Бүгін кәрі құрлықтың басты додасы – Чемпиондар лигасының бірінші кезеңі басталады. Еліміздің атынан алматылық «Қайрат» үшінші мәрте өздерінің күшін сынап көрмек.
Астана уақытымен 22:00-де Словения астанасы Люблянада басталатын «Олимпия» - «Қайрат» матчын еліміздің басты спорттық арнасы саналатын Qazsport телеарнасы көрсетпейді.
– «Қайрат» бізден матчты көрсету үшін қаржылай талап қойды. Мемлекеттік телеарна болғандықтан, бізде мұндай шығындар бюджетте қарастырылмаған», – деді арна басшысы Нағи Бақытбеков.
Арна ұжымы өз алаңындағы ойынды түсіріп, қонақтағы матчтың трансляциясымен алмасуға дайын болғанын айтты. Алайда клуб бұл ұсынысты қабылдамаған.
– «Біз клубтың бұл шешімін түсінеміз. «Қайрат» – жеке меншік клуб және футбол - бизнес. Олар өз алаңындағы матчтар бойынша басқа телеарнамен келісімге келді. Сол телеарна продакшн жасап, трансляциямен айналысады. Ал сырт алаңдағы ойындарға байланысты келіссөздерді бөлек жүргіземіз», – деді Qazaqstan телеарнасының өкілі.
Айта кетейік, бүгін отандық жанкүйерлер аталмыш ойынды Q League телеарнасы және Кинопоиск қосымшасы арқылы ғана тамашалай алады.