- Еуро-2012 турнирінде өнер көрсетіп жатқан командалардың арасынан қайсысы көңіліңізден шықты? - Барлық ойындарды көруге уақытым жоқ, оған шамам да келмейді. Әзірше алғашқы ойындар ғана болды, ол бойынша баға беру қиындау. Бапкерлер де өте тәжірибелі, олар топтық кезеңнен шыққанша, барлық мүмкіндіктерін көрсеткісі келмейді. Тактика жағынан жаңалық енгізіп жатқан команданы көрмедім, барлығы да осыған дейін ойнап жүрген әдістерін сәл жақсартқан. Мысалы, стандартты жағдайлардағы дайындап әкелген жаңа әдістерін байқадым. Бірінші ойындарға қарағанда басты фаворит деп Германия, Испания мен Италияны атап өтуге болады.
- Жекелеген ойыншылар арасынан кімді атап өтер едіңіз? Осы чемпионаттың «жұлдызы» кім болуы мүмкін?
- Бірінші тур бойынша Ресей құрамасында өнер көрсететін Алан Дзагоевты атап өтуге болады. Чехтарға қарсы жақсы ойын көрсетті. Қалғандарын әлі көре жатармыз, чемпионат енді басталды ғой.
- Қазақстан құрамасы сапында жүріп қазір Еуропа чемпионатында өнер көрсетіп жатқан командалармен кездестіңіз бе?
- Жоқ, ешқайсымен де ойнаған жоқпын, мені 2005 жылдан кейін шақыруды қойды. Одан бері біраз уақыт өтті ғой.
- Футболшылар осындай ойындарға қандай дайындықпен шығуы керек?
- Ең бастысы командалық ойын, бапкер де үлкен рөл атқарады. Себебі бұл ұзақ турнир, ойыншылар күш-қуатын сақтау керек. 23 ойыншының ішіндегі кемінде 18-ің ойнағаны дұрыс. Қарсыластарға да, ойынға да көп нәрсе тәуелді. Ал елдің туын желбіретуден артық стимулдың қажеті жоқ деп ойлаймын, оны олар онсыз да түсінеді, ұлттық командалар ғой.
- Қазақстан құрамасы Еуроға қашан қатысады деп ойлайсыз?
- Бұл енді риторикалық сұрақ қой. Армандауымыз керек. Қазір дұрыс жұмыс істеліп жатыр, одан ары дамыта берсек, 2018 жылы қатысамыз деп ойлаймыз. Мұндай мақсатты футбол федерациясы да қойып отыр. Тілеулестер көп болсын. Мақсат қойып, соған жетуге тырысу керек.
- Қазақстанның өзінде Еуропа чемпионатын өткізуге мүмкіндік бар ма?
- Ол да арман, оған да талпыну керек. Меніңше 2030 жылға дейін оны өткізуге рұқсат бермейді. Құрлық біріншілігін өткізуге Қазақстан әлі дайын емес, оған инфраструктура қажет, кемінде 7-8 қалада соңғы стандарттарға сай стадиондар салу керек. Бірінші кезекте материалдық базадан бастау керек қой.
- Өзіңіз бұрын Қазақстан құрамасында өнер көрсеттіңіз, қазір сырттан қарап, елдің ұлттық командасына қандай баға бере аласыз?
- Қазір Бауыржан Исламхан сияқты жас талантты ойыншылар шығып жатыр. Біз әлі Еуропа деңгейіне жеткен жоқпыз, әрине. Испания, Италия, Германия деңгейіне көтерілу үшін әлі біраз уақыт керек. Кейінгі ойынды көрдіңіз ғой, Арменияның өзінен ұтылып қалдық. Қазір жасөспірімдер футболын көтеріп жатырмыз. Менің пікірімше, Қазақстанның жастар құрамасына шетелдік емес, жергілікті бапкер қажет. Өйткені олар да халықаралық ойындарға қатысып, жетіліп, тәжірбие жинауы керек, ал оны бапкерлер қазір қайдан алады?
Ұлттық командаға шетелдік маман қажет шығар, оған деңгейіміз жетпеуі мүмкін. Өткенде жастар құрамалары арасында Қазақстан президентінің чемпионаты өтті. Оған келген өзге командалардың барлығында өздерінің бапкерлері, бізде ғана шетелдік маман. Бәрібір зор нәтижеге жетіп жатқан жоқпыз, топтан да шыға алмаймыз. Сондықтан да шетелдік маман келгенімен ешқандай көмек жоқ, өзімізде де тәжірбиелі бапкерлер бар, соларды шақырып, сенім арту қажет. Қазір біздің бапкерлерге дұрыс жағдай жасалмаған, оларға сұраныс та жоқ. Бізге бей-жай қарайды. Егер қазақ бапкеріне сенім артылса, ол өз ұлты болғандықтан намысқа тырысып, беріліп жұмыс істейтін еді.
- Сұхбатыңызға рақмет.
азаттық сайты