Уалихан ҚОСАНБАЙ
2012 жылдың наурыз айында Бразилияға Қазақстанның жас ойыншылардан жасақталған екінші командасы аттанады. Бұл жөнінде Спорт және туризм министірілгінің жиынында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Болат Жусабаев хабар етті.
«Бұл жоба жалғасуда. Келер жылдың наурыз айынан бастап «Оле Бразил» командасына елімізден 26 жас ойыншы, бір бапкер және бір кординатор барады. Жалпы Бразилияға 28 адам аттанып, сонда 3 жыл шеберліктерін шыңдайтын болады» деді,- еліміздің білікті футбол маманы.
Үстігіміздегі жылы Шымкентте Бразилияға баратын үміткерлер арасында іріктеу болды. Бұл іріктеуді Оңтүстік Америкадан келген Тиаго Козлоски жүргізіп, бірнеше ойыншыларды өз қағазына түртіп алған көрінеді. «Біз бұл жұмысты әлі де жалғастырамыз. Қаңтар айында Алматы қаласында жиналамысз. Сол кезде Шымкенте келе алмаған Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстаннан жас ойыншылары келеді. Мүмкін солардың ішінен де Бразилияға сапар шегетіндері болып қалатын шығар»,- дейді Болат Жусабаев.
Оның айтуынша бұл жолғы іріктеу өте қатал болған. Соған қарамастан бразиялиялық маманның тізбектеп алған ойыншылары, Қазақстанның 1997 жылғы жігіттерді жаттықтыратын бапкердің тізімімен дәлме-дәл келіпті. Енді қыста жас таланттар тағы бір сынақ тапсырып, артыншы медециналық тексеруден өтеді. Тексеруден сәтті өткендері Бразилияға үш жылға аттанбақ.