкесі Санжар сол кездегі Қырғыз автономиялы республикасы Жоғар­ғы сотын басқарған білікті заңгер, адал азамат. Соған қарамастан, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшы­рап, түр­меге қамалып, кейінірек ақ­талған. Осыдан-ақ Тимурдың ба­ла­лық ша­ғы­ның аспаны бұлтсыз болма­ға­нын, тұрмыс қиындық­та­ры­мен қа­р­шадайынан-ақ бетпе-бет келгенін, әлдебір бюрократтың бәл­денген бұ­ла еркесі болып өспегенін аңға­р­ған­даймыз. Футболдың болашақ жұл­ды­зының буыны қатып, бұғанасы бекіген жері Есік болса, есейіп ержетуге бет алған шақта отбасы отағасының қызмет бабымен Ал­ма­тыға қоныс аударады. Сегізбаевтар тұрған үйдің ту сыртында – физкультура институты. Қол созым жерде 28 гвардияшы-панфилов­шы­лар саябағы. Сол кезде бұл сая­бақ­тың ішінде неше түрлі спорт алаң­дары болады екен. Бір жағында баскетбол, бір жағында волейбол, одан әрі теннис алаңы. Осы ара­дағы ойындарды елмен бірге есті бала да құмарта тамашалайды. Бо­йы 2 метр 33 сантиметр феномен баскетболшы Уәйіс Ақтаевты, ба­бын­дағы волейболшы Октябрь Жа­рыл­ғаповты, жас жүрегіне от тас­та­ған басқа да майталман спорт­шы­ларды алғаш осында көреді. Сөй­тіп, кейін елдің волейбол құра­масының белді ойыншысы болған Жәнібек Сауранбаевпен бірге алаң­нан қияс кеткен допты заулай жү­гіріп әкеліп беретін Тимурдың кеудесіне спортшы болсам деген асыл арман ұя салады. Жеңіл атлетика тұрғысындағы қай спорттың түрінен де жаман емес еді. Жүгіруге де, жүзуге де. Мек­тептегі денешынықтыру мұға­лі­мі Сыздықов икемін көріп гим­настикаға тартты. Кейін гимнастикадан КСРО спорт шебері, Қазақ­стан­ның бірнеше дүркін чемпионы болған досы Олег Тен де мұның балғын денесіндегі табиғи талант­қа тәнтілікпен таң қалып, гимнастикамен айналысуын соншалықты қалап еді. Тимур болса, бала кезінде геолог болуды армандады. Айт­қандай, сол жылдарда бұлар тұр­ған үйге 8-март пен Комсомол кө­шелерінің қиылысындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы да тиіп тұрған-ды. Соның себебімен қазақ киносының негізін қалаушы біртуар Шәкен Айманов ағаның көзіне бір, қолына екі түсіп, кездейсоқта актер де болып кете жаздағаны бар. Кейінірек Тимурдың атағы шыққан кезде Шәкен аға да: «Сонда футболды таңдағаның дұрыс болды. Құдайға шүкір, актерлеріміз баршылық. Сондықтан, қазір қазаққа өзің сияқты жақсы футбол­шылар көбірек керек», деп рия­сыз қуанышын жасырмап еді. Иә, қазақ футболының бағына қарай елуінші жылдардың елең-алаң ортасында жасөспірім Тимур халықтық ойын футболды қалады. Оның спорттық өмірінің өрелі жо­лы, қанат қаққан қия шыңдары, ойын өрнегі, шеберлік  деңгейі фу­т­бол қазақтың қанына дарымаған деп әлі күнге көкитіндердің сөзін осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ жоқ­қа шығарып қойған-ды. Отан­дық футболдың бүгінгі жай-күйі мүшкіл болса, ұлттық құрама ха­лық­аралық жарыстарда құлап-сү­рінуден жазбаса, оған кінәлі қазақ­тың қаны мен жаны емес. Оған кінәлі осынау бар халыққа сүйікті спорт түрін дамыта алмай, қаулап өскен қаншама жас түлектердің ара­сынан кезіндегі Тимурдай та­ланттарды таба алмай, соларды дұ­рыс баули алмай отырған футбол төңірегіндегі дарынсыз функционерлер