Қос команда ұпай жоғалтпады

11.04.2011, 20:45
Қос команда ұпай жоғалтпады
Биылғы ел біріншілігінде қай команданың топ жарарын болжау қиын. Әйтсе де, жүлделі орындарға талас жүргізетіндердің қатары қазірдің өзінде анықтала бастағандай. Жарыстың екінші кезеңін үздік алты ұжымның санатында жалғастыруға ұмтылатын мықтылар 6- турда ұпайдан шашау шығармады. Тек, жыл сайын жүлдеге таласты қыздыратын Қарағандының «Шахтеры» ғана сырт алаңда жеңілді.

Шалқар ЕСТЕН

Биыл да чемпионатты қарқынды бастаған Талдықорғанның «Жетісу» командасы бұл турда «Атырауды» қабылдаған еді. Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың тіклей назарындағы «Жетісу» дәл қазіргі құрамымен кез келген қарсыластың апшысын қуыра алады. Бюджеті қомақты етіп бекітіліп, жағдайы толық жасалғасын жетісулық футболшылар аянып қалмауға бел буысты. Әзірге бұл команданың аяқ алысы жаман емес. «Атыраудың» да оңай берілер қарсылас еместігі мәлім. Оның үстіне мұнайлы өлкенің ұжымы өткен турда Қызылорданың «Қайсарынан» 0:1 есебімен ұтылып қалған болатын. Сондықтан, ел кубогының иегері «Жетісуға» қарсы бәсекеде барынша сауатты қорғануға тиіс көрінгендей еді. Бірақ, облыс әкімінің алаңға бас сұғуы әсер етті ме, талдықорғандықтар кездесуді жоғары қарқынмен бастап, 4-минутта жылдам гол соқты. Сол қанатпен алға ұмтылған Захар Коробов әріптесі Андрей Харабараға оңтайлы пас шығарды. Бес жыл бойы «Тобылдың» намысын жыртқан Ресей елінің тумасы Андрей Харабара өз мүмкіндігін мүлт жібермей, жаңа командасының сапында алғашқы голын тіркеді. Ойынның 33-минутында «Жетісу» командасының өз түлегі, жартылай қорғаушы Серікжан Мұжықов та шеберліктің үлгісін көрсетті. Болашағынан зор үміт күттірер жас ойыншы алдымен екі бірдей қарсыласын алдап өтіп, «Андрей Шабанов қорғаған қақпаны дәл көздеді. «Жетісу» жанкүйерлерінің арасында стадионға алдымен Мұжықовтың өнерін тамашалау үшін келетіндер жеткілікті. Әрине, біз «Жетісудың» өзге ойыншыларын төмен қойып отырған жоқпыз, бірақ, әр кезде де жанкүйер қауымның өз сүйіктілері болатынын жасыра алмаймыз. «Жетісу» екі гол соғып алға шыққасын қонақтар есе қайтаруға тырысып, бәсеке тіптен қыза түсті. Алайда, атыраулықтар жиі тәртіп бұзғаннан өзге ешнәрсеге қол жеткізе алмады. Қызылжардан келген төреші Александр Гаузер матч барысында жеті ойыншыға «сары қағаз» көрсетсе, 86- минутта «Атыраудың» ойыншысы Джонатас Соузаны алаңнан қуды. Ойын 2:0 есебімен қорытындыланып, 6 кездесуде 15 ұпай жинаған «Жетісу» турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. «Жетісумен» қатар келе жатқан «Ақтөбе» командасы бұл турды сырт алаңда өткізді. Төрт дүркін ел чемпиондары Тараздан үш ұпай олжалап қайтты. Бұл кездесуде ақтөбеліктер Марат Хайруллиннің арқасында 2:0 есебімен жеңіске жетті. Алдымен 36- минутта Мұқашев қорғаған қақпадан саңлау тапқан Марат 63- минутта есепті еселеп қойды. Биыл Қазақстан азаматтығын алған татар жігітінің бұл жаңа біріншіліктегі 6- шы голы. Осы кездесудегі қос голы Марат Хайруллиннің мергендер көшін бастауына жол ашты. Ал, «Ақтөбе» кезекті үш ұпайын олжалап, «Жетісудан» кейінгі екінші сатыдағы орнын нықтай түсті. Бұл екі команданың ұпай саны тең, алайда, голдар айырмашылығы жөнінен талдықорғандықтардың көрсеткіші тәуір. Біріншілік басталғалы бері үш ұпай ғана еншілеген «Тараздың» жағдайы тіптен нашарлап барады. 