ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІ РЕСЕЙ ЧЕМПИОНАТЫН БАҒЫНДЫРА АЛА МА?

16.01.2019, 22:09
ҚАЗАҚ ЖІГІТТЕРІ РЕСЕЙ ЧЕМПИОНАТЫН БАҒЫНДЫРА АЛА МА?
Жақында «Астана» футболшысы Бақтиер Зайнутдинов ресейлік «Ростов» клубына ауысты. Бұл трансфер футболсүйер қауым үшін ерекше жаңалық екені даусыз. Біріншіден, Бақтиер секілді талантты ойыншы расында, шетел чемпионатында ойнауға лайықты. Екіншіден, «Ростов» – беделді һәм мығым команда. 2016 жылы Құрбан Бердыевтің баптауымен Чемпиондар лигасында талайды тәнті етті. Қазір де 24 ұпай жиып, Ресей чемпионатының жетінші сатысында келе жатыр. Бас бапкер Валерий Карпин жігіттердің жігерін жанып-ақ жүр. Сәті түссе жүлделі орынға да иек артқылары келеді. Шыны керек, көп ойыншы «Астана» секілді топ-клубтан кеткісі келмейді. Жалақы жоғары. Команданың жыл сайын Чемпиондар лигасында ойнайтыны тағы бар. Бірақ осының бәрін тәрк етіп, екі еселенген жалақыдан да бас тартып Зайнутдиновтың «Ростовқа» ауысуы оның тәуекелі биік футболшы екенін аңғартады. Әрине, «Астана» биылдыққа 27 матчта 5 гол соққан үздік ойыншысын барынша сақтап қалуға тырысқан. – Өз тарапымыздан оған екі есе көбейтілген жалақы мен жаңа келісімшарт ұсындық. Бірақ ол бас тартты. Бір жағынан клубтың осындай болашағы зор ойыншыдан айырылғаны өкінішті. Екінші жағынан бізде сапалы кәсіби карьераны ақшадан да биік қоятын ойыншының бар екені қуантады. Егер ол бір жыл ішінде «Ростовтың» негізгі ойыншысына айнала алмаса «Астана» сапына қайта оралады. Біз солай келістік, – дейді «Астананың» спорттық директоры Александр Коночкин. Әрине, осындай сәтте 20 жастағы футболшымыз Ресей чемпионатына сіңісіп кете ала ма деген сауал туындайды. «Ростовта» да осал ойыншы жоқ. Негізгі құрамға іліну үшін Бақтиердің өз бәсекелестерінен оқ бойы озық тұруына тура келмек. Осы орайда белгілі футбол маманы Ағаділдә Хасеновке хабарласып, ойын білген едік. Оның айтуынша, бөле-жара ескеретін үш фактор бар. – Біріншіден, Бақтиер мұндай ірі трансферге дайын болды. Себебі, «Астанамен» бірге Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында, ал ұлттық құрамамен Ұлттар лигасында ойнады. Сол арқылы тәжірибе жинады. Екіншіден, ол алаңның кез келген бөлігінде еркін ойнай алады. Жасөспірім кезінде шабуылшы болған. Кейін жартылай қорғанысқа түсті. Ал «Астанада» кей ойындарда мығым қорғаушы да бола білді. Үшіншіден, ол Еркебұлан Сейдахметке қарағанда физикалық тұрғыдан мықтырақ. Әрине, Еркоштың талантын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ оған әлі уақыт керек. Ал Бақтиер нағыз дер шағында. Егер бас бапкер сенім артса, ол «Ростовтың» жұлдызына айналады, – дейді ол. Осы уақытқа дейін де талай ойыншымыз ресейлік командалардың қызығушылығын тудырды. Мәселен, 2013 жылы Бауыржан Исламхан «Кубань» сапына ауысып, үш жылдық келісімшартқа қол қойған. Алайда Батори тұрақты ойын уақытын иелене алмады. Нәтижесінде, «Астанаға» жалға беріліп, кейін «Қайратқа» қайта оралған. Бұдан соң Стас Покатилов 2016 жылы «Ростовқа» ауысты. Бірақ 30 матч бойы тасқамал қақпашыға айнала білген Сослан Джанаев тұрғанда негізгі құрамға таласу тіпті де қисынсыз еді. Сондықтан Покатилов алаңға шықпай-ақ «Ростовпен» Ресей чемпионатының күміс жүлдесін иеленген соң елге оралды. Кейінірек «Қайрат» Покатиловты өз қатарларына қосқан еді. Былтыр Еркебұлан Сейдахмет «Уфа» сапына ауысып барған. Алайда 18 жастағы футболшы жарақат алып, башқұртстандық команданың негізгі ойыншысына айнала алмады. «Уфа» жейдесімен ресми үш матчқа ғана қатысыпты. Маманның айтуынша, Еркоштың әлі де болса «Уфа» лидеріне айналуына мүмкіндік бар. – Еркебұланның ойын сапасына қарайтын болсақ, ол Ресей премьер-лигасында ойнауға дайын. Тек жарақат кесірінен