деп білеміз. Әйтпесе, қазақ футболды ешқашан жатырқап, жат­сынбаған. Көкпары, жамбы атуы, жаяу бәйгесі, арқан тартыспағы, асық атыспағы, ат үстінен күміс ілуі, аударыспағы, басқа да қызу­қанды спорттық ойындарының неше атасы болған халқымыздың футболды да әу бастан-ақ жанын­дай сүйгендігіне дәлелдер көп. Таратып айтар болсақ, әңгіме ұзап кетпек. Ал, дәлелдің ең үлкені сол, футбол қазақ өрені Тимур Сегіз­баевтың бүкіл тағдырына, ал Сегізбаев қазақ футболының басты тұлға­сына айналғандығы. Жаңағы айтқан Панфилов­шы­лар саябағы футбол десе ішкен асын жерге қоятын оқушы бала­лар­дың сүйікті мекені болды. Ал­ма­ты төңірегінде, Алатау бау­ра­йында не көп? Пионер лагері көп. Соның бәрінде балалардың жеңсік ойыны – ең бірінші, футбол. Одан Горький атындағы саябақтағы «Спар­так» стадионында мектеп оқу­шы­лары арасында жиі-жиі ұйымдасты­ры­латын матчтар. Міне, нақ осы додаларда Тимурды кәсіпқой футбол маманы Георгий  Козелько бай­қай­ды. Маңдайына жазылған болар, сол жылдарда Алматыда жер аударылып жүрген кеңес фут­болының сайыпқыраны Николай  Старостинмен де кездесіп, әң­гі­месін тыңдап, ғажап әсерге бө­ленудің сәті түседі. Мұны да кез­дейсоқ деудің реті келмес. 1957 жылы Тимур Қазақстан құрама­сы­ның сапында КСРО мектеп оқуш­ы­ларының спартакиадасына қатысу үшін Ригаға аттанды. Сонда Москвада бірер күн аялдағанда фут­болға құлай беріліп, бетін біржола бұрғызған бір оқиға болды. 16 жасар бозбала өткен жылы ғана са­лынған ғажайып «Лужники» ста­дио­нында жүз мың жанкүйердің жаныққан айқай-атойымен бұрқ-сарқ қайнаған футбол аламанын таң­данып, тебірене тамашалады, футбол құдіретіндей елестеген атышулы Эдуард Стрельцовтың жойқын ша­буылдары мен өзгеше ойынын көрді. Сірә, Валентин Ивановтың «Огонек» журналында: «Стрельцов сот­та­лып кетіп, бірнеше алтын жылды зая жіберіп алмағанда футбол королі кім болатыны екіталай еді» деп жазуы тегін де емес шығар. «Үлкен футбол осы екен ғой» деп ойлады Тимур. Жан дүниесінде жаңа бір жанартау оянғандай толқыды. Сөйтіп, үлкен футболда өзінің де бағын сынауға бекінді. Бақ сынағаны сол, бұл кезде ол Қазақстанның жасөспірімдер құра­ма­сының белді ойыншыларының қатарында-тын. Жақында ғана Фрунзе қаласында Қырғызстан ас­танасының құрамасын алматылық өрендер 5:0 етіп ойсырата жеңген­дерінде 2 голды өзі соққанына іштей мерейленіп жүрген жайы бар еді. Ал енді Стрельцовтың тау құлатардай екпінін көргеннен кейін Ригадағы оқушылар спарта­киа­дасында Тимурдың шабуыл ұйым­дастыру таланты мен доп соққыш мергендік қасиеті жарқырап ашыл­ды. Осы жолы ол армян құрама­сы­мен болған ойында болмасты бол­дырған керемет жасап, жұртты таң қалдырды. Футбол маманда­рына еріксіз бас шайқатқан ол не ғала­мат десеңіз, айтайық. Бірінші тайм­нан кейін қазақстандықтар қарсылас­тарына 0:5 болып ұтылып, салдары суға кетіп тұрған. Ал, екінші тайм­ның 45 минуты өткенде таблодағы есеп 5:5 болып өзгерді. Бес допты да Сегізбаев соққан болатын. Әл­бетте, бұл жай қазақ футболының болашағына немқұрайды қарай алмайтын адамдардың назарына ілінбей қалмады. Тимур Санжарұлының жадын­да жатталып қалған тағы бір ұмы­тылмас жағдай мынадай. Қазақ физкультура институтының екінші курсында оқып жүрген кезі. Бірде оны институт ректоры Хамза Мұ­ха­меджанов шақырды кабинетіне. Қасында «Қайрат» командасының бапкерлері отыр екен. – Сені «Қайрат» командасы өз құрамына алғылары келеді, – деді ректор. – Бірақ сен күндізгі бөлім­нің студентісің. Сондықтан, саған сабақтарға еркін қатысып, емти­хан­дарды ыңғайлы уақытта тапсы­руға рұқсат етемін. Осылай етуді рес­публика спорт комитетінің төр­ағасы Кәркен Ахметов те қолқалап сұрап отыр. Тек сен жаман оқитын болсаң, ешқандай да футбол бол­майды. Елдің бас ко­ман­дасына бекер алынбағаныңды дәлелдеуге тиіс­сің. Мүмкіндік беріп тұрғанда, аянбай, барыңды сал, айналайын. Намысты қолдан берме! Үлкен жүректі азамат Хамзекең Тимурға осылайша ақ жол тілеп, батасын беріп аттандырып салып еді. Шәкірті сол жақсылықты еш­қашан ұмытқан емес. (Тимур Сан­жарұлы Қазақ туризм және спорт академиясына осы оқу ордасының негізін қалап, ұзақ жылдар ректор болған қайраткер Хамза Мұхамед­жановтың есімі берілгелі жатқан хабарын естіп, қатты қуанулы екен). Түрлі сылтау айтып қаса­рыс­қан команда басшылығын тізеге салып «Қайратқа» алғызған бас қамқоршысы Кәркен аға екенін кейін естіп білген. Қалай болғанда да, футболда қазақ өрендерінің өр­кен жайып, өрісі кеңеюін қа­лаған осынау асыл ағалар үмітін Тимур артығымен ақтап шығып еді. Нышандап айтар тағы бір жа­ғ­дай сол, оның командаға алынуы «Қайраттың» одақтық чемпионат­тың жоғарғы тобында алғаш рет өнер көрсетер уақытымен тұспа-тұс келді. Осылайша «Қайрат» пен оның барлық уақыттағы бас қаһар­манының тағдырлары мәңгілік ажырамас бір арнада тоғысты. Бұл – 1960 жылдың көктемі. Тимур жалындаған  19 жаста болатын. Сухуми маңындағы Қара теңіз жа­ғалауында жаттығып жатқан ко­манданың соңынан арманына асы­ға алабұртып жалғыз жол тартқаны есінде. Бапкер Н.Глебов Минскіде бо­ла­т­ын маңызды матч алдында жол­шыбай Гомельде жолдастық кез­десу өткізіп, үміткер үш ойын­шы­ның екеуін таңдап алуға тиіс болды. Олар Ангарскіден келген Вадим Степанов, Тимур және тағы бір жігіт еді. Әрқайсысына өз ор­нында ойнауға 30 минуттан берілді. Бірінші Степанов ойнап, оған «өте жақсы» деген баға қо­йылды. Содан кейін шыққан Тимур жай ғана жақсы болмай, жарты сағатта екі гол соғып үлгерді. Үшін­ші жігіттің ойынын бапкер ұнатпады. Осыдан көп ұзамай әлемнің алтыдан бірін алып жатқан Кеңес Одағы көлемінде жұлдызы жар­қыраған алғашқы көзайым күн де келіп жетті. Иә, 1960 жылдың 12 мамыры Тимур Сегізбаев өмірін­дегі шын мәніндегі ерекше күн. Осы бір ғажайып футболшы жа­йында айтылар әңгіменің ешқайсы да бұл күнді аттап өте алмайды. Себебі, ол талайлы жас жігіттің жай 19-ға толған кезекті ғана туған күні емес-тін. Бұл күні ол алғаш рет «Қайраттың» негізгі құрамын­да алаңға шығып, тұңғыш ойында өз туған күніне талайды тамсан­дыр­ған тамаша сыйлық тартты. Тимурдың нақ осы матчта Минск «Беларусінің» қақпасына салған егіз қозыдай қос добы алматы­лық­тардың жоғарғы лигадағы алғашқы жеңісіне жол ашып, бүкіл коман­даны абырой төріне шығарды. «Қайраттың» осы жеңісі ту­ралы бірінші болып сол күні Қа­зақ­стан Компартиясының Орталық Комитеті естіпті. Одан соң