1996 жылы Қазақстан чемпионы атанған, өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан клубқа қонаққа бару кез келген командаға қиын соғып жататын. Ал, қазіргі күйі мүлдем басқа. «Тараз» алты турдан кейін турнир кестесінің ең соңында келеді. «Тобыл» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдаған болатын. Өткен екі турда бес ұпай жоғалтып алған қостанайлықтарға жеңіс аса қажет еді. Бірақ, алматылықтар ойынның 10- минутында жергілікті жанкүйерге күтпеген «сый» жасап, пенальтиден есеп ашты. Ярослав Багинский қорғаған қақпаны Константин Головской дәл көздеген болатын. Голға себеп болған Багинскийдің өзі. Ол «Қайраттың» сапындағы өте қабілетті жас ойыншы Арман Халықовты аяқтан шалып тоқтатқан еді. Десек те, қонақтар ақылдаса келе пенальти тебу мүмкіндігін тәжірибелі Головскойға ұсынды. Қостанйлықтар кездесудің 34- минутында есе қайырды. Оған бапкер Равиль Сабитовтың ықпалы болғанын айтқанымыз жөн. «Қайраттың» берік қорғанысқа көшкенін түсінген айлакер маман Сергей Костюктің орнына шабуылшы Сергей Гридинді шығарды. Сөйтіп, екі шабуылшымен ойнай бастаған «Тобылдың» ұмтылысы көп ұзамай өз жемісін беріп, Игорь Юрин нәтижелі соққы жасады. Бірінші кезеңнің соңына таман алаң иелері тағы бір өткір шабуыл ұйымдастырып, Рихард қорғаған қақпаны кезекті рет дәл көздеді. Гол авторы – Олег Шептицький. Осы кездесудегі соңғы голды да алаң қожайындары енгізді. 89- минутта Равиль Сабитовтың ойынға тыңнан қосқан ойыншысы Сергей Кислицын әріптесі Игорь Юринге жақсы пас шығарып, соңғысы ала допты «Қайрат» қақпасында тулатты. Қорытынды есеп – 3:1. Кездесуден соң «Қайраттың» бас бапкері Владимир Никитенко жеңістің қолдан сусып кеткеніне өкініш білдірсе, «Тобылдың» бас жаттықтырушысы Равиль Сабитов Нұрбол Жұмасқалиевтің орнын Игорь Юриннің басқанына қуанатынын жеткізді. Жүлделі орындардан үмітті тағы бір күшті команда Кереку өңірінің «Ертісі». Талғат Байсуфинов жаттықтыратын «Ертіс» бұл жолы Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған еді. Ойынның бірінші жартысында екі команда да гол соға алмады. Ал, екінші кезең басталысымен алаң иелері нәтижелі шабуыл ұйымдастыра білді. Алғашқы голды Павел Шабалин соқты. Арада төрт минуттай өткенде Эдуард Сергиенко есепті еселей түссе, тағы бес минуттан соң Анатолий Дорош айырманы тіптен ұлғайтты. 77- минутта қонақтар сапынан словениялық легионер Борут Семлер мергендігімен көзге түсті. Бірақ, көп ұзамай алаң иелері Глеб Мальцевтің көмегімен төртінші голдарын соғып, ірі жеңіске жетті. Бұл кездесуде тәртіп бұзғандар көп тіркелді. Төреші тоғыз бірдей футболшыны «сары қағазбен» жазалады. Сондай-ақ, бұл күні жергілікті жанкүйер бір жыл бұрын өмірден озған «Ертістің» ойыншысы Роберт де Жезусты еске алуды ұмытқан жоқ. Бәсекеден соң сөз алған «Қайсардың» бас бапкері Альгиманас Любинскас «Ертісті» жеңісімен құттықтап, екі команданың шеберлік деңгейлері екі түрлі екенін алға тартты. Үздіктер қатарынан табылып жүрген Астананың «Локомотиві» де кезекті үш ұпайын иеленді. «Астана-Аренада» Өскеменнің «Востогын» қабылдаған елордалықтар 32- минутта черногориялық легионер Драган Богавацтың көмегімен есеп ашты және 65- минутта Марат Шахметовтың голымен нәтижені ұлғайтты. Шымкентте «Ордабасы» Қарағандының «Шахтерын» қабылдаған болатын. Кездесудің 90- минутына дейін есеп ашылмай тұрды. 33- минутта алаң иелері қатарынан Мақсат Байжанов пенальтиден мүлт кеткен еді. Дегенмен, жергілікті жанкүйердің қуанышына орай, ойынның соңында Мұхтар Мұхтаров қонақтардың айып алаңындағы қарбалас сәтте гол соғудың ретін тауып кетті. Алты кездесуде алты ұпай жинаған «Ордабасы» турнир кестесінде бірден төрт сатыға жоғарылап, 7- орынға жайғасты. Ал, «кеншілер» керісінше, 3- орыннан екі сатыға төмендеді. Турнир кестесі ( 6- турдан кейінгі жағдай)
О Ж Т Ұ Г Ұ
1 «Ақтөбе» 6 5 0 1 11 - 5 15
2 «Жетісу» 6 5 0 1 9 - 1 15
3 «Локомотив» 6 4 1 1 6 - 3 13
4 «Ертіс» 6 4 0 2 13 - 9 12
5 «Шахтер» 6 3 1 2 7 - 4 10
6 «Тобыл» 6 2 1 3 10 - 8 7
7 «Ордабасы» 6 2 0 4 3 - 5 6
8 «Восток» 6 1 3 2 7 - 10 6
9 «Атырау» 6 1 2 3 6 - 9 5
10 «Қайрат» 6 1 2 3 5 - 9 5
11 «Қайсар» 6 1 2 3 3 - 10 5
12 «Тараз» 6 1 0 5 2 - 9 3
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×