Қазақшасы қайда?

20.05.2013, 02:40
Қазақшасы қайда?

немесе Футбол клубтары мен спорт федерацияларының ресми сайттары тек ресми тілде ғана жаңалық таратады

Ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған соң, әр күнімізді пошта тексеріп, еліміз бен әлемдегі жаңалықтарды оқудан бастайтынымыз жасырын емес. Жылдам хабар тарататын ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілер  біраз адамның жұмысын жеңілдетіп берді емес пе?!

Ерте көктеммен бірге футболдан Қазақстанның кезекті біріншілігі де басталды. Маусымаралық үзілісте жаңа ойыншылармен, жаңа легионерлермен, жаңа бапкерлермен жасақтанған футбол ұжымдары биылғы додаға сақадай сай. Біріншілік басталысымен, клубтардың ресми сайттарына оқырман сұранысы  арта түседі. Себебі өз командасының ойынын қалт жібермейтін жанкүйерлер теледидар мен стадионнан көре алмаған матчтардың жазба нұсқасын оқуға асығады. Ал клубтың ресми сайты әрбір матчтан онлайн трансляция жүргізуге тырысып бағады. Бұл – әрбір ұжымның ресми сайты атқаратын бір ғана қызмет. Одан бөлек, командадағы жаңалық біткенді уақытында жариялап, жанкүйерден сүйінші сұрап отыратын да осы ресми сайттар. Бүгінде Қазақстан премьер-лигасында сынға түсетін әрбір клубтың ресми сайты тіркелген. Ең өкініштісі сол – барлығы да тек орыс тілінде ақпарат таратады. Мәселен, жаңалық тарату жөнінен алғашқы орында тұрған қостанайлық «Тобылдың» ресми сайтына тоқталып өтелік. Сайт ашылған кезде оң жақ бұрышында «қазақша» және «орысша» деген тетіктер тұрады. Алайда қазақшасын басып әуре болудың қажеті жоқ. Себебі қазақ бөлімін таңдасаңыз да,  сайттың орыс тіліндегі нұсқасы алдыңыздан жарқ ете қалады.  Біз «Тобылдың» сайтынан «Жаңалықтардың лентасы» деген бір ғана қазақша сөйлем таптық. Одан өзгесінің бәрі  түгел дерлік ресми тілде «сайрайды». Яғни қазақша бөлімнің тек қағаз жүзінде ғана тұрғанын түсіну қиын емес. Қарағандылық «Шахтер» клубының сайтында да жағдай тура осындай. Тіпті сайттың жоғары тұсындағы «KZ» деген жазуға курсорды қанша апарсақ та, әлгі парақша ашылмай қойды Жә, «Тобылдың» сайты қазақ тілінде хабар таратпаса да, төбесіне «қазақша» деп жазып қойған. Ал біраз сайттан сіз мұндай бөлімді де таба алмайсыз. Былтырғы маусымда жүлде үшін таласып, үздік үштіктің командаларын кәдімгідей састырған «Тараз» футбол клубының сайтын  тегіс ақтарып, «Қазақша» деген бөлімді таппадық. Сонда, аталған ұжым басшылары қай мемлекетте өмір сүріп жатқанын ұмытып кетті ме екен деген оймен, клуб қызметкерлеріне телефон шалғанбыз. Тұтқаны алдымен команданың фотографы көтерді. Біздің сұрағымызға жауап беруден ол қысылған жоқ. «Бізде қазақша жазатын адам жоқ! Маман жоқ!» деп қысқа қайырған соң, тұтқаны клубтың маркетологы Расул Нәбиев алды. Мән-жай сұрасып, сұрақ төркінін түсінген соң, сөз алған Расул мырза да фотографтың айтқанын растады. – Сөздің шыны керек, бізде сайттың қазақша нұсқасын жүргізетін маман жоқ. Футбол туралы қазақша сауатты жазатын журналист таппай жүрміз. Осы ойымызды Тараз Мемлекеттік Университетіндегі журналистика бөлімінің оқытушыларына айтып көргенбіз. Ол жақтан да ойымызды құптаушылар табылмады. Себебі, жазуға машықтанып жүрген студенттердің спорттан хабары жоқ екен. – Сонда бүкіл Тараздан қазақ тілінде спорт жаңалығын жаза алатын бір журналист табылмады ма? – Бүгінгі күні Нұржан Туғанбай есімді жігітті баулып жүрміз. Ол «Қазақстан-Тараз» телеарнасынан көрсетілетін біздің команданың ойынын қазақша жүргізіп береді. Егер, сайттың қазақшасы ашылса, осы жігіт оны жүргізуге бірден-бір үміткер болмақшы. – «Тараз» футбол клубының ресми сайты бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Яғни ашылғанына көп болған жоқ. Сайтты қолданысқа берер алдында бұл мәселені неге шешіп алмадыңыздар? Қазақ командасының сайтында қазаша жаңалық тұруы міндетті емес пе?! – Өкінішке қарай, сайт ашылар кезде, оның қазақ тілінде ақпарат таратуы басшылық тарапынан мақұлданбаған. Биылғы маусымның жоспарын бекіткен кезде де, бұл мәселе қаралмай қалды. Бұйырса, маусымның екінші жартысында, яғни жаз айларында ашылып қалар. Дұрыс түсініңіз, біздің команда енді-енді ес жиып келеді. Бүгінде сайт орыс тілінде болса да, еліміздегі үш үздік футбол сайттарының қатарына кіреді. Ағылшын тілін айта алмаймын. Бірақ мемлекеттік тілдегі нұсқамызды жазға таман ашамыз деген ойдамын. Біздің түсінуімізше, бұл жерде маман тапшылығынан бұрын, қаржының бөлінбеуі, басшылықтың мемлекеттік тілге қырын қарауы сайт қазақшасының жұмыс істемеуіне себеп сияқты...Әйтпесе, спорт тақырыбына қалам тартып жүрген қазақ журналистері Таразда жоқ емес. Тура осындай жағдай «Ақтөбе» футбол клубының да басында бар екен. Сайттың қазақша нұсқасын ашып кеп жіберуге басқа емес, маман тапшылығы бас кедергі болып, батыста іс алға баспай отыр. Клубтың баспасөз хатшысы Марат Жұмабаевтың айтуынша, еліміздегі үлкен облыстардың бірі саналатын Ақтөбеде қазақ тілінде спорт ақпаратын жазатын журналист жоқтың қасы. «Егер қазақша жазатын кәсіби журналист жоқ болса, сауатты аудармашыны неге жұмысқа алмасқа? Ең болмаса, орыс тіліндегі ақпараттарды дереу қазақшаға аударып, сайтқа іліп қояды емес пе?» деген сұрағымызға Марат мырза: «Қазір біз осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Кәсіби маманды жұмысқа алу міндетіміз. Бірақ сондай аудармашыны да таппай жатырмыз. Алайда алдағы бір айдың ішінде «Ақтөбе» футбол клубының сайты қазақ тілінде ақпарат тарататын болады» деп жауап берді. Бір ай тезірек өтіп, «Ақтөбенің» сайты қазақша «сөйлейтін» күн тезірек келсін деп тілеп қала бердік біз. Бүгінде Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін 12 клубтың ресми сайтын шарлап шығып, тек бір ғана ұжымның жанкүйерлеріне қазақша жаңалық жеткізетінін көрдік. Бірақ  «Астана» футбол клубының қазақша бөліміндегі жазбалардың сапасы сын көтермейді. Орфографиялық, грамматикалық қателерден көз сүрінетін шағын мақалаларда қазақ тілінің шырқы бұзылып-ақ тұр. Ал команданың баспасөз хатшысы Д.Нестеренко болса: «Қазақша жазатын қызды ауыстыруды ойлап жүрміз. Өйткені, ол сайтқа жазбаны өте сирек салады» деп жауап берді. Әр клубтың түрлі сылтауын естіген соң, кімге жүгінерімізді білмедік. Қазақстан Футбол федерациясындағы мамандардан еш пайда жоқ. Себебі ҚФФ ашқан екі ресми сайтта да қазақ тілі босағадан бері өте алмай тұр. Футбол ұжымдарындағы жағдай осындай. Ең өкініштісі, еліміздегі спорт федерациялары мен өзге де спорттық ұжымдардың сайтында мемлекеттік тілі ескерілмей қалған. «Барыс» хоккей клубы сайттың қазақша нұсқасын тек келесі маусым бас­таларда қолға алуымыз мүмкін дейді. Басқаны айтасыз, еліміздің төл өнеріне баланып кеткен бокс федерациясының ресми сайты да 5 жыл бойы үздіксіз орыс тілінде жұмыс жасап келеді. Ара-тұра қазақша жаңалықтарын жаңартып тұрады деп Қазақстан күрес федерациясының ресми сайтын айтуға болады. Жанкүйерлер сүйікті клубының жаңалықтарын қазақша оқығысы келеді. Бірақ жанкүйерлер талабы еліміздегі спорттық клубтар мен ұйымдардың сайты қазақша сөйлеуі үшін жеткіліксіз болып тұр...

