УЕФА-ның жас төрешілерге арналған курсы (СORE) жыл сайын Ньон қаласындағы штаб-пәтерінде екі кезең бойынша өткізіледі.
Биыл бұл курс 28-ші рет ұйымдастырылды. Алғашқы кезең 5-14 мамыр күндері, екінші кезең 22-29 қазан аралығында өтті. Қазақстаннан Премьер-лига мен Бірінші лиганың бас төрешісі Данияр Сахи (Қызылорда), төрешілердің көмекшілері Юрий Тихонюк (Ақтөбе) және Сергей Калачев (Атырау) қатысты.
Қазақстандық төрешілер УЕФА-ның төрешілік саласындағы үздік фитнес-нұсқаушылары және мамандарының жетекшілігімен Швейцария футбол федерациясы және Франция футбол федерациясы аясындағы турнирлерде дайындықтан өтті. Екінші кезеңнің соңында фитнес-нормативтер мен ағылшын тілінен емтихандар тапсырылды.
Төрелік ету және қадағалау департаменті курс аяқталғаннан кейін бас нұсқаушы Дэвид Эллерэйдің қолы қойылған УЕФА-ның ресми хатын алды.
- Сіздің төрешілеріңіз - Данияр Сахи, Юрий Тихонюк және Сергей Калачевтің дайындық деңгейі жоғары екеніне таңғалғанымызды жеткізгім келеді, - делінген УЕФА хатында. - Олар курс бойы үздік нәтиже көрсетіп, салмақты жұмыс атқарды. Данияр, Юрий және Сергей әрі қарай осы бағытта алға жылжиды деп үміттенеміз. Ал, біз өз тарапымыздан олардың жетістіктерін бақылайтын боламыз.