Құрбан Бердыев: «Басты назарды еурокубок бәсекесіне аударамыз»

17.09.2021, 14:44
Құбан Бекиұлы бұл ойында қателіктің көп болғанын айтты.
Құрбан Бердыев: «Басты назарды еурокубок бәсекесіне аударамыз»

"Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев "Омонияға" қарсы өткен ойыннан (0:0) кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

— Ойын туралы айтар болсам, қос команданың деңгейі бірдей болды. Бірінші таймда біздің қателіктеріміздің арқасында қарсыластарда гол соғатын сәттер болды. Менің ойымша, ойында бір ғана гол соғылуы мүмкін еді, бірақ біз де, "Омония" да гол соқпады. Бірінші ойындағы бір ұпай біз үшін прогресс болып саналады.

- Матчтың қай сегменті сізге қиындық туғызды?

- Ең қауіпті сәт біздің белсенді түрде допты тартып алуға көшкен кезіміз болды. Біз допты қабылдап, пас беру кезінде қателіктер жібердік. Дәл осы сәтте біздің қақпамыздың маңында қауіпті сәттер пайда болды. Бірақ біз қысымның арқасында мүмкіндіктер жасай алдық, Вагнер қақпашымен жеке-дара шығып, гол соға алмады.

- Покатилов сейв жасағаннан кейін, қолыңызды бір сермедіңіз. Сіз осы жағдайды түсіндіре аласыз ба?

- Біз жігіттерге доп жоғалтуға болмайтын аймақтар туралы ескерттік. Жіберген қателіктер көп жағдайда қауіпті сәттерге ұласты.

- Ойын ойдағыдай болмағандай әсер қалдырды және сіз оны көмекші арқылы өзіңіз реттеуге тырыстыңыз. Егер құпия болмаса, бірінші таймда қандай түзетулер енгіздіңіз?

- Біріншіден, қорғаныста да, шабуылда да дұрыс позицияны ұстану керектігін білдік. Біз "Омония" төрт қорғаушымен ойнайды деп ойладық, бірақ бес қорғаушымен ойнаса да біз оларға қалай қарсы тұру керектігін білдік. "Омония" алаң ортасындағы олқылықтарды шебер пайдаланды. Егер назар аударсаңыз, олардың ойыншыларының техникалық деңгейі өте жоғары. Олардың қауіпті шабуылдарының алдын алу үшін бізге көп күш қажет болды.

- "Омония" сіздер үшін жеңуге болатын қарсылас сияқты көрінді ме?

- "Омония" бізден әлдеқайда әлсіз деп айтпас едім. Егер сіз олардың әр ойыншысын алып қарасаңыз, әрқайсысының дайындық деңгейі өте жақсы. Әрине, бұл өз алаңымыздағы ойын болғандықтан, жеңіске жетуді көздедік. Матч "әткеншек" тәрізді өрбіді, кез-келген уақытта жағдай өзгеруі мүмкін еді. Біздің гол соқпағанымыз өкінішті. Біз стандарттарға мұқият дайындалдық, осы тұрғыда көптеген сәттер болды, бірақ пайдалана алмадық. Құдай қаласа, келесі жолы бәрі жақсы болады.

- Гүлжігіт Алықұлов ойынға өте жақсы еніп, мүмкіндіктер жасай алды. Сіздің ойыңызша, келесі ойында ол негізгі құрамда болуы керек пе?

- Ротация болады, үлкен өзгертулер орын алуы мүмкін. Ойындар өте тығыз кестеде өтеді. Егер сіз сол Камо Оганесянды алсаңыз да, оған өте ауыр жүктеме түсуде. Бұл мәселені ақырындап шешуге тура келеді. Әрине, ротация болады, және басты назар еурокубок бәсекесіне аударылады.

- Сіздің бес қорғаушы схемасын бүгін ойын үлгісі ретінде таңдағаныңыз - ұзақ уақытқа жасалған ойын моделі ме, әлде арнайы қарсылас үшін осылай ойнадыңыздар ма?

- Жоқ, бұл сәтте ұсақ бөлшектерді ескеру қажет. Олар жанкүйерлерге көрінбейді. Мен ұзақ уақыт команданың кеңесшісі болдым, жаттығуды көрдім, әр ойыншының мүмкіндігін білемін. Бұл біз ойнайтын жалғыз ойын схемасы емес. Бізде төрт қорғаушымен ойнауға да мүмкіндік бар. Бірақ, еурокубокте ойнау, онда бір қателік жіберу біз үшін қымбатқа түседі және біз орталық аймақты қараусыз қалдыра алмаймыз. Сонымен, мұнда тәжірибе көмектеседі. Егер сіз төрт қорғаушымен ойнайтын командаларға қарасаңыз, қорғаныс кезінде қапталдағы ойыншылар да артқа қайтады. Бізде өте жақсы құрам бар, сондықтан бұл схема өте жақсы жұмыс істейді. Егер сіз байқаған болсаңыз, көптеген жетекші командалар үш орталық қорғаушымен ойнайды, себебі шабуыл жасау оңай болады. Біз осы бағытта жүріп келеміз. Өкінішке орай, ұлттық құрамадағы жігіттер болмағандықтан, позициялық шабуылда олармен жұмыс жасауға мүмкіндік болмады. Олар командаға кеш қосылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×