қуа­нышты хабар филармонияға жетіпті дейді. Концерт жүргізуші көпші­ліктің алдына арнайы шығып: «Жолдастар, Минскіде «Қайрат» 2:0 есебімен өзінің алғашқы жеңі­сіне жетті!» деп  жақсы лепесті сүйіншілеп жария етеді. Ертеңіне Сегізбаев есімін күллі Қазақстан мен Белоруссия, одан соң біртіндеп ұлан-байтақ Кеңес Одағы білді десе де болады. Өйткені, ол кезде елдің құлағы футбол десе, соншалық елеңдеп тұратын. Осылайша алғашқы ойыннан-ақ әлі жиырмаға толмаған жас жігіт «Қайраттың» арқа сүйер, сенім артар негізгі шабуылшысына айна­лады. Ырғалып-жырғалуға, «көш жүре түзеледі» деп арқаны кеңге салуға уақыт жоқ-тын. Өйткені, команда Кеңес Одағының маңдайал­ды клубтарымен тайталасып жат­ты. Оларды жеңу үшін гол соғу керек. Бұл тұрғыда Тимур әдепкі гол соққыш емес еді. Ол қарсыластар қақпасына допты тым жиі соқ­пай­тын. Бірақ іс жүзінде оның соқ­қан голдары командаға үнемі ауадай қажет, аса маңызды ұпайларды әкелетін. Негізгі құрамдағы орынды ұс­тап тұру да оңай емес-тін. Әріп­тес­тері Остроушко, Степанов, Скулкин, Квочкин, Каминскийлер өң­кей сайдың тасындай шыңдалған шеберлер. Қарсыластары болса, Яшин, Воронин, Стрельцов, Иванов, Нетто, Парамонов, Красницкий, Месхи, Понедельник сынды, елді былай қойғанда, әлемдік ауқымдағы жұлдыздар. Осылардың арасында Тимур тасада қалмай, өз орнын таба білді, жасыл алаңда танымал клубтар мен атақты футболшыларға қарсы лайықты ойын өрнегін көрсете білді. 1964 жылдың 26 тамызында Москвада «Спартакпен» болған матч Қазақстан футболының тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Тимур осы жолы өзінің естен кетпес ерекше екі голын соқты. «Қайрат» 2:0 есебімен қаһарлы қарсыласты ұтып, басқа алаңда мерейлі жеңіске жетті. Осы қос гол оған бүкілодақтық атақ-абырой әперді. Алып елдің орталық газеттері келесі күні «Тимур және оның командасы» деген тақырыппен шықты. Бұл сөз советтік футбол­дың абызы Николай  Старостиннің дуалы аузынан шыққан еді.  Ал­пысыншы жылдардың өн бойында «Қайратты» осылай деп атайтын. Әсіресе, 63-ші жылы «Қайрат» өз алаңында ешкімге дес бермеді, барлық мықты командаларды ұтып ықтырып тастады. Оның мықты қорғаныс шебін «Қайраттың» бетоны» деп атайтын да нақ осы кез. Бір қызығы, сөйте тұра, әлсіз командалардан жеңіліп қалатын. «Қайратты» халық жақсы көрді, ақындар осы халықтық командаға жауһар жырларын арнады. Сейдахмет Бердіқұлов ағасы Тимурдың Африка турнесінен жазған  жол­жаз­басын «Лениншіл жаста» көл­дей­ қылып екі нөмірге шығарды. Белгілі кинорежиссер Шәкен Айманов өзінің «Тақиялы періште» фильміне «Қайраттың» ойынынан қалайда бір көрініс қосу керек деп тапты. Сол көріністі түсіру үшін қайраттықтар Алматының Орта­лық стадионында күні бойы өздерін өздері ойнады. Алпысыншы жылдардағы «Қайратты» Тимурсыз көзге елестету мүмкін емес-тін. Кеше ғана қатарға қосылған ұяңдау бозбала командадағы беделді ойыншы­лар­дың біріне айналды, жігіттерді же­ңіске бастап отырды. Жан­күйерлер оны пір тұтты. Барша халықтың сүйіктісі болды. Жанкүйерлердің Тимурды жақсы көретіндігі сонша, Орталық стадионда диктор команда құрамын жария еткенде «Тимур» есімі аталған сәтте стадион дүркіреп кетеді де, «Сегізбаев» деген фамилиясы әруақыт естілмей қалар еді. Командалар сапқа тұрған дәстүрлі рәсімдерде гүл шоқтары­ның көбі Тимурға берілетін. Бірақ ол атаққа астамсып, даңққа дан­дайсып кетпеді, талантына бас июшілердің көптігі оның басын айналдырмады. Ол әрқашан қара­па­йым­дылығы мен сыпайылығын, өзіне тән мәдениетін сақтады. Дәл осы ретте Тимурды ұлы Пелемен салыстыруға болар еді. Әредікте «Қайраттың» капи­таны өз әріптес­теріне барлық жағдайда, былайша айтқанда, үйде де, түзде де, ойын алаңында және оның сыртында да үлгі бола білді. Футболшы Сегізбаевтың ойын өрнегінің мықты жағы аса қуатты соққысы және ысылған шебер машығы болатын. Ол допты тепкенде қақпашыны ұшырып жібереді екен, оң аяғымен тебуге тыйым салыныпты деген аңыздар да пайда болған. Ал, ақиқаты сол, Тимур 50 метр қашықтықтан соншалықты әдемі әрі дәл пастар беріп, 30 метр жерден керемет голдар соғып отырған. Өзімен бірге ойнаған ардагер куәгерлердің айтуынша, сондай ғажап голдардың бірін атақты Анзор Кавазашвили қорғап тұрған Мәскеу «Торпедасының» қақпасы­на біздің Тимур 1963 жылы енгізген екен. 40 метр жерден жойқын күшпен соғылған доп атылған оқтай зырқырап келіп торды бүлк еткізгенде, стадион шаттықтан тең­селіп кетті дейді. Сегізбаевтың жасыл алаңдағы хас шеберлігі, жой­қын соққысы, дегдар әрі әдемі ойы­ны кез келген футбол сим­фо­ния­сының фрагменті болғандай. Гол салуға құштар шабуылшы ешқашан дөрекілікке жол бермеген екен. Ол Кеңес Одағының ең сырдесте һәм сырбаз ойыншысы, футбол зиялысы саналған. Десе де бір жолы алаңнан қуылыпты. Ал, оның өзіндік сыры бар. 1967 жылдың қыркүйегі. Киев. Жергілікті «Динамо» сайыпқырандары «Қайраттың» қақпасына қайтару­сыз үш гол салып, одан әрі өң­меңдей түскен. Допқа таласқан бір сәтте Йозеф Сабо қолын артқа тастаған болып қасақана Леонид Остроушконың бетінен салып жіберіп, сақинасымен жаралап тас­тайды. Тимур шыдай алмай: «Йозеф, мұның не? Ұят қайда?» десе, анау өркөкіректеніп, дөрекі жауап қайырады. Сәлден кейін Тимурмен доп таласында қақтығысып қал­ғанда, енді өзінің бет-аузына темір жұдырық сарт етті. Ызаға булық­қан жігіттердің ұстасқан жері осы екен. Төреші Бочорадзе өз көзіне өзі сенбейді. «Тимур, сенбісің? Неге?» дей береді. Тимур қолын бір сіл­теп, алаң сыртына бет алғанда, төреші қызыл карточканы әрең суырады. Өз қателігін түсінген Сабо артынан қуып жетіп, құшақтап кешірім сұрайды. Екеуі де ойын­нан шеттетіледі. Иә, сыпайы Тимур қажет болғанда қиянатқа төзбей, өзінің де, өзгенің де ар-намысын қорғай алатын еді. Нағыз капитан солай болуы керек қой. Алпысыншы жылдардың ая­ғы­на қарай «Қайраттың» капитаны ойын үстіндегі толассыз жарақат­тар­дан азап шегіп, белдегі құяңы да бастыртпай сыр бере бастады. Ол әлі де ойнай алатын еді. Бірақ Сегізбаевтың намысы өзгеге ғана емес, өзіне де қатал: нашар ойнауға қақысы жоқ-тын. 29 жасқа толардан үш күн бұрын, 1970 жыл­дың 9 мамырында қазақтың ұлы футболшысы жасыл алаңға ойын­шы ретінде соңғы рет шықты. Ар­тында қызығы мен қиындығы мол, өмірінің мағынасына айнал­ған 168 матч қалды. Тимур көзі булана қыс­қа қайырым қол бұлғап, Орта­лық стадионның мінбер астындағы орынжайларына кіріп кеткенде стадионның дүркірей қол соққан қошеметі әлі толастаған жоқ еді. Бакудің «Нефтчиімен» «Қайрат­тың» ойыны Тимурсыз жалғасып жатты. Өмір заңына әмір жүр­мейтіні осы-ау. Әйткенмен, футбол әлемінен оны ешқандай құдірет кетіре алмас еді. Бұл уақытта ол футболмен жаны егіз жаратылған бірден-бір қазақ болатын. Жетпісінші жыл­дар­дың басында Тимур Санжар­ұлы Қызылорданың «Автомобилист» командасын жат­тық­тырды. Одан соң Днепро­петровскінің «Днепрі» мен донецкілік клуб­тастарын ұтқан Қа­рағанды «Шах­терінің» тізгінін ұстады. Ал, 1973 жылы өзінің «Қайратына» бапкер ретінде қай­тып оралды. Бұл кезде Қазақ­стан­ның бас командасының жағдайы мәз емес-тін. Артем Фальян бас­қарған ол келер жылы, тіпті бірінші топқа түсіп қалды. «Қай­ратты» жоғарғы лигаға қай­тару жөніндегі партиялық жауап­ты іс клубтың бұрынғы ойыншылары Тимур Сегізбаев пен Станислав Каминскийге тапсырылды. Екі дос бұл міндетті тастай қып орындап, 1977 жылы қайрат­тықтар олардың басшылығымен КСРО чемпио­натының жоғарғы лига мықты­лары­ның алғашқы сегіздігіне кірді. Тимур Санжарұлы шеттетуді де көрді. Бірақ ұнжырғасын түсір­ме­ді. Сол кездерде Оқу министр­лігінің саясына кетіп, балаларды футболға баулыды. Одан соң өзі Йемен елінің құрамасын жаттық­тырған үш жылын әрдайым мерейлене еске алады. Онда ол жергілікті футболды көтеріп қана қоймай, Аденде табиғи жасыл шөп өскен футбол алаңын жасап беріп кетті. Рафик Тимурды, яғни жолдас Тимурды йемендіктер жібергілері келмей, қимай қоштасқан-ды. Елге оралған Тимур Сан­жар­ұлы тағы да мүшкіл халдегі туған командасын өз қолына алады. Сөй­тіп, қайраттықтардың жаңа буы­ны: Евстафий Пехлеваниди, Вахид Масудов, Құрбан Бердыев, Евгений Яровенко, Фанас Салимовтармен бірге Қазақстан футболының жаңа тарихын жақсылап жасауға кіріседі. Соның арқасында команда 1987 жылы КСРО біріншілігінің жоғар­ғы тобында 7-ші орынды еншілейді. Бұл «Қайраттың» бүкіл тари­хындағы ең жоғары жетістік екенін айтсақ, бапкер Сегізбаев бағын­дырған биіктер зорая түсері сөзсіз. Шәкірт футболшылардың жай ғана «Санжарыч» дегенінде ұстазға, футболдағы үлкен тұлғаға деген айрықша құрмет, шынайы сүйіс­пеншілік жататын. Тәуелсіз Қазақстанның Футбол ассоциациясының президенті бол­ған кезінде Тимур Сегізбаев фут­болдың барлық баспалдақ-са­тыла­ры­нан өткен салиқалы қай­раткер болатын. ФИФА  Қа­зақ­стан­ды өзі­нің толыққұқықты мү­шесі етіп қа­былдаған кезде осы­нау мәрте­белі халықаралық ұйым­ның президенті Жоа Аве­ланжға Отанымыздың туын тапсыру құр­меті өзгеге емес, нақ Тимур Сегіз­баевқа тиюінің өзі де үлкен ны­шан­ды аңғартса керек. 1994 жыл­дың маусымында Дү­ние­­жүзілік футбол федера­ция­сының Чикаго­дағы 51-ші конгресінде бол­­ған осы тебіреністі оқиға сә­тінде Тимур Санжар­ұлының көңі­лі босап, көзіне жас келіп қалған еді. Иә, бұл да тегін емес еді. Тәуел­сіз туған елін әлемдік футбол қоғам­дастығына Қазақстан фут­бо­лының бейнесі дерлік тағ­дыр­шешті тұлға, қазақ футболы­ның аңызы алып кірді. Қазақ фут­бо­лының мерейі. Тимур Сегізбаев. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
«Милан» деп соққан жүрегі
Келесі жаңалық
Аладоптың шебері
Aladop Youtube
×