Қазақ журналистері жеңіске жетті

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
01.11.2022, 01:38
Грузия астанасы Тбилиси қаласында Котэ Махарадзе атындағы халықаралы турнир өтті.
Қазақ журналистері жеңіске жетті

Қазақстан журналистер құрамасы өткен жылы да бұл жарысқа қатысып, топтық кезеңнен тоқтаған еді. Биыл командамыз топ жарып, бас жүлдені қанжығаға майлады. Топтық кезеңдегі алғашқы матчта Қазақстан журналистер құрамасы Армения құрамасымен кездесті. Жарыстың алғашқы голын Армения құрамасы салды. Кейіннен қазақстандық журналистер таразы басын теңестіріп қана қоймай, тағы бір гол салып есепте алға шықты. Қалған уақытта жеңісті есепті сақтап қалған Қазақстан командасы 2:1 нәтижесімен алғашқы 3 ұпайды еншіледі. Ал одан кейін өткен жылғы жарыстың жеңімпазы атанған Молдова құрамасы Қазақстан қақпасына 2 доп соқты. Оған қазақстандық тілшілер сапынан Әділбек Жақанов әдемі голмен жауап қатты. Кейіннен командамыздың үздік ойыншыларының бірі Сергей Надточей тағы бір гол салып есепті 2:2 қылды. Ойын осы есеппен аяқталып, Қазақстан құрамасы маңызды 1 ұпай еншіледі.

Соңғы шешуші матчта Асхат Жақаев бастаған Қазақстан құрамасы Грузия командасымен ойнады. Бұл матчта отандастарымыз голды топырлатып салып тастайтын мүмкіндігі болды. Бірақ, 2:0 есебі де жерлестерімізге жеткілікті болды. Қоржынға түскен 3 ұпай, Қазақстан құрамасына плэй-офф сатысына шығатын мүмкіндік сыйлады. Елордадан келген журналистер құрамасы жартылай финалда Әзербайжан құрамасымен кездесті. Бауырлас елдер арасындағы матч достастық көңіл-күйде өтті. Бұл матчта қақпамызды күзеткен Қанат Базылхзан керемет сейвтерімен көзге түсті. Отандастарымыз салған 2 доп финалға жолдама әперді. Финалда біздің команданы Грузия ұжымы күтіп тұрды.

Комментаторлар мен спорт журналистерінен құралған командалар арасындағы сайыстың соңғы матчында гол салынбады. 20 минуттық ойын тең біткен соң, төреші пенальтилер сериясын белгіледі. Бұл жерде Қазақстан құрамасының белді ойыншыларының бірі Нұрсұлтан Құрман өз мүмкіндігін сәтті орындады. Одан бөлек Жақанов пен Надточей де қақпадан мүлт кеткен жоқ. Ал финалдық матчта қақпаға тұрған Айбек Қабылша 3 пенальтидің екеуін тосып, жеңіске сүбелі үлес қосты. Жарыс қорытындысы бойынша үздік қақпашы марапатын да Айбек Қабылша жеңді. Ал турнирдің үздік ойыншысы болып Сергей Надточей танылды. Марапаттау барысында Қазақстан тарапы жарыста үздік өнер көрсеткен Әзербайжан құрамасының ойыншысына Амангелді Сейтхан атындағы арнайы марапатты табыстады.

Ермұхамед Мәулен

Тбилиси, Грузия.  


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×