Нұрғазы Сасаев, спорт журналисі: Осыдан екі жарым жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы һәм бірінші вице-президенті Саян Хамитжановқа: «Ел чемпионатындағы клубтарымыздың атауы неге мемлекеттік тілде жазылмайды: «Тобол» қашан «Тобыл» болады, «Иртыш» неге «Ертіс» емес, «Екібастұз» қашанғы «Экибастуз» болып жазыла береді?» дедім. Сонда Саян Жақсыгелдіұлы: – Бұл мәселелер жөнінде біз құқықтану қызметтеріне жүгінуіміз керек. Заңды тұлға мемлекеттік тіркеу туралы куәлік алуы үшін құжаттарын құзырлы органдарға өткізген кезде екі атау енгізеді. Қазақ және орыс тілдеріндегі атауларын. Мәселен, біздің федерацияның атауы – қостілді. Ал кейбір клубтар бір-ақ атау енгізуді жөн санаған. Бұл жерде біздің араласуға хақымыз жоқ. Біз заңды тұлға ретінде тіркеуден өтіп, нақты бір атау таңдап алған клубтарды ел чемпионатына қабылдаймыз немесе шығарып тастаймыз, – деді.. Яғни біздегі клубтар Қазақстанда тек орысша атаумен тіркелген. Неге олар «Тобыл» немесе «Ертіс» болып тіркелмейді. Неге қазақ тіліне немқұрайды қарайды? Тіркеу орындары неліктен олардан қазақтілді атауын сұрамайды? Көріп отырсыз, сұрақ көп... Сайт жөніндегі мәселе де осыған саяды. Бұл мәселе де біздің клубтарымыздың мемлекеттік тілге деген көзқарастарының қаншалықты солғын екендігін көрсететіндей. Неге олар мемлекетік тілге құрметпен қарамайды? Бізде міндетті түрде жоғарыдан нұсқау қойылу керек пе?! Менің білуімше, былтыр Қазақстан футбол федерациясы «Жетісу» және «Сұңқар» клубтарының сайттарын бүгінгі күн талабына сай жасауға ықпал етті. Өздері қазақ тіліне көңіл бөліп отыр. Бірінші қазақтілді мәтіні ашылатындай етіп қойды. Бір адам ұстап, мақалалардың қазақтілінде де жарық көруіне ден қоюда. Мүмкін, сіздердің көтерген мәселелеріңіз бойынша, қазақ тіліне немқұрайды қарайтын клубтарға осындай талаптар қойған дұрыс та шығар. Алайда, менің білуімше, қазір клубтарға мұндай талапты Қазақстан футбол федерациясы қоя алмайды. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың соңында Қазақстанда да Кәсіпқой футбол лигасы құрылған. Қазір ел чемпионатындағы клубтарға қандай да бір талаптарды осы лига ғана көлденең тарта алады. Футбол клубтарына қатысты істермен осы лига айналысады.

Ақырыс Сейітқазы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×