Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы матчтарын тікелей эфирде көрсете ме?

17.08.2020, 21:24
«Ордабасы» мен «Қайраттың» ойыны бір уақытқа жоспарланған екен.
Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы матчтарын тікелей эфирде көрсете ме?

Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков берген сұхбатында "Астананың" қатысуымен болатын Чемпиондар Лигасының матчын трансляциялау туралы айтып берді, сондай-ақ Еуропа Лигасындағы «Қайрат» пен «Ордабасы» ойындарын көрсетуде қандай мәселенің туындағанын түсіндірді.

«Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі бір матчтан тұратындықтан, "Динамо Брест" - "Астана" ойынын тарату құқығы тараптар арасында бөлінген, сондықтан елордалық клубқа көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамыз. Әрине, Беларуссиядағы жағдайды да ұмытпауымыз керек. Тікелей эфирден көрсету қазір оңай емес, бірақ егер бәрі жоспарға сәйкес жүрсе, біз бұл матчты көрсетеміз, ол қазірдің өзінде жоспарға еніп қойды.

Сондай-ақ, біз «Ордабасы» мен «Қайрат» матчтарының трансляцияларын жүргіземіз, бірақ кейбір мәселелер бар. Екі ойын да 27 тамызда 20:00-ге жоспарланған. Қазір біз матчтардың біреуін кейінге қалдырып, екі кездесуді де тікелей көрсету үшін клубтармен келіссөздер жүргізудеміз. Дәл сол «Ордабасы» түнде ойнауы керек, өйткені Шымкенттегі климаттық жағдай туралы бәріміз білеміз. Алматыда да матчты ертерек бастау ыңғайсыз. Матчтар көрерменсіз өтетінін ескерсек, жанкүйерлердің екі ойынды да тікелей эфирде көре алуын қамтамасыз ету қажет.

Qazaqstan TV арнасында ойындардың біреуін қоя алмаймыз, дәл сол уақытта олардың жеке бағдарламалары, жаңалықтары бар. Ойындардың бірін Qazsport сайтында трансляциялауға болады, бірақ сіз біздің қызметкерлеріміздің Алматы мен Шымкентте жұмыс істейтінін түсінуіңіз керек, бұл үлкен шығын, сондықтан екі ойынды да біздің телеарнадан тікелей эфирде көрсеткім келеді.

«Қайрат» пен «Ордабасы» біздің ұсынысымызды қабыл алады деп үміттенеміз. УЕФА ережелеріне сәйкес, әлі де болса ойындардың уақытына өзгертулер енгізуге болады», - деді Бақытбеков.

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі «Динамо Брест» - «Астана» матчы 18-19 тамызға қараған түні Брестте өтуі керек.

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Армениялық «Ноамен» ойнайды. Кездесу 27 тамызда Алматы қаласының Орталық стадионында өтеді.

Сол күні «Ордабасы» Румынияның «Ботошани» клубымен кездеседі. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×