кешеуілдеп қалып жатыр. Осы жағдай реттелсе, ол негізгі құрам ойыншысына айналады. Мен оған сенемін. Менің ойымша, Бақтиер, Еркебұландар тіпті Испания секілді азулы чемпионаттарда да ойнай алар еді. Себебі, Ресей чемпионаты күш салып ойнауды талап етеді. Ал Испанияда интеллектуалдық ойын бірінші кезекке шығады. Дәл осы екі жігіт интеллектуалдық ойнау тәсілі, креатив тұрғысынан ешкімнен кем түспейді, – дейді Ағаділдә Хасенов. «Астана» футбол клубының медиа офицері Асқар Хамиденовтің айтуынша, Зайнутдинов «Ростовта» өзін дәлелдей алады. Себебі, «Астана» сияқты әр позиция үшін қызу бәсекелестік орнаған белді командада еркін ойнауы – оның мықты потенциалынан хабар берсе керек. – Еурокубоктық ойындардың топтық кезеңіндегі алты матчтың бесеуінде алаңға шығып, француздық «Ренн» қақпасына тамаша гол салды. Одан кейін ұлттық құрамаға шақырылып, дебюттік кездесуінде де мергендік танытты. Меніңше «Астанадағы» әр ойыншы Ресейде де, басқа беделді чемпионаттарда да ойнап кете алады. Себебі, олар Еурокубок додаларына жыл сайын қатысып, әбден ысылды. Сондай-ақ ұлттық құрамаға да жиі шақырту алады. Бұл ретте біздің командада пісіп-жетіліп, жұлдыз болып шетелге кеткен Неманя Максимовичті (Хетафе), Патрик Твумасиді (Алавес), Срджан Граховацты (Риека) айта аламыз. Енді солардың жолын Бақтиер жалғауда, – дейді Асқар. Расында, бізде көшбасшы саналатын ойыншылар көп жағдайда шетелге шығып бағын сынап көруге құлықты емес. Қазақстандағы танымалдылық, миллиондап төленетін жалақы біздің ойыншыларды құрсаулап тұрған басты фактор десе де болғандай. Мұндай тәтті өмірді тәрк етіп, не атағы жоқ, не ақшасы мәнтті емес бөтен елде доп тебуге тәуекел жете бермейді. Әйтпесе, Бауыржан Исламхан, Бауыржан Тұрысбек, Серікжан Мужиков, Дмитрий Шомколар кімнен кем? Осындай кезде Бақтиер, Еркебұлан секілді ұландардың шешімдеріне риза боласың. Зайнутдинов «Ростов» сапындағы алғашқы матчына да қатысып үлгерді. 14 қаңтар күні «Атырау» командасына қарсы жолдастық кездесудің екінші таймында алаңға шыққан. Ресейлік журналистер, жанкүйерлер 20 жастағы ойыншының алаңды жақсы сезінетініне, пас таратушы дирижерлік позицияны да лайықты алып шығатынына сенім білдіруде. Бір қиыны «Ростов» әзірге Бақтиерді ресми матчқа шығара алмайды. Бұған клубтың өз ойыншыларының алдындағы қарызын әлі толық төлемеуі себеп. Команда алғашқы ресми матчты 23 ақпан күні Ресей кубогының ширек финалында қонақта «Краснодарға» қарсы өткізеді. Ресей чемпионатындағы тағы бір өкіліміз – Еркебұлан Сейдахмет жарақатынан айығып, клуб қатарына қосылды. Қазір ол жеке бағдарлама бойынша жаттығуда. Еркош қараша айында ұлттық құрама сапына келген уақытта жаттығулардың бірінде бас бапкердің көмекшісі Қайрат Нұрдәулетовпен кездейсоқ қақтығысып, жарақат алған. Футболшыға операция Германияда жасалыпты. Соған қарамастан клуб президенті Шәміл Ғазизов жас футболшыдан үлкен үміт күтеді. – Ол бізге келе сала жарақат алып қалды. Біреуінен айықса, екіншісі тап болды. Жарақат бір жабысса, әрең кетеді. Толық сауығу үшін екі-үш ай уақыт керек. Еркебұлан – өте талантты ойыншы. Мүмкіндігі жоғары, болашағы жарқын. Ең бастысы денсаулығы реттелсе, ол өзін жақсы қырынан көрсетеді. Сондықтан қазақстандық жанкүйерлердің алаңдауына еш негіз жоқ, – депті клуб президенті. Қазір «Уфаның» еншісінде 17 турдан кейін 16 ұпай ғана бар. Олар турнир кестесінің 14 сатысында келе жатыр. Бақтиер мен Еркебұландардың жолы сәтті болса, оларға қарап бой түзеген жеткіншектердің болашағы жарқын болмақ. Ішкі түйсігіміз қазақ жігіттері арасынан да әлемге ат оздырар футболшының шығарына кәміл сенеді. Сол сеніміміз ақталғай.

Абай Аймағамбет

"Айқын" газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×