ҚФФ президенті Қазақстан құрамасының бапкерлерімен кездесу өткізді

21.01.2021 17:19 Ұлттық құрама

Жиынға құраманың барлық бапкерлері шақыртылды.

ҚФФ президенті Қазақстан құрамасының бапкерлерімен кездесу өткізді

ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков Қазақстан құрама командаларының жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиын Қазақстан футбол үйінде өтті.

Жиынға Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов, оның көмекшілері Игорь Свечников, Сергей Калюбин және Николай Родионов қатысты.

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов, бүгін таныстырылған жасөспірімдер құрамаларының бапкерлері Александр Кузнецов (U19) және Кирилл Морунов (U17) та басқосуда болды.

Пікір алмасу жиынына Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев, Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің мүшелері Николай Мещеряков пен Әділет Барменқұлов, ҚФФ құрама командалар департаментінің директоры Игорь Авдеев, Қазақстан құрамасының ардагерлері Мұрат Тілешев пен Андрей Финонченко қатысты.

Кездесуде бапкерлер корпусы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды баяндап, команданы жасақтау мен дайындық жұмыстары туралы жоспарларын ортаға салды.

ҚФФ жетекшісі Әділбек Жақсыбеков құрама командаларды жасақтауда ойыншылардың шеберліктерімен шектеліп қалмай, патриотизм мен жоғары жауапкершілік сынды қасиеттерді үнемі ұғындыру қажет екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар ҚФФ басшысы құрама командалардың жоғары деңгейде дайындық жүргізуі үшін Қазақстан футбол федерациясының барлық қадамдарға баратынын жеткізді.

Сөз соңында Әділбек Жақсыбеков және басқа да ресми тұлғалар құрама командалардың бапкерлеріне оқу-жаттығу жиынында жемісті жұмыс және алдағы турнирлерде табыс тіледі.

ҚФФ баспасөз қызметі

